«Қарқара» атауы қайдан шықты?

0
110

Кезекті қанды қырғыннан кейін қолға түскен қал­мақ қызы Қарқара сұлуға қазақ батырлары та­ласып, бірімен-бірі келісе алмай, алакөз бола бас­тайды.
Дулаттан шыққан Қарасай батыр, албаннан шық­қан Таубұзар батыр өзара дүрдараз болып, сұ­лу қызды әркім өзі иемденіп, өзі құшпақшы бо­лып, үлкен дау-дамай басталады. Сонда қалмақ қы­зы тұрып:
–Өзі сұлу, өзі шешен
Қазақ еді менің шешем.
Қолымды егер босатсаңдар,
Тағдырымды өзім шешем, – дейді.
Қолын шеш­кен соң, қыз ру басына апаруды өтінеді. Сонымен Сырымбет бабаға келеді. Қал­тасынан үш түсті маржанды алып, қыз Сы­рымбет бабаның алдына қояды. Ақ, қызыл, қара маржанға қарап тұрып Сырымбет баба:
– Түсіндім, балам, қызыл маржаның – қанды қырғында қолды болыпсың. Қара маржаның – әке-шешеңнен айрылып, каралы болыпсың. Ақ мар­жаның – мені ақтаңыз дегенің ғой, балам. Айтарыңды айт, – дейді.
–Уа, Сырымбет бабамыз,
Біз де сіздің балаңыз.
Сенбесеңіз, айтайын,
Қазақ еді анамыз.
Қазақ, қалмақ соғысып,
Қанға бөкті даламыз.
Қайтсек тату боламыз?
Қара қалмақ қол жиып,
Қару-жарақ мол жиып,
Қайта келсе қыруға,
Қарсы қарап тұруға
Келер ме еді шамаңыз?
Жау да дертпен бірдей ғой,
Бар ма табар дауаңыз?!
Сонда Сырымбет:
– Әкең – қалмақ, шешең – қазақ, көргені азап бол­са, еліңе барсаң, сенің де көргенің мазақ бо­лады. Әйел заты болсаң да ер-азаматпен тең екен­сің, ақыл-ойға кең екенсің. Ел татулығын ойла­ған қызым, өзіңде қандай шешім бар? –дейді.
– Рас, шешемнің менсіз көргені тозақ. Мен тұт­қынға келіп өзім түскен едім. Анам: «Сенің атаң – қазақ. Тегім бұзылмасын десең, қазақ еліне ба­рып, бір қазақтың етегінен ұста» де­ген. Менің ше­шемді алған қалмақтың атақты батырларының бі­рі Ақанас болатын. Ақанас үш ағайынды ноян­дар тұқымы. Бұлардың арғы тегі Шыңғыстың тұқым­дары, Шағатайдың ұлдары. Олардың екеуін сіздер өл­тірдіңіздер. Ал Ақанас болса үркіп, елімен көшіп, жерлеріңізді өздеріңізге тастап кетті. Ал маған жар болғысы келген жігіттің сауыты болсын, дулығасы басында, шоқпары болсын қолында, қылышы болсын белінде, арманы болсын жерінде. Мен сондай азаматқа тиемін.
– Белінде қылышы дегенің –
Жауға шабар ер болсын дегенің.
Басында сауыт болсын дегенің –
Ақылға кең болсын дегенің.
Қолында шоқпары болсын дегенің –
Жүректі болсын дегенің.
Жері арманда болсын дегенің –
Жерің елді болсын дегенің болар, қызым, –
деп түйген Сырымбет баба ақылды қыздың сө­зі­не дән риза бо­лыпты. Сөйтіп қызды атағы шығып жүр­ген албан батыры, мыңбасы Таубұзарға қо­сады. Бірақ батыр кедей екен.
– Қарағым, тақырға қар, батырға мал тұр­майды. Бөрі азығы мен ер азығы жолда деген. Мал жиып береміз, батыр жарлы болға­ны­мен, арлы болады, – деп тоқтатыпты ру басы. – Қалауымды берсеңіз, жер беріңіз. Өзгені өзі­міз құрастырып алармыз, – дейді қыз.
– Қарағым-ау! Батыр қоныссыз ба еді?
– Сырымбет баба, атыңызды атағаным өзімді сіз­дің қызыңыз санағаным болсын. Қоныстың да қо­нысы бар, сонысы бар, сорлысы бар. Оның да құ­ласы бар, торысы бар. Малға жайсыз қоныс – дау мен ұрыс. Малға жайлы қоныс – бақ пен ырыс.
– Оның дұрыс. Бірақ қазақ ерге қыз бергенмен, жер берген емес.
–Жерсіз ел, елсіз ер болмайды.
Ер – елдің баласы, жер – елдің панасы.
Ер – елге ортақ, жер – ерге ортақ.
Батыр – елдің серкесі, сұлу – елдің еркесі.
Көсеусіз от жанбайды,
Көсемсіз ел оңбайды емес пе?

Қыздың бұл сөзіне тоқтаған Сырымбет:

Анадан ұл тумаса да,
Қыз туған екен.
Ана жолын жоғалтпас,
Ақылы асқан із қалған екен.
Қалаған жеріңді ал,
Той жасап, тай соям,
Елді жиып алдында
Сол жерге атыңды қоям, – дейді. Қыз таудан құ­лап аққан өзен жағасын көрсетеді де, Сы­рым­бет бабасына «осы жерге батырдың есімін қой­сақ қайтеді» дейді. Сонда Таубұзар батыр сөзге ара­ласады: – Ердің аты екі қойылмайды. Бұл сенің ен­шің, сенің атың қойылсын. Елім де, жерім де, суым да, тауым да, жарым да «Қарқара» болсын. Мен ер болсам сол ел, сол жердің қорғаны бо­лайын, – дейді.
Сол кезде Сырымбет баба:
–Ей, Қарқара,
Басыңнан базарың тарқамасын.
Көңілің ешқашан ортаймасын,
Бақ орнасын халқыңа.
Көркіңе арың сай,
Өзіңе жарың сай,
Малыңа жерің сай.
Бердім осы жерге «Қарқара» атын!
Жұптарың нық болсын,
Жақсымен орта толсын.
Алған жарың Қарқара,
Әулетіңе құт болсын! – деп, сұлу қыз бен батыр жі­гітке кезек-кезек ақ тілек тілеп, батасын беріпті. Әл­гі өңір содан бастап «Қарқара» атаныпты.

Жауап қалдыру