Атаман Дутовтың көзін жойған кім?

0
521
??????

Шәкен Аймановтың 1970 жылы түсірілген «Атаманның ақыры» фильміне арқау болған атаман Александр Дутовтың өлімі туралы деректер әлі күнге талас тудырып, атаманды қазаға ұшыратқан «Сүйдін операциясының» жай-жапсары әртүрлі баяндалып жүр. Осы орайда жазушы Құрманбай Еспенбетовтың оқиғаға қатысы бар адамның айтқан әңгімесінің желісімен жазған материалы оқырман назарына ұсынылып отыр.
Өткен ғасырдың 80-жылдары өмірден көргені көп, көңіліне тоқығандары да жетерлік, бозбала кезінде қызылдардың қыспағынан аштыққа ұшырағандықтан аман қалуды мақсат тұтып, Қытай жеріне ауған, кейін Қазақстанға қайта оралған Ермұрат баласы Ақтайдан естіген әңгімені жалпы жұртқа жария етуді жөн көрдім.
Ол кісінің үйінде отырғанымызда теледидардан «Атаманның ақыры» фильмі жүріп жатты. Кезінде бұл фильмді миллиондаған адамның қызыға көргені, кеңес азамат­тары­ның рухы көтеріліп, патриот­тық сезімдері жанғаны сөзсіз. Алайда Ақатай ақсақал қолын бір сілтеп:
– Шылғи өтірік, – деп теледидарға қарамай қойды. Үлкендердің басынан өткен оқиғаларды, қызықты жайттарды жинайтын мен үшін Ермұратұлының әрекеті тосын көрініп, қоярда-қоймай атаманның қалай өлтірілгенін білсе айтып беруін өтіндім. Ақатай ақсақал қарсылық білдірмей оқиғаның қалай басталып, немен аяқталғанын егжей-тегжейлі баяндады.
Атаман Александр Дутов әскері қызылдардан ойсыра жеңілгеннен кейін бассауғалап Қытай жеріне өтіп, Сүйдін қаласына бекінеді. Кеңес одағын құлату арманынан арыла алмай шекараға жақын аймақтарда көтерілістер ұйымдастыру шараларын қарас­тырып, соған дайындалады. Оның пиғылы мен жасамақ іс-әрекеттері Мәскеуге ұнамайтыны түсінікті.
Сондықтан 1920 жылы жергілікті жердеге ЧК-ның бастығына Дутовтың көзін жою жөніндегі тапсырма түседі. Және кезекті адамдарды жалдау үшін тиісті қаржы бөлінеді. Ол өз кезегіндегі Сүйдінге агенттерін жіберіп, атаманның үйінің сыртында бір күзетшінің, ішінде екіншісінің тұратынын, қамалдың қақпасында қарауылдың барын анықтайды. Тиісті қорытынды жасап, жоспар құрады. Атаманмен белгілі бір қарым-қатынас орнатпай маңына жолау мүмкін еместігін түсініп, онымен тең дәрежеде сөйлесетін білімді адамның керектігіне тоқтайды. Бірақ орыс ұлтының өкілін жіберсе, Дутовтың барлау қызметі шикілікті тез сезіп қоятынын ескертіп, талапқа сай кісіні жергіліктілердің ішінен іздеуге кіріседі. Және ол белгілі бір лауазым иесі болғанын жөн көреді.
ЧК-ның бастығы бұрыннан өзіне көмектесіп, жанында жүрген Омбы қаласында оқыған кезінен білетін Смағұлды Жаркент қаласының милиция бастығы қызметіне тағайындауға ұйғарады. Неге екені белгісіз Смағұл бұл ұсыныстан бас тартады. Мүмкін ел көзіне түскісі келмеген шығар.
Смағұл өз заманында Жетісуға аты әйгілі Жалайырдың Қарақалпақ руынан болып келетін Диханбай қажының алты ұлының бірі еді. Омбы қаласында оқыған, орыс тілін жетік меңгерген. «Алашордаға» қызмет еткен. Бір жолы Жетісуға үйіне қайтарда Петропавл қала­сында Мағжан Жұмабаев жолы­ғып, Алматы маңында тұра­тын татар отбасына сәлемдеме беріп жібереді. Ақынның аманатын тап­сыруға барғанда Қасымхан Чаны­шев­пен кездесіп, танысады. Екеуі де білімді, оқыған азамат болған­дық­тан тез тіл табысады да, араларында жақын қарым-қатынас ор­найды.
Смағұлдың айтуымен Қасымхан Жаркент милициясының басты­ғына бекітіледі. Кинодағыдай Шадияров емес, Чанышев.
Жұрт танып, біле бастағанда, ЧК-ның бастығы Қасымханға қысқа мерзімді демалыс беріп, Қы­тайдың Құлжа қаласында жүрген бұрындары Жаркент қаласында басшылық қызмет атқарған орыс азаматымен танысуды және кеңес үкіметіне қарсы екенін айтып, сеніміне кіруді тапсырып, шекарадан өткізеді. Жоспар іске асса, Дутов­пен кездесудің жолдарын қарас­тыруды тапсырады.
Жас кезінде ірі саудагер әкесімен талай мәрте Құлжада болған Чанышевке тапсырманың бастамасы қиындықсыз орындалды. Ескі таныстарының бірінің үйіне орналасқан соң, іздеп барған адамын тауып ЧК-ның бастығы үйреткен «әңгімесін» айтқанда, оның көздері оттай жанады. Кеңес үкіметіне өшпенділігі бар кісінің көңіл күйі басқаша болуы мүмкін емес еді. Ол көп күттірмей атаманның барлау қызметінің басшысы Поппен жолықтырады. Бірақ Поп Чанышевке сенімсіздік білдіріп, оны тексере түсу мақсатымен атаманмен кездесуін кейінге сырғыта береді.
Бастаған ісінің бұндай бағыт алуы ЧК-ның бастығына ұнамай, абыржытады. Смағұлды өзіне шақырып, Қытайға кеткендердің ішіндегі беделді адамдарды сұ­райды. Ол Алашордада қызмет істеп жүргенде танысқан Суан руының болысы болған Мұқа деген кісіге хат жазып, Қасымханға көмек көрсетуін өтінеді. Мұқа милиция бастығын қиындықсыз бірнеше тілді білетін Дутовтың жеке тілмашы әрі сенімді адамдарының бірі полковник шеніндегі қазақ азаматымен жолықтырады. Кинода оны Чанышевтың туысқаны ретінде көрсетеді, бірақ шындығында олай емес. Себебі милиция бастығы Чанышев татар ұлтынан. Тілмаш бір сөзге келмей Қасымханды Дутовпен кездестіреді. Толып жатқан қиын қыстау кезеңдерден өткен адам болса да атаман Чанышевты қандай қылығына бола ұнатқанын кім білсін, әйтеуір жылы қабыл­дайды. Жетісуда көтеріліс ұйым­дас­тырғысы келетіндігін, жос­пар құрып жүргенін айтқанда иман­дай сенеді. Тек өзінің сенімді бір адамын Жаркент милициясына хатшылық қызметке орналастыруын талап етеді. Сол арқылы құпияларды біліп отырғысы келетінін жасырмайды. Дутовтың тап­сырмасы қиындықсыз орындалатыны түсінікті, бірақ оның қолынан атаманға қажетті құжат­тардың өтпейтіні де алдын ала белгілі.
Бірнеше рет Дутовпен жолық­қаннан кейін және екеуінің арасына хат таситын сенімді адамы Мах­мұдтың айтқандарын саралап, Чанышев атаманның отырған бөл­месін айтпағанда, бекіністің қақ­пасынан қарумен кірудің өзі мүмкін еместігіне көзі жетеді. Кинодағы Чанышевтың қарумен кіріп, атаманды атуы ешбір шындыққа сай келмейді.
Қасымхан ойланып-толғанып, тапсырманы орындау үшін тапаншаны бөлмеге кіргізуге атаманның ас-суын, тамағын даярлайтындарды пайдалануды дұрыс санап, ойын ЧК-ның бастығымен бөліседі. Ол ұсынысты қолдап, жоғарыдан түскен қаржыдан алтын тиындар және сол кездің ең құнды тауары апиын алдырады.
Сүйдінге келген Чанышев, Нұқай деген ұйғыр жігітімен бір кездері Мұқа болыстың қойын баққан Тоқтамның және өзінің хатын тасушы Махмұдтың алдына Жаркенттен әкелген байлығын қойып, Дутовтың көзі жойылғанда бұдан үш есе көп сыйлық алатындарына уәдесін береді. Осы жерде Тоқтам мен Нұқаймен милиция бастығының қалай танысып, табысқандарын, іс-әрекеттеріне қатысуға көндіргенін езіп, айтпай-ақ қояйық.
1921 жылдың қаңтар айының соңғы күндерінің бірінде Қасым­хан алдын ала даярлаған аттардың жанында қалды. Хат тасушы Махмұд Дутовқа кіріп, милиция бастығының сәлемін жеткізіп, сөзге тартып, бөгелуі тиіс болады. Сол кезде арасында тапанша бар тамақ салынған ыдысты көтеріп Нұқай соңынан Тоқтам кіретін болып келіседі. Махмұд тез қозғалып, тапаншаны Нұқайдың табағынан алып, атаманды атуы қажет. Алайда уағдаласқандарындай болмай, қарауылдың тексеруінен өту созылып, Махмұд кешігіп қалады. Бөлмеге табақ ұстап кірген Тоқтам мен Нұқай оның жоғын көргенде сасып-салдырап бір біріне ымдай бастайды. Тісқаққан атаман қауіптің барын сезіп, үстелдің тартпасындағы тапаншасына қол созғанда амалсыз Нұқай оған оқ жұмсайды. Есікте тұрған күзетші ұмтылғанда оны да жер жастандырады. Осы кезде ғана келген Махмұд Нұқайдан тапаншаны алып атаманның өлгеніне сенімді болу үшін тағы бір рет атады. Сырттағы күзетші алдындағы екі дыбысқа көңіл бөлмей, үшінші рет естігенде бөлмеге жүгіріп кіргенде Махмұд оның да көзін жояды. Үшеуі тысқа шығып, Чанышевпен бірге қаладан шығып кеткенде ғана, қызмет бабымен атаманға келген тілмаш полковник Дутовтың күзетшілерімен бірге өліп жатқанын көреді.
Жаңалық бірден барлау қызме­тінің бастығы Попқа жететіні анық. Бірақ атаманды кімнің өлтіргенін анықтауға оның құлқы болмайды. Керісінше оқиғаны құпияда ұстап, білетіндердің ауыздарын жауып жүруін талап етеді. Поптың өз есебі бары кейін белгілі болды. Әскер қазынасындағы алтын, күмісті, апиынды Гонконгке аттандырып, жіберуге үлгермек екен.
Өздерінен күдіктенсе Поптың шекараға қарай қуғыншы жіберетінін ескеріп, Чанышев үш серіктесімен Жаркентке қайтпай, басқа жолмен Құлжа қаласына барып үш тәулік жасырынады. Ал ЧК-ның бастығы тапсырманың нақты орындалғанын білу үшін ертеңіне агентін Сүйдінге жібереді. Ол екі күн жүріп атаманның өлгені жайында хабар естімегенін жеткізеді. Одан кейін келген Чанышевтың тобына ЧК-ның бастығы күдіктеніп, сене қоймай, екі күнге демалуға жібереді, сырттарынан бақылау ұйымдастырады. Істің анық-қанығын біліп келуге, кезінде Дутовтың талабымен милицияға хатшылық қызметке орналастырылған адам Сүйдінге аттандырылады. Оны көптеп көрмеген Поп құшақ жайып қарсы алып атаманның аман-сау екенін айтып, Жаркентке шығарып салады. ЧК-ның бастығы бұл хабарды алысымен Чанышевты қамауға алып, (тапсырма орындаған үше­уін) егер атаманды өлтірмесе өмір­лері­мен қоштасатындарын ес­кер­тіп, шекарадан өткізіп, Қы­тай­ға қайтарады.
Дутовтың өлгенін өз көздерімен көргендіктен, олар ЧК-ның бас­тығының шешіміне түсіне алмай, оның уәде еткен байлық, сыйақыны бермеу үшін жасаған айла шарғысы болар деп топшылайды. Сүйдінде жүру қауіпті екенін біліп, Махмұд серіктерін ертіп, Құлжа қаласына келіп паналайды.
Ақпан айы басталғанда Мәс­кеуден тапсырманың орындалмай жатқан себептерін сұрап мазасын алғандықтан ЧК-ның бастығы көмекшісі Смағұлды Сүйін­дінге жібереді. Ол Мұқа болыс ар­қылы тілмаш полковникпен кездесіп, Жаркенттен әкелген алтын ақ­ша­ларды, апиынды алдына қой­ғанда атаманның өлгенін растап қана қоймай қолына генералдың пого­ны мен құжаттарын ұстатады. Поп­­тың қазаны неге құпияда ұстап отырғанын да айтады. Дутов өлгеннен кейін оған қызмет етіп жүрген Нұқай мен Тоқтамның үшты-күйлі жоғалып кеткенінен олардың осы оқиғаға қатысты ма деген күдігінің барын да жасырмайды.
Жаңалық ЧК-ның бастығының көңілін жайландырғанымен, бір жеті күтуіне тура келеді. Дутовтың жерленгені жөнінде хабар Құлжа қаласына жеткенде жасырынып жатқан Махмұд оның басын көрден қазып алып, ЧК-ның бастығына апарып, өздеріне уәде еткен алтын мен апиынды беруді талап етуге ұйғарады. Ойын жанындағы серіктеріне айтқанда Тоқтам үзілді-кесілді бас тартады. ЧК-ның бастығы уәде еткен сонша байлықты бермес үшін көзімізді құртады деген күмәнін алға тартады.
Махмұд пен Нұқай тапсырманы орындап, Жаркентке бара жатқанда шекараны бақылап жүрген казак­тарға кезігіп, қашуларына тура келеді. Нұқайға оқ тиіп, сонда қаза табады. Махмұдқа уәде етілген ақша мен апиын тиді ме, тимеді ме белгісіз, Мәскеуден естелікке сыйлық алғаны ғана белгілі.
Ақсақал әңгімесін ұйып тыңдап отырған маған қарап қойып, сөзін ары қарай сабақтай түсті.
Арада бірнеше жылдар өткенде үкіметтің байларға қысымы күшейе түскені тарихтан белгілі. Смағұлдың әкесі Самарқант пен Құлжаның арасына керуен жүргізген, саудамен айналысқан ауқатты адамдардың бірі болды. Сол заманда Меккеге барып, қажы атанғанының өзінен қаншалықты бай болғанын білуге болады. Ол малын аман сақтап қалу мақсатымен Қытай жеріне өтуге даярлана бастайды. Шекара бұрынғы кездегідей ашық-шашық емес, қатаң күзетілетін. Қатарлата заставалар қойылғандықтан, қолға түсіп қалғандай болса, дымсыз қалмас үшін жинаған алтын-күміс және де басқа да қымбат асыл заттарының бір бөлігін таудың бір жеріне көміп кетуге шешеді. Жанына Ақатайдың әкесі Ермұратты және екі сенімді адамдарын ертіп, Матай тауының «Аспан қора» деген жеріне байлығын жасырады. Ойға алған ісін орындап, үйіне қайтып келе жатқанда кездейсоқ тауды шарлап жүрген қызылдардың отрядына жолығып қалады. «Кеше бізден қашып кеткен 4 адам екендеріңді мойындаңдар» деп командирі Диқанбай қажыға сес көрсетеді. Диқанбай қажы ештеңе түсіне алмай, аң-таң болып тұрғанда қызыл командир қолындағы шошаңдатқан мылтығынаң шүрппесін басып жібереді. Қажы сол жерде тіл тартпай кетеді. Командир жазықсыз жанды жайратқанын жуып-шаю үшін басшылыққа «оны Қытайға қашып бара жатқанда жерінен атып түсірдім» деп бөсе салады.
Осы кезде заң-законның бол­мағанын, шолақ белсенділердің  алшаң басып, ойларына келгенін істегенін, қарапайым халықты зар илетіп, әр істі піспеген шала кәлләларымен шешкенін көп жайттың ақ-қарасы анықталмай қалғанын айта кеткен орынды.
Ал жаңағы әскердің кімді іздеп жүргені бірер күннен соң белгілі болады. Бес адамнан тұра­тын Құндақбайдың тобы Қытай­дан келіп, Матаймен қатар жатқан Алтынемел тауында жүргенін «ұзын­құлақтан» естіп, қызыл­дардың отряды оларды қоршауға алғанда атыс басталады. Қызыл әскерден екеуі өліп, біреуі жараланады. Ал Құндақбайдың бір серігі оққа ұшып, қалған төртеуі құтылып кетеді. Құндақбай – Кеңес үкіметі орнаған алғашқы күнінен оны суқаны сүймей қарсыласқан, аштықтан босып, шекара аспақ болған қазақтардың Қытай жеріне өтуіне көмек қолын созған ержүрек батыл, халықтың қамын ойлаған, кеңпейіл, ұлттың мақтанышы боларлықтай, біртуар азамат еді. Құндақбайдың ерліктері, мергендігі, айлакер, ақылдылығы, іс-әрекеттері Күреңбелде (қазіргі Алматы облысының Кербұлақ ауданы) ел арасында бүгінгі күнге дейін аңыз-әңгіме болып айтылады. Бірақ Кеңес үкіметі оны ұры, бандының басшысы ретінде елдің санасына сіңіруге тырысты. Иә. Қытайға өткен қандасты аштан қалмас үшін, басын қауіп-қатерге тігіп, онсыз да кәмпескеленетін байлардың малын ұрлап, қырдан асырғаны шындық. Қытайдан келген сайын аңдып, қызылдардың отряды әрекет жасағанымен, он жылдан аса уақыт ішінде оны құрықтарына түсіре алмады. Қазақтың ерекше жаратылған бұл азаматы жөнінде ұзақ айтуға болады, негізгі тақырыбымыздан ауыт­қымау үшін осымен тоқтатайық. Тек бұл жөнінде жазып, жария ететін адамның болмауынан Кеңес үкіметімен күрескен тұлғалардың қатарынан орын алмауы өкінішті.
Қызыл командирдің Диқанбай қажыны Құндақбайдың тобы екен деп топшылап, кінәсіз атып өлтіргенін көзімен көрген Ермұрат, болған жайтты Смағұлға естіртеді. «Аспан қораға» қандай мақсатпен барғанын да жасырмайды. Баласы әкесінің қалай ажал құшқанын білгенде, қалай да кек алуды ойлай бастайды. Қызыл командир Смағұлдан қауіптің барын сезіп, одан құтылудың жолдарын қарастырады. ЧК-ның бастығына оның кезінде Алашордаға қызмет істегенін алға тартып, қамауға алу керек екенін айтып, арыз түсіреді. Алайда мойынға кигізілген қыл бұғауды кесетін пышақтың болатыны да белгілі. ЧК-ның бастығы Смағұлды сонау Омбы қаласында оқып жүрген кезінен білгендіктен, толып жатқан тапсырмаларды орындағанын келтіріп, оны қамаудан аман қалдырып, оған тездетіп Қытай жеріне өтіп кетуге кеңес береді. Шекарадан өткізіп жіберуге Болғанбай милиционерді жанына қосып жібереді. (Бұл милиционердің ұрпақтары бар, Алматы облысының Кербұлақ ауданында тұрады). Бірақ Смағұл қызыл командирден өшін алу үшін Болғанбайдан екі тәуліктен кейін ғана шекарадан өткізуін өтінеді. Әрине себебін оған айтпайды.
Қызыл командир Диқанбай қа­жы­ның ба­ласын ЧК-ның бас­тығы өзі күт­кендей қамауға алмай, милицио­нермен бірге жібере салға­нын көріп, ауылында жасы­ры­­нып, оны атып тастамақ ниет­пен торуылдап жүреді. Бірақ онысын қой бағып жүрген бала байқап қалып, Смағұлға хабарлайды. Смағұл қызыл командирді күтіп, қаруын сайлайды. Алайда екеуі ыңғайсыз жағдайда бетпе-бет келіп қалып, қаруларына жармасып үлгере алмай жұдырық пен білек күшімен айқасуларына тура келеді. Смағұл астына түсіп қалып, жан-жағың сипағанда қолына үшкір тас ілінеді. Самайдан тиген соққыдан қызыл командир есінен танып қалады. Осы сәтті пайдаланып, Диқанбай қажының ұлы кек қайтарып, басын мылжалап, қызыл командирді о дүниеге аттандырады. Бұндайда «өлім іздеп келген екен» дегеннен басқа айтар сөз жоқ.
Аман-есен Қытай еліне жеткен Смағұл бір жылдай өткенде Дутовты Нұқай атып өлтір­генде жанында болған Тоқтам­ды кездестіреді. Оның Мұқа бо­лыс­тың қойын бағып жүргені­нен білгендіктен, тілмаш полков­никтің атаманның өліміне оның қаты­сының болуы мүмкін деген күді­гін естігенін айтады. Тоқ­там жасырмай бастан-аяқ баян­дап, қанша ақшаға және апиын­ға жал­данғандарын бірақ қызыл­дардың уәделерін толық орын­дама­ғанын қынжыла баян­дайды. Көп ұзамай аяқ-астынан белгісіз жағдайда Тоқтам қайтыс болады. Смағұл оның атаманды өлтіруге қатысқанын білген Дутовтың жақтастарының ісі ма деген күтікте болады. Нақты дәлелі де табылады.
Арада 30 жылға жақын уақыт өткенде Смағұл Ақатайды жеке алып шығып:
– Жасым біраз жерге жетіп қалды, осы күнге дейін ешкімге айтпаған сырымды тыңда. Кеңес үкіметі билікте тұрғанда туған жерге аяқ баса алмаймын, себебі кезінде алашордаға жұмыс жасағанмын. Менің балаларым Алжан мен Құлжан елге барғанымен Матай тауын сендей жақсы білмейді.
Сен де маған алыс адам емессің, ағайынымның баласысың. Айт­пағым Диқанбай қажы әкем Матай тауының «Аспан қора» де­ген жерінде жез шәугімдерге са­лып, алтын, асыл бұйымдар ты­ғыпты. Жанында сенің әкең Елмұ­рат болған екен, жасырылған байлықты қалай іздеуді сол кісіден естідім. Әкеме көмектескендерден ешкім қалмады, – деп жасырын жатқан байлықты қалай іздеуді айтады. Соңында бір әңгіме келесісіне жалғасып, Смағұл Дутов атаманның өлімі жайында Ақатайға түгел айтып береді.
Ақатай өткен ғасырдың 60-жылдары елге оралып, байлық көмілген жерді қазғанда бір мылтық және бос қалған жез шәугімді ғана табады. Шамасы Диқанбай қажымен болған адамдардың бірі құпияны жария жасап қойған болу керек.
«Атаманның ақыры» киносынан басталған әңгіме осылай аяқталған еді.

Құрманбай ЕСПЕНБЕТОВ, 

жазушы

Жауап қалдыру