ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ҺӘМ ИМАНДЫЛЫҚ Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

0
16

Біз, қазақ халқы табиғатынан имандылыққа, ақындыққа, даналық ойға жақын жұртпыз. Бабаларымыз текті, сөзі келісті, пі­кірі кесімді, парасатты бол­ған. Жау шапса батырларымыз ер­лік көрсетсе, дауға ақындарымыз дайын болған. Ал, арағайын­дық қыз­метті, яғни екі елді та­быс­тырып, мәміле жасасуға дана би­ле­рі­міз белсенділік та­нытып отыр­ған.
XV ғасырда, яғни Алтын ор­да­ның ыдырау тұ­сын­да өмір сүр­ген Асан Қай­ғы ба­ба­мыз­дың отты жырлары мен өсиетті өлеңдері иман­ды­лық­қа негізделген. Оның шын аты – Хасан Сә­бит­ұлы. Тарихи деректерде жа­зыл­ған­дай, бабамыз Қазақ хан­ды­ғы­ның негізін салушылар деп са­на­латын Керей мен Жә­­ні­бек хан­дар­дың ақылшы биі бол­ған. Мұ­ны қазіргі тілмен түсін­дір­сек, жоғары лауазымды тұл­ға­ның кеңесшісі деуге болады. Асан Қайғы жырлары арқылы ха­лық­ты бірлік пен берекеге ұйы­тып, Қазақ хан­ды­ғы­ның ір­ге­та­сын қалауға мол үлес қос­қан. Халқымыздың рухани қа­лып­тасу жолында да бел­сен­ділік танытты. Сол кез­де­гі оқиғаларға талдау жасап қана қоймай, оның салдары қан­дай болмақ, істі неден бастау керек деген сұрақтарға жауап із­де­ген, тұжырым жасаған. Шо­қан Уә­ли­ха­нов Асан атамызды: «Көш­пен­ді қазақ, қоғам ұлы­сы­ның философы», – деп си­пат­таған. Асан Қайғының тол­ғау­лары Отанды сүюге, ізгі амал жасауға, жамандықтан сақ­танып, бақытты өмір сүруге үндейді. Мәселен, мына бір толғауында жырау бабамыз өткінші дүниелік істерге бола ұрысып, таласпауға шақырады.
Өлең-жырдағы негізгі ой мен тұжырым былай түйінделген:
«Өлетұғын тай үшін,
Көшетұғын сай үшін,
Желке терің құрысып,
Әркімменен ұрыспа.
Ашу деген дұспан, артынан
Түсіп кетсең қайтесің
Түбі терең қуысқа!..»
Расында да кейде болмашы нәрсе үшін адам баласы пен­де­лікке ұрынады, дүние­лік іс­тер­ге таласып, абыройсыздық­қа душар болады. Ал Асан Қай­ғы бә­рі­не парасат биігінен қарау­ға үндейді.
Атақты жырауларымыздың бірі – Шалкиіз Тіленшіұлы жас ке­зінен киелі сөздің шебері, ақын­дық қырымен танылған. Ол мұсылманша білім алған. Сондықтан да толғауларында мұсылмандық мұратты басты орынға қойған. Қазақта: «Басқа пәле – тілден», – деген тауып айтылған асыл сөз бар. Адам баласы тіліне сақ болмаса, күнәні де тілінен табады екен. Сөз бен тілге байланысты Шалкиіз жырау былай деп жырлаған:
«Жапалақ ұшпас жасыл тау,
Жақсылардың өзі өлсе де сөзі сау.
Ойлап тұрсам жаманның,
Жалаңдаған өз басына тілі жау».
Бағзы кітаптарда Лұқман хәкім туралы мынадай оқиға баяндалған. Бір кісі одан малдың ең тәтті жерін алып кел деп бұйырыпты. Лұқман қойды сойып, тілін әкеліпті. Енді ең ащы жерін әкеліңіз десе, тағы да сол тілді алып келген екен. Сонда себебін сұрап: «Сіз неге қайта-қайта бір нәрсені әкеле бердіңіз», – десе, ол: «Жақсылық та, жамандық та – тілден, тіл байқап сөйлемесе, тас жарады, тас жармаса – бас жарады», – деп жауап беріпті.
Ел қорғау, Отанды аялау, бей­бітшілікті сақтау – мұ­сыл­манның асыл міндеті. Бұл қа­сиет­тер жырауларымыздың тол­ғау­ларынан тыс қалсын ба?! Көрнекті ақын-жырау Доспамбет (қазақ тілінің ерек­ше­лік­те­рі­не сай Дұсмұхаммед сөзі Доспамбет деп өзгеріске ұшы­раған болар, мәселен Мұ­хам­мед сөзі қазақ даласында Мұ­хам­бет, Махамбет, т. б. деп аталып кеткен) ел қорғау­ды мұ­сыл­ман­дық әрі перзент­тік парыз деп санаған. Ол Қырым, Но­ғай­лы, Қазан хандық­та­ры ара­сын­дағы шайқастарда қол­бас­шы болған. Бір өлеңінде: «Осы жолда шаһид болсам, яғни жанымды берсем өкінбен», – деуі тегін емес, сірә.
Доспамбет жырау:
«…Бүгін, соңды өкінбен,
Өкінбестей болғанмын,
Ер Мамайдың алдында
Шаһид кешсем, өкінбен!..» деп ерлікті насихаттаған. Бұл өлең де қазақ даласындағы ер-жі­гіт­терге жігер сыйлаған.
XVII ғасырдың көрнек­ті жырауы Жиембет ақын ер-жү­рек батырлығымен де, ұш­қыр ақын­ды­ғымен де көзге түс­кен. Кей­бір кітаптарда Жиембет жырау 1620 жылы Есім хан­ның ойраттарға қарсы соғы­сын­да Кіші жүз қолын басқар­ға­ны туралы жазылған. Ол Есім ханның есіне өткенді салып, Құ­дай­дан қорқуға шақырып, тәу­бе­шіл болуға үндеп отырған. Өзі де жырларында бір Аллаға сыйынып, құлшылық пен тір­ші­лікті ұштастыра үйлесімді өмір сүруді уағыздаған. Бұл жағдай ақынның мына бір өлеңінде айқын көрініс тапқан:
«…Бастап келген өзге емес,
Жиембет сынды биің-ді.
Малын салып алдына,
Әр саладан құйылды,
Он екі ата Байұлы
Бір тәңірге сыйынды».
Абылай ханның тұлғалық бейнесін тұңғыш сипаттаған қоғам қайраткері Бұқар жырау ханның ақылшысы, яғни ке­ңес­шісі болған. Бұқар Қал­қа­ман­ұлы халықты имандылыққа шақырған. «Тілек» деп аталатын өлеңінде шариғатты біліп, ұстануға, рухани тұрғыдан өсіп, өнегелі өмір сүруді уағыздаған.
Бұқар бабамыз:
«Бірінші тілек тілеңіз,
Бір Аллаға жазбасқа
…Бесінші тілек тілеңіз
Бес уақытты бес намаз,
Біреуі қаза қалмасқа», – деп жырлайды.
Ақын адамгершілікті насихаттап, кеңпейіл мінезді болуға шақырған. Алланың ақ жолында жүріп, шариғатқа бекем болудың маңыздылығын түсіндірген. Бір өлеңінде:
«Алла деген ар болмас,
Ақтың жолы тар болмас,
Тар пейілді кеңімес,
Кең пейілді кемімес», – дейді.
Расында да адам баласы кеңпейілді болған сайын, оның адамгершілігі артады. Халқымызда: «Кең болсаң, кем болмайсың», – деген сөз бар. Көркем мінез – мұсылманға тән сипат.
Қазақ халқы қашанда бірлікті басты орынға қоя білген. Ел арасында «бірлігі күшті ел озады», «бірлік болмай, тірлік болмас», «жұмыла көтерген жүк жеңіл», «көппен көрген ұлы той» деген қанатты сөздер кең тараған. Асыл діннен бастау алған бұл мақалдар қазақ даласында жиі айтылып келді. Қа­зір де маңызын жойған жоқ. Пай­ғам­ба­рымыз Мұхаммед (Ал­ла­ның оған игілігі мен сәле­мі болсын) мұсылман үмбетін жа­ма­ғатпен бірге болуға ша­қыр­ған. Алла Елшісі: «…Көп­ші­лік­пен бірге болыңдар! Бөлі­ну­ден сақ­та­ның­дар», – деген өсиет қал­дыр­ған. Алла Тағала қа­сиет­ті Құранда «Әли Имран» сү­ре­сін­де: «…Бөлінбеңдер», – деп әмір еткен.
Исламды ұстанған баба­ла­ры­мыз да бірлікті қа­шан­да өлең-жырға қосқан.
17 жасынан шайқасқа қа­ты­сып, қазақ жерін қалмақ­тар­дан қорғаған белді батыр әрі жырау Ақтамберді Сарыұлының өсиет өлең­дері де пайғамбарлар сө­зі­мен үндесіп жатыр.
Мақаланың қорытынды­сын Ақ­там­берді жыраудың өлеңі­мен өр­біт­сек:
«Балаларыма өсиет:
Қылмаңыздар кепиет,
Бірлігіңнен айырылма,
Бірлікте бар қасиет.

Татулық болар береке,
Қылмасын жұрт келеке.
Араз болсаң алты ауыз,
Еліңе кірген әреке».

Алла Тағала елімізді аман, же­рімізді тыныш еткей. Ұлы Ал­лаға ұнамды әрбір ісіміз бе­ре­ке­лі болғай. Әмин!
Асылхан қажы ТҮСІПБЕК,
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы

Жауап қалдыру