Алаш туын көтергендер

0
269

«Алаш» партиясының құ­рылуы және оның ұлттың келешегі үшін маңыздылығы 1917 жылғы Ақпан төңкерісінде патша тағынан тайдырылып, Уа­қытша үкімет оның орнына келген болатын. Бұл қазақ елін­де ұлттық қозғалыстың жеделдеуіне себепкер болды. 1917 жылдың 21-26-шілдесінде Орынборда Жалпықазақтың съезі болды. Онда негізінен автономиялық мемлекет құру, оқу-ағарту, жерді қазақтарға тегін бөліп беру, дін мәселелері қаралды. А.Байтұрсынов пен М.Дулатов тәуелсіз мемлекет құру туралы пікірде болса, Ә.Бөкейханов Ресей федерациясы қарамағындағы авто­номиялық республика құ­руды ұсынды.
Съезд со­ңын­да көпшілік дауыспен осы Ә.Бөкейхановтың ұсы­ны­сымен федерация құ­рамындағы Қазақ автономиясын құру туралы шешімге тоқтады. Алаш партиясының құрылғанын жария етті. Семейдегі бөлімшесінің жетекшісі болып Ғаббасов,  Торғай облысының жетекшісі болып Ә.Бөкейханов сайланды. Сол кезеңде  Ғаббасовтың жетекшілігімен Семей қаласында да Алаш партиясының облыстық жиыны өткен. Бұл жиынға Семей өңірінің оқыған белсенділерімен бірге Абайдың немере інісі Кәкітай Құнанбаев, сондай-ақ, училище студенті, он сегіз жастағы  Қаныш Сәтпаев қатысқан. Осы жолы Орынборда өткен жалпыхалықтық съезде құрылған Алаш партиясының Орталық комитеті сайланбады. Фламасын қа­былдау да күзде болатын съезге қалдырылды.
1917 жылы қарашада «Қа­зақ» газетінде «Алаш партия­­сының» бағдарламасы жария­лан­ды. Содан кейін Орынбор­да жалпы қазақтың  II съезі өткен. Съезге Мұстафа Шо­қай басшылық етіп, Алаш пар­тиясының бағдарламасын таныстырып, жалпы баяндаманы Мір­жақып Дулатов жасаған. Осы съезде Алашорда үкіметі құрылып, оған 25 өкіл мүше болып сайланған. Бұл үкімет мүшелігіне А.Байтұрсынов пен М.Дулатов өз қалауларымен кірмей қалған. Жиналғандар көпшілік дауыспен Ресей федерациясы құрамындағы автономиялы дербес Қазақ мемлекеті болуын құптады. Сондай-ақ, съезге қатысушылар партияның  «Алаш» және үкіметтің «Алашорда» деп аталуын мақұлдады.
Жалпықазақтық съезд аяқ­тал­ғаннан кейін көп ұзамай, Жымпиты қаласында бұрын­нан елге таныс қоғам қайрат­керлері Х.Досмұхамедов пен Ж.Дос­мұханбетов  Батыс жерінің оқы­ғандарын жинап, «Ойыл уәлаяты» деген ұйым ашқанын жария еткен-ді. Бірақ, мұны Алаш партиясы, оның ішінде Ә.Бөкейханов қолдамады және олардан келген ресми құжаттарға қол қоймаған.
Алғашқы «Қазақ автономиясы» құрылғанға дейінгі оқиғалар.
Қазақ жерінде 1916 жылы болған  көтерілістер мен Алаш қозғалысының тарихы әлі толық зерттелмей жүргенін кәсіби тарихшылардың өзі мойындап жүр. Содан ба, осы кезде  кейбір тарихшылар Алаш қозғалысының тарихын түрлі көзқарастарда жазуға бейім. Алаш қайраткерлерінің кейбірін басқа қайраткерлерден бөліп алып, халыққа сіңірген еңбектерін алабөтен мадақтау сияқты жаман ғадеттер де орын алып жүр. Мәселе Алаш қозғалысы тарихының даму кезеңдерін саты сатысымен әлі орын орнына қоймағанымызда. Сондай-ақ, осы күнгі кейбір мақалаларда «Қазақ авто­номиясының құрылуын, қазақ мемлекетінің осы күнгі шека­ралық территориясының сақ­талуына Х.Досмұхамедов пен Ж.Досмұхамедов себеп болды» десе, кейбір мақалаларда  оларды алаш қайраткері Ермек Әлімхановқа теліген. Жалпы, қай тарих болмасын, оның кез келген кезеңін оның алдындағы немесе онан кейін болған даму үрдістерінен бөліп қарастырудың еш жөні жоқ. Өйткені, тарихтың кез келген оқиғалары бір-бірімен айыра алмайтындай жалғасты болады.
1818 жылы қазақ жерінің шығы­сында, орталығында, оң­тү­с­­тігінде Уақытша үкімет ор­­­гандарының, Колчак армия­сы­ның үстемдік етіп отырған кезі. 1917 жылдың аяғында құ­рыл­ған Алашорда үкіметі Колчакпен байланыс жасап, 1919 жылға дейін Кеңес өкіметіне қарсы күресті. Бірақ, Колчак алаштықтар күткендей, Алаш әскерін толық қаруландырмады, оның саяси, әскери күшке айналуына жол бермеді. Ал, Колчак сол кезде Алаш көсемдеріне «қазақ жерінде автономиялық мемлекет құрылуға жол бермейтінін» айқын айтып, түсіндірді. Сол себепті, 1917 жылы Орынборда өткен II жалпыхалықтық съезге қатысушылар Әлихан Бөкейхановтан  кадет партиясы мен Алаш партиясы арасындағы қатынасын анықтауды талап етті. Міне, осындай себептерден кейін Әлихан Бөкейханов кадет пар­тиясынан бас тартты. Көп ұза­май ол «Қазақ» газетінде» «Ка­дет партиясынан неге шық­тым?» атты мақаласы жария­лан­ды.
Бір қызығы, Х.Досмұханбетов пен Ж.Досмұханбетов 1918 жылы қаңтар айында В.Ленин мен И.Сталиннің қабылдауына кіріп, Қазақ автономиясын құ­ру жөнінде ұсыныс жасаған. Бірақ, большевиктердің ол кезде ұлттар ісімен нақты айналысуға уақыттары да болмаған тәрізді. Кеңес өкіметі 1919 жылы ғана Уақытша үкіметтің Сібірдегі ұясын талқандап, Колчактың армиясын күйретіп, қалғандарын Қытайға қарай ысырды. Барлық жерде Кеңес билігі үстем бола бастады. Кеңес үкіметінің бас­шылары 1917 қазан айында жариялаған Декреттеріне орай (Ол Декретте шаруаларға жерді бөліп беру, ұлттарға өздерін бас­қаруға мүмкіндік беру және басқа да демократиялық мұ­рат­тарға негізделген баптар жеке-жеке аталған) Кеңес үкі­­меті маркстік коммунистік бағ­дарламасы мен осы декреттер негізінде федералдық мемлекет құрылымын басқаруды жоспарлы түрде жүзеге асыра бастады. Экономикалық саясаттар мен территориядағы көптеген ұлттарды басқару мақсатында үкімет жанынан Ұлттарды басқару комиссиясын құрып, оны басқаруды И.Сталинге міндеттеді. Ленин, Сталин, Свердлов және басқа да үкімет мүшелері Шығысты  Сібірдің Уақытша үкіметі мен Колчактан азат еткеннен кейін, патша үкіметі кезінде Батыс Сібір, Орынбор, Түркістан губерниялары деп аталған аймақты қалай басқаруды өзара талқылаған. Содан кейін ғана  бұрыннан өздерімен таныс большевик Әліби Жангелдинмен байланысып, Алаш партиясының ішінен ел мен жер тарихын жақсы білетін, тілге келуге болатын бірнеше адамды бірге алып, келіссөз жүргізу үшін Мәскеуге жетуге бұйырады. Сонымен  Әліби Жангелдин қасына Ахмет Байтұрсыновты және тағы он шақты адамды ертіп, 1919 жылы наурызда Мәскеуге жүріп кетеді.
Осы арада Қазан төңкерісінен кейін бұрынғы патшалық импе­рия­ның иелігінде болған, әлем­дегі ең территориясы бар үлкен мұраға ие болған большевиктер мемлекеттік ұйымдастыру жұмыстарын қабілетті жүргіз­генін байқауға болады. Ке­ңес үкіметі бар болғаны бір жыл ішінде Ішкі істер министр­лі­гінің қызметтерін барлық территорияда жолға қойды. Оның ішіне тергеу, барлау қызметтері де кіреді. 1919 жылы Сібірдегі Уақытша үкіметті біржола жеңгеннен кейін Кеңестер үкіметі барлық салаларда мемлекеттік басқару ісін жүзеге асырды. Соған орай Ресей қара­мағындағы ұлттарға авто­номиялық құқықтарын жүзеге асыру барысында В.Ленин мен Ұлт істері жөніндегі Халық комиссары И.Сталин де ұлттық автономия сұраған елдің территориясы, олардың  саяси жетекшілері туралы толық және жанама мәліметтер жи­наған тәрізді. Әсіресе, Кеңес үкіметінің басшыларында Алаш партиясының көсемі Әлихан Бө­кейханов туралы, оның бұрын Кадет партиясының белсенді мүшесі болғаны, Кеңес үкіметіне қарсы белсенділік танытқаны белгілі болғанын бажайлауға болады. Сол себепті В.Ленин мен И.Сталиннің  1919 жылы Қазақ автономиясын құруды қарастыру кезінде Алаш қайраткерлеріне сенімсіздікпен қарайтынын ашық байқатқан. Соған қарамастан, Қазақ автономиясы туралы қазақ делегациясымен келіссөз басталған тұста, Кеңес үкіметінің басшылығы А.Байтұрсынұлының келтірген дәлелдеріне қарсы уәж айта алмай, 1919 жылы 4-сәуірде Алаш қайраткерлеріне кешірім жасау туралы қаулыға қол қойған.
Қазақ автономиясын құру туралы мәселені көбінесе үкі­меттің Ұлт істері жөніндегі ха­лық комиссары И.Сталин жүргізген. Бұл төрт айға со­зылған келіссөздерде А.Бай­тұр­сынов сол тұста қазақ халқы мекен ететін облыстар туралы толық  мәлімет берген, қазақ халқының грамматикалық  ғы­лыми тілі қалыптасқан, әде­биеті, мәдениеті бар ел екенін осы жиындарда бірнеше мәрте дәлелдеген. Ленин, Сталин, Свердлов және т.б. Кеңес үкі­метінің қайраткерлері қа­тысқан мәжілістерде А.Бай­тұр­сынов пен кеңеске қатысушы басқа да өкілдерден Алаш қозғалысы, Алаш партиясы қайраткерлерінің революциялық кезеңдердегі қызметтері туралы да мәліметтер сұраған. 1919 жылы сәуір айында Торғайдағы Совдеп комиссары Амангелді Имановтың ойда-жоқта қаза болуы  Мәскеуде өтіп жатқан автономия құру туралы кеңес кезінде біршама қиындық туғызған. Кеңес басшыларының алаштықтарға күмәнмен қарауы күшейген. Дегенмен, Ахмет Байтұрсыновтың біліктілігі мен білімі, айтқан дәлелдері Ленин мен Сталиннің бір шешімге келуіне әсер етті десек артық емес. Мәскеудегі А.Байтұрсынов бастаған делегация Қазақ автономиясын құру туралы Кеңес үкіметінің басшыларымен төрт айға жуық уақыт келіссөз жүргізгенін еске сала кеткен жөн. Мәскеуге наурыз айында барған қазақ өкілдері дегендеріне тек шілде айында ғана қолдары жетеді.
Алаш тарихын зерттеген, А.Байтұрсынов туралы бірнеше ғылыми мақала жазған академик Кеңес Нұрпейіс «Аса ірі қоғам және мемлекет қайраткері» атты мақаласында «1919 жы­лы 10-шілде күні В.Ленин  «Қыр­­ғыз (қазақ авт) Өлкесін бас­қаратын революциялық комитет жөніндегі уақытша Ережеге» қол қойды. Казревкомның мүше­лігінде алғашында А.Бай­­тұр­сынов, С.Меңдешев, С.Пес­тковский (төраға) енгізіліп, кейін оның құрамына Б.Қа­ратаев, М.Тұнғаншин, Б.Қарал­дин, Т.Седельников, Т.Әлі­беков болды» деп жазады.  Сондай-ақ, академик осы мақаласында «А.Байтұрсынұлы Казревком төрағасынның орынбасары әрі оның ішкі істер бөлімінің мең­герушісі ретінде 1920 жылғы 4-12-қазан күндері Орынбор қаласында өткен кеңесте бүкіл Қазақстанның құрылтай съезін шақыру және оның бас­ты құжаты «Қазақ АССР еңбекшілері праволарының Декларациясын» дайындауға үлкен үлес қосты» деп атап көрсеткен. Бұл Казревкомның бір жыл ішінде  автономиялық республи­каны құру барысындағы ұйым­дастыру жұмыстары арқасында  1920  жылғы «Қазақ АССР-і» ав­то­номиялы үкіметін құру ту­ралы Қаулыға В.Ленин қол қой­ды.
Қазақ тарихын терең зерттеу­шілердің бірі академик Манаш  Қозыбаев  А.Байтұр­сы­н­ов­тың  Алаш қозғалысы мен мәдениетін, ғылымын дамы­тудағы еңбектерін атай келіп «Үшін­шіден, В.Лениннің ұсы­­­ны­сымен Қазақ өлкесін бас­­қа­­ратын қазақ (қырғыз) ре­вол­юциялық комитет төраға­сы­ның орынбасары болған А.Байтұрсынұлы болашақ Қа­зақ автономиясының аясына барлық қазақ жерін жинауда ерекше қажырлылық танытты, Челябі облысына еніп кеткен Қостанай уезін Қазақ өлкесіне қайтару үшін М.Сералинмен бірге В.Ленинге арнайы хат жазып қана қоймай, советтердің Бүкілодақтық  атқару  комитетінде, (РКПб) Орталық Комитетінде қаратып, облысты кері қайтартты» деп Қазақ Ав­­то­номиялық Респуб­ликасы­­­ның құрылуына, қазақ же­рі­нің шекаралық тұтас­ты­ғы­ның сақ­талуына  Алаш қоз­ғалысы көсемдерінің бірі Ахмет Бай­тұрсыновтың сіңір­ген ең­бек­терін тарихи дерек­терге сүйене отырып атап көрсеткен. (Манаш Қозыбаев. «ХХ ғасыр­дың ұлы реформаторы» атты  мақа­ласында).
1905 жылдан басталып, 1917 жылғы ақпан, қазан төң­керістерінен кейін де Ұлт азат­тығы, мемлекеттілігі үшін кү­ресін жалғастырған Алаш қоз­­­ғалысының белсенді қай­рат­керлерінің қатарында Садық Аманжолов, Мұх­тар Әуезов, Бейімбет Майлин, Мағ­жан Жұмабаев, Сұлтан­мах­мұт То­­­рай­­ғыров, Жүсіпбек Ай­ма­уы­тов, Қошке Кемеңгеров және т.б дарынды ақын жазу­шы­лар да болып, олар ұлт мұ­ра­ты үшін қызмет етті.
Жұмат ӘНЕСҰЛЫ,
жазушы, тарихшы

Жауап қалдыру