ҚАЙЫР ХАН

0
26

Ентелеп келген жаудың ентігін бес ай бойы қаланың сыртында, бір ай бойы қамалдың ішінде басқан, моңғолдармен өліспей-беріспейтін шайқастың ең жоғары жанкештілігін көрсеткен Отырардың билеушісі Қайыр ханның ерлігі заманында алысқа тараған. Ағыны күшті су толқынындай толықсып келген моңғолдың ең таңдаулы жасақтарын басқарған Шағатай мен Үгедей нояндарының жер қайысқан қолы отырарлықтардың ерлігіне таңқалды.

Тарихта «Отырар ойраны» деген атпен белгілі болып қалған бұл шайқастың басты батыры Қайыр хан болатын. Сол жылдарда, одан кейін де Отырар ойранының басты қаһарманы да, себепкері де Қайыр хан делініп жүрді. Бұл көзқарас бүгінгі күнге дейін өзгерген жоқ. Шын мәнінде қазақ жерінде өткен осы қантөгісті шайқастың басты қаһармандары қазақ халқының негізін қалаған тайпалардың біре­гейі қаңлы ұландарының ер­лігін сол кезде Батыс, Қытай, Моң­ғол төмендеткісі келсе, одан кейін тарихымызды тұмшалау үшін орыс империясы Отырарда болған ұлы ерлікті айтпау, айтқызбау үшін жалған тарих жасауға ұмтылғаны анық. Бұл жөнінде Әбіш Кекілбаев: «Қайырханның атына батыс та­рихшылары тарапынан айтылып жүрген әңгіме – әлі де болса оның баяғыдағы саяси дұшпандары айтқан қаңқудың сарынан шыға алмаушылық болып табылады», – дейді. Шын мәнінде осы мәселеге біздің кейбір ғалымдарымыз бен жазушыларымыз назар аудара бермейді. «Тарихы жоқ» деген халық­тың Отырардай қалалары, Қа­йыр­хандай хандары, қайыспас, қажырлы, батыр ұландары бар екен­дігін жасыру, олар үшін тиімді болғанын ұмытпау керек.
Қайыр ханның қолбасшылы­ғы­мен болған мұсылман әлемі қа­һар­манының ұлы ерлігін тұм­ша­лау үшін «Отырар қаласы­ның әкімі Шыңғыс ханның бес жүзге жуық саудагерін өлтіруі соғыс отын тұтандырды» дегенді айта­ды. Отырар қаласына шабуыл жа­са­ған, 1219 жылға дейін моңғол нояндары Қытайды және Қиыр Шығыс пен Алтай өлкесін мекен­дейтін аз ұлттарды басып-жаншып жеріне, еліне иелік жасағаннан кейін ол батысқа қарай алаңдап, сол кезде Еуропаның елдеріне шапқыншылық жасауда алдында кесе көлденең тұрған Хорезм мем­лекетін жою арманы еді.
Көптеген ғалымдар мен тарих­шылардың, жазушылардың ай­туын­ша Шыңғыс хан батысқа ша­­буы­лын ол оқиға болса да, бол­­маса да тоқтатпайтыны анық еді. Ол алдымен 450 саудагерді өл­тір­ді-мыс делінетін Қайыр ханды Хорезм шахының ұстап беруін талап етті. Ол қаңлылардың кө­семдерінің бірін Мұхаммед шах­тың көмегімен өлтіруі арқылы, біріншіден, Хорезм мемлекетіне қыр көрсету ­болса, екіншіден мемлекет басшыларының арасына іріткі салу болатын. Жалпы Шыңғыс хан бұл әдісті барлық шайқастарында пайдаланған. Алдына қойған мақ­сатына жету үшін ол талай ай­ла-шарғыларға барғаны анық. «Бей­біт саудагерлерді Қайыр хан өлтір­ді» деген пікірлерді елдің са­насына сіңіруде дәл сол кезде көп жерді торлаған Шыңғыс хан­ның жансыздарының еңбегінің нәтижесі емес» деп кім айта алады. Ал айналасын соғыс өртіне орап жатқан елдің саудагерлерінің арасында «жансыз жоқ еді» дегенге сенуге бола ма?! Бұл туралы атақты тарихшы, Шыңғыс ханды зерттеуші И.П. Петрушевский бы­­лай дейді: «Іс жүзінде бұл со­ғыстың бастамашысы Шыңғыс хан болды. Ол оны барлық кінәні Хо­ре­земшахқа арта сап, өзін мұ­сыл­ман тұрғындары алдында ис­лам­­ның жауы емес етіп көрсете ала­тындай әзірлей білді». Бірақ бір нәрсе анық, оны ешкім де, ешуа­қытта жоққа шығара алмай­ды! Ол – отырарлықтардың, оның би­леушісі Қайыр ханның ерлігі! Оның ерлігі ұрпаққа мәңгі үлгі-өне­ге!
Шыңғыс хан жіберген 450 адам­нан тұратын керуеннің толық өлті­рілуі жөнінде әлі күнге дейін нақты дерек жоқ. Көп тарихшылар Қайыр ханды айыптап, оның ашкөздігін, байлыққа құмартқандығын сөз етеді. Алайда Отырар сол дәуірдің сау­да орталығы болғандығын ес­кер­сек, Қайыр хан небір алтын мен жауһарға толы керуеннің та­лайын көрді емес пе? Онан қал­ды үлкен бір қаланың басшысы ретінде керуенді тонаудың қандай салдары болатындығын да жақсы білді. Саяси сауаттылығы мен қолбас­шы­лық қабілеті қатар дамы­ған ба­тырдың пендешілікке салы­нып мұндай үлкен қате жібе­руі ақылға қонымсыз.
Қалай десек те соғыс пен бас­қыншылықты басты бағдар ет­кен моңғол әскері Отырарға лап берді. Тарихи деректерде 150 мыңнан астам моңғол қолын бастаған Ша­ғатай, Үгедей, Сүбедей, Жебе секілді дарыны бірінен-бірі артқан қолбасшылар Отырарды қоршауға алды. Қамалы биік, қабырғалары қа­лың, қақпалары берік Отырарды Қа­йыр хан 50 мың әскермен қорғамақ еді. Отырар қоршауы күзде басталғандықтан, азық-түлік қамбада жеткілікті болатын. Қыс мезгілі таяу болғандықтан Қайыр хан қаланы үш ай қорғап қалса моңғол қолы кері шегінеді деген ниетте еді. Осылайша қала үшін қиян-кескі шайқас та басталып кет­ті.
Шағатай мен Үгедей қытайдан әкелінген қамал бұзғыш машина­ларын қолданғанмен, Отырардың қа­лың қабырғаларын бұза алмады. Құмырсқадай өрмелейтін моңғол әскерлеріне биік қабырға да бой бермеді. Қалаға қанша күш салса да тістері батпаған моңғолдардың сілесі қатып, шабуыл қарқыны да бәсеңдеп қалған болатын. Себебі, Отырарды алу үш айдан астам уақытқа созылған еді. Көп ұзамай қыс түсетінін білетін моңғолдар енді қаланы қалай аларын білмей бас қатырды. Осы мезетте Шыңғыс хан бастаған негізгі қол Самарқан пен Бұхараны алды деген хабар жетті. Хорезмшах мемлекетінің іргетасы саналатын екі ірі қала құласымен, басқалары да жау қолына тез арада өте бастады. Орта Азия қалаларының құрылысымен ен­ді жақсы таныс бола бастаған моң­ғолдар Отырардың әлсіз жерін де тапты. Бұл қаланы ауызсумен қамтамасыз ететін жерасты жолы еді. Шағатай мен Үгедей күні-түні әскерін айдап салып сол жолды таптырып, тас бекітеді.
Сыртқы байланыстан мүлде үзіл­ген Отырардың азық-түлік қам­­­ба­ры да босай бастады. Бұл қор­шау­­дың шамамен бесінші айы болатын. Бес ай бойы мойны кері бұ­рылма­ған моңғолдарға дес бер­ме­ген қала халқы аштыққа ұшы­ра­ды. Халқын шөл мен аштық қысқан қалаға моң­ғолдар: «енді беріл­сеңдер бас­тарың аман тамақ­тарың тоқ болады», – де­ген уәделер бере бас­тады. Осын­дай уәделі сөзге сеніп, бас амандығын ойлаған 10 мың әскердің қолбасшысы Қара­жа Қажып түн жамылып қала қақ­пасын сатқындықпен ашып берді.
Не керек, Отырардың көп қақ­па­ларын торулап, ішке ене алмаған моңғол отаршылары сатқынның көмегімен бес айдан кейін ішке енді. Сол кезде де Қайыр хан жау­дың көп қолына аз күшпен қар­сы тұрып, бір ай бойы жан ая­май шайқасты. Қайыр ханның жанын­да қаланың шал-кемпірлері мен балалар да табан тіресе шайқас­қаны тарихи деректер де бар.
Отырарға дейін талай қалалар­ды жермен жексен етіп, халқын қой­дай бауыздаған моңғол шап­қын­шыларының қатыгез­дігін ес­­­тіп-білген Қайыр хан сарбаз­да­рын мәңгі өшпес ерлікке бас­тай білді. Ол сонымен бірге Хо­резм шахтан көмек келеді деп те сенді. В.Г.Янның «Чингизхан. Про­­павший караван» кітабында шахтың Отырарға көмек ретінде жіберген 20 мың әскері Шыңғыс ханның жансыздарының іріткі са­лу жұмысының салдарынан жау жағына өтіп кеткенін айта­ды. Көмектің келетініне сенімін үзбе­ген Қайыр хан өзі бас болып, Отырар­дың әрбір мұнарасын алынбас қамалға айналдырды. Бұл жөнінде қазақтың және әлемнің белгілі жазушылары шығармаларында, түсірілген фильмдерде жан-жақты суреттелген. Қаланың көшелері мен үйлері өлікке толды. Отырарға сырттан келетін су құбырлары жабылды. Азық таусылды. Адам­дар аштан қырыла бастады.
Соғыстың соңғы сәтіне дейін Қайыр ханның Мухаммед шахтан көмек келетініне сенетін тағы бір жағдайы бар еді. Мухаммед шахтың шешесі Түркен Хатун Қайыр ханның туған әпкесі болатын. Бірақ Қайыр хан күткен көмек келмеді. Қанша жерден батыр айбатты болғанымен, соғыс күш-қуатпен шешілетіні белгілі. Ал Қайыр ханда ондай күш алты айға созылып, сарқылды. Бәлкім сатқындықтың құрбаны болмағанда Қайыр хан тағдыры басқа жолмен өрбитін бе еді? Моңғолдар батырлық пен адалдықты құрмет тұтқандықтан, Қайыр ханды тірілей ұстап, Шың­ғыс­ ханға жеткізуді көздеді. Сол мақсаттарына жетті. Қайыр ханға ұлы қағанға қызмет етуді де ұсын­ғаны жайлы деректер кезде­седі. Қайсар ұл тек өз өлімінен бұрын сатқындардың жаза алғанын көргісі келетінін сұраған көрінеді. Адам ғұмыры шыбын жанындай қадірсіз Шыңғыс хан үшін бұл түкке де тұрмайтын құрбандық еді. Ол сатқындардың басын алдырып, Қайыр ханды азаптап өлтіруге бұйрық етті. Осылайша мұсылман әлемін өзінің соңғы демі қалғанша қорғаған Қайыр хан тарихта алтын әріптермен халық жадында сақталды.
Ал Шыңғыс ханның билік құмар­лығы мен жауыздығын айтып жет­кізу қиын. 1218-1223 жыл­дар аралығында жергілікті халықты жау­лап алып, қырып жіберу сая­­са­тын ұстанды. Отырарды, Үр­генш­ті, Ходжендті, Самар­қан­ды, Бұ­­қараны, Бенекетті, жаулап ал­ған­нан кейін өзіне қатты қарсы­­лық көрсеткен моңғолдарды жеңуге болатындығын айдай әлемге дәлелдеген, өзінің ата жауы меркіттерді арасына сіңірген қаңлы сарбаздары мен әміршілерін ха­лықтың алдында қойша бауыздауды әдетіне айналдырды.
Мысалы ұлы тарихшы Рашид ад-Диннің жазып қалдырған деректері бойынша Шыңғыс хан Самарқанды жаулап алғаннан кейін 30 мың қаңлы әскерін 20 әмірімен қоса бауыздады. Осы тарихшының еңбегінде Шыңғыс ханның талай қанқұйлы істері айтылған. Жаулап алған жерінде қыз-келіншектерді зорлау моңғолдардың әдетіне айналған. Оған мысал өте көп. Бұл деректі тарихшы З. М. Буниятов та растайды. Ол әйелдерді қызыл қуырдақ етіп турап тастағанын айтады. Шыңғыс ханның жауыз­ды­ғы туралы дерек жеткілікті. Ол өздерімен аталас меркіттерді түгел қырып жібергенін ұмытуға бола ма? Сол сияқты Сібірдің орман­дарында жүрген талай ұлтты жер бетінен жойып жібергені де анық. Айта берсек жүрек шо­шыр­лық мұндай мысалдар бар­шы­лық. Оның соғысы тек тонау­шылықты мақсат еткенін талай ғалым­дар мен тарихшылар ашы­на жазған. Шыңғыс хан «соғыс қана ұлы билікке жеткізеді» деп ой­ла­ған, соны мақсат еткен. Соған қара­­мас­тан оны «ұлы» деп айтып, ақ­тап алып, атын асқақтатқымыз келеді.
Ал елі мен жерін қорғаған мұ­сылман бабамызды басқыншы жаудан кейін қоямыз. Мұсылман әлемінің қаһармандары арасынан ойып тұрып орын алған батыр баба тағдыры, оның ерлігі мен қайтпас қайсарлығы келер ұрпаққа әлі талай айтылары сөзсіз.

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,
жазушы.

Жауап қалдыру