Қазақстанның жеңіске ­қосқан үлесі

0
158
Allemagne, Berlin. 2 mai 1945. Le drapeau rouge flotte sur les to”ts du Reichstag

Адамзат тарихында үлкенді-кі­шілі мыңдаған соғыс өткен. Бірақ солардың ішінде ауқымы, құбан­дықтары мен алапаттығы жағынан ең жантүршігерлігі екінші жаһан соғысы болды. Соғыс жылдары бізден бірте–бірте алыстаған сайын оған деген көзқарас та өзгеріп келеді. Жаңа кезеңнің бір қасиеті – баяғыда аян болған жағдаяттар жайлы шындықтың бұрмалануы. Бұл айтылған тұжырым Ұлы Отан соғысының тарихына тікелей қатысты. Осынау зұлматты жылдарда фашистік идеологияны тас-талқан етіп, адамзатты алапат қырғыннан аман алып қалған «ұлы» орыс ұлты деген шовинистік тұжырым кезіп жүр. Ал КСРО құрамында болған Қазақстан секілді елдердің же­ңіске қосқан үлесі ескеріле бермейді.
Сонымен тарихта бес жылға созылған Ұлы Отан соғысына Қазақстанда жасақталған 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар жөнелтілген. Еліміздің аумағында жа­сақталған бұл әскери құ­рылымдар соғыстың ал­ғашқы күндерінен бастап жаумен ерлікпен шайқасты. Әсіресе, Мәскеу түбіндегі шайқаста қазақстандықтар барынша ерлік көрсетіп, үлкен құрметке ие болды. Тарихи деректерге жүгінсек, Мәскеу бағытындағы негізгі жолдардың бірі – Воло­коламск тас жо­лын қорғауда Алматы­да жасақталған 316-ат­қыш­тар диви­зиясы теңдесі жоқ ерлік танытты. Панфиловшы аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Мәс­кеу түбіндегі шайқаста өз батальонымен жау қор­ша­уын үш рет бұзып шықты. Белгілі орыс жазушысы А.Бектің «Волоко­ламс­кое шоссе» повесі Б.Момыш­ұлының соғыс жыл­дарын­дағы ерлі­гіне арналды. Сөйтсе де, Б.Момыш­ұлының соғыс жыл­дарын­дағы ерлігі өз дәрежесінде мойын­дал­май, тек 1990 жылы елі­м­­іздің Президенті Н.На­зар­баевтың тікелей ара­ла­суы­­мен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. И.Панфилов ди­визиясы құрамында жау­мен шайқасқан М.Ғабдул­лин 1943 жылы Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Ресей астанасы түбіндегі шай­қастарда Т.Тоқтаров, Р.Жанғозин, Р.Елебаев сын­ды қазақстандықтар ас­қан ерлік танытты. Нәти­жесінде КСРО жүрегі Мәс­кеу жау қолына түсуден аман қалды десек қате айт­паймыз.
Ал Сталинград бағытын­дағы шайқастарға 292-ші атқыштар дивизиясы ретін­де қайта құрылған 74-ші Аралдық атқыштар брига­дасы, 387-ші атқыш­тар дивизиясы, 27-ші ат­қыштар кейінгі 72-гвар­диялық диви­зия, 75-ші атқыштар кейінгі 3-ші гвар­диялық атқыштар брига­дасы қатысты. 1942 жылдың 19 желтоқ­санында Боковская-Пономаревка ауданында болған әуе шайқасында қарағандылық ұшқыш Нұр­кен Әбдіров өзінің оқ тиіп өртенген ұшағын жау танктері шоғырланған жерге бағыттап, экипа­жымен бірге ерлікпен қаза тапты. Н.Әбдіров, мино­мет­ші К.Сыпатаев пен Р.Рама­занов Сталинградты қорғау­дағы ерліктері үшін Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. 1943 жылдың 5 шілдесінде басталған Курск шайқасы шілденің аяғында кеңестер әскерінің жеңісімен аяқ­талды. Курск иіні мен Днепр шай­қастарына көпте­ген қа­зақстандық әске­ри құры­лым­дар қа­тысты. Тек Курск иініндегі шайқастағы ерлігі үшін 123 қазақстандық Ке­ңес Одағының батыры ата­ғына ие болды.
Қазақстандықтар жау ты­лындағы партизан қозға­лысына да белсене қатысты. Тек Украина аума­ғындағы партизан бірлестіктерінде 1500 қазақстандық жаумен шай­қасты. Олар үлкен ерлік көрсетті, олардың қа­тарын­да Қасым Қайсенов те бар. Жалпы, бұл соғыс сол бір кезеңде әр қазақ­стандықтың отба­сына қа­сірет әкелінгені сөзсіз. Мә­селен, соғыстың алдын­да Қазақстанда 6,2 млн. адам болса, кейбір дерек­терге қарағанда соның ішінде қолына қару алып, майданға аттанған адамдар саны 1 млн. 200 мыңға жетіп қалады. Ал соның үштен бірі сұрапыл соғыстан от­ба­­сына орала алмады. 528 адам ерен ерлігі үшін Кеңес Одағының ба­тыры атанса, бірнеше мыңдаған қазақстандық түрлі орден, медальдармен марапатталды.
Қазақтар немістер басып алған КСРО аумағындағы ғана емес, Болгария, Югос­ла­вия, Италия, Фран­ция сияқты Еуропа ел­дерін­дегі партизандық қозғалыс­тардың да бел орта­сын­да жүрді. Олардың арасына Совет Одағының Батыры Зиямат Құсанов, парти­зан­дар Бошай Қана­пия­нов, Юсупов және тағы бас­қалар бар. Алайда олар­ды отан­дарында батыр­дың даңқы емес НКВД-ның ГУЛАГ-ы күтіп тұрды.
Кейбір деректерге қа­ра­­ғанда, партизандық со­ғысқа қатысқан қазақ­тар­дың саны 3,5 мың адамға жеткен. Олардың кейбірі партизан отрядтары мен құрамаларына жетек­шілік етті. Мысал ретінде, Қа­сым Қайсенов, Әди Шә­ріпов, Тоқтағали Жан­кел­дин, Ғалым Омаров, Нұрым Сыдықов, Сәтім­бек Төлешев, Ғалым Ах­ме­дияровтарды айтуға бола­ды. Олармен бірге Нұр­ға­ным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ағаді­лова тәрізді қазақтың пар­тизан әйелдері де жау тылында шайқасты.
Соғыстың шешуші же­ңіс нүктесін қойған Берлин операциясына қазақ­стан­дық 118-ші, 313-ші атқыш­тар дивизиялары және 209-ші атқыштар полкі қа­тыс­ты. Берлин ратушасын алуда 118-ші атқыштар ди­­ви­зия­сының взвод лей­те­­нан­ты К.Маденов, ал кө­ше шай­қастарында И.Б.Ма­­­дин, Рейхстагка ту тігуде Р.Қошқарбаев ерлік таныт­ты. Берлин опера­ция­сында 27 қазақстандық ер­лік­тері­мен көзге түсіп, Кеңес Ода­ғы­ның Батыры атағын ие­лен­ді.
Тоқсан ауыз сөздің то­бық­тай түйіні Ұлы Отан со­­ғы­сында бізді жеңіске жет­кізген тұтас КСРО хал­қының бірлігі мен ынты­­мағы еді. Бүгінде КСРО мұра­гері саналатын Ресей ұлт­шыл­дарының тарихи жеңісті тек орыс ұлтына телуі қауіп­ті құбылыс. Бостандық үшін күресте қаншама ерлері­міз­дің қанжығада басы кетті, арыстарымыз шейіт болды. Соны келер ұрпақ ұмытпаса екен дейміз.

Марлан ЖИЕМБАЙ

Жауап қалдыру