9 мамыр – қазақ үшін де Жеңіс күні

0
106

КСРО мен Германия арасында 1941-1945 жылдарда болған соғысты кеңестік тарихшылар Ұлы Отан соғысы деп атады. Іс жүзінде ол әлемнің 61 мемлекеті қатыстқан Екінші жаһан соғысының бір бөлегі болатын.
КСРО-ның болғаны, оның құра­мына одақтас республика дәре­жесінде Қазақстанның да енгені – тарихи шындық. Яғни одақтас 14 республика үшін КСРО ортақ Отан болды. Гитлершіл фашистер ел шетіне тұтқиылдан басып кіргенде, «совет халқы» делінген көп ұлтты жұрт басқыншыларға қарсы тізе қосып бірге аттанды. Өйтпегенде ше? Гитлер: – Орыстарды ғана қырамын, басқаңа тиіспеймін, – деген жоқ қой? Дегеннің өзінде де, мысалы, ата-бабасы: «Көрші хақысы –тәңір хақысы» деп өткен қазақ, ғұлама жиеніміз Лев Гумилев жазғандай, Көне Русь пен Ұлы Дала заманынан бері көрші, туыс орыс халқын жау оғының өтінде жалғыз қалдырып, жайлауында жата берер ме еді?
Былтыр 9-ншы мамырда Өске­менде болғанымда жасы тоқсанды артқа тастаған майдангер ақсақал Уәжіп Жексенұлы: – Қарағым, Жеңіс күнін «қазақ үшін қаралы күн» деп айтып, жазып жүрген анау үлкен-кіші шіркіндерге айта баршы, әке-шешелерін, иә, өздерін де гитлершіл жауыздардан қорғап қалған біздің там-тұм жүйкемізді жұлмаламасын, 5-6 жыл шыдай тұрсын, біз өліп таусыламыз, содан кейін сүйегімізді көрден алып, итіне тастаса да еріктері! –деп налығанда бетіммен жер басқандай күй кештім.
Ұлы Отан соғысын, ондағы же­ңісті мансұқтап, гитлершілдерді жоқтап, лаң салушылар біраз елде пайда бола бастады. Ресейдегі «та­қыр­бастар» мен скинхедтер ме, Балтық жақтағы «өжеттер» ме, әрқилы аталатын жастар топтары тіпті жең­деріне, туларына фашизмнің «бүйі­сін» (свастикасын) жапсырып алып, Гитлердің туған күнін атап өтіп, нәсілшілдік құртын қоз­дырып, басқа ұлттарды кемсітіп, кісі өлтіріп те жүр. Санкт-Петер­бургтағы ол сұмы­райлардың көше­де келе жатқан бей­таныс, жазық­сыз қазақ қызын қа­заға ұшырат­қандары кеше ғана емес пе?!
Елін, жерін фашизмнен азат еткен кеңес жауынгерлеріне орнатылған ескерткіштерді ластау, қирату сияқты өрескелдік те кездесіп жатыр. Гитлершілдердің қаскөйлігін көрген, түсінген неміс халқы өздерін де, жер жүзін де фашизмнің обасынан арашалап қалған кеңес солдатына Берлинде орнатылған ескерткішке тиіспейді, ал Ресейде, Балтық елдерінде, Украинада, басқа да жерлерде қиратады. Сонда олар, егер фашизм жеңген күнде, өздерінің ұшпаққа шығатынына көздері жеткендер ме?!.
Ұлы Отан соғысында КСРО жеңіл­се, ол оның құрамындағы барлық республикалардың, барлық ұлттар мен ұлыстардың жеңілісі болмас па еді? Фашистер славяндарды ғана қырып, өзгелерге, мысалы, қазаққа тиіспеуге, достасып, құда болып, құйрық-бауыр жесіп жүруге уәде беріп пе еді? Сөйткен күннің өзінде қазақ басқыншыларға қарсы ұмтылған әрі тағдырластары әрі көршілері – орыс, қырғыз, өзбек, т. б. халықтардан жырылып қалар ма еді? Жоқ, қалмас еді! КСРО жеңілсе, Қазақстан да құрдымға кетер еді. Ендеше, кейбір «сәуегөйлер» айтып жүргендей, 1945-жылғы мамырдың 9-ншы күні қазақ үшін қаралы күн емес! Ол – Жеңіс мерекесі күні! Қазақтың қамын жегенситін сыңарезулердің қазаққа бұл күнді ұмыттырғылары келіп жүргендері – елін, жерін, кейінгі ұрпағын қорғап құрбан болған: Төлеген Тоқтаров, Сұлтан Баймағамбетов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Ізғұтты Айтықов, Нұркен Әбдіров, Баубек Бұлқышев және басқа мың­даған боздақтарымыздың, қан­майданнан жеңіспен оралып, күні кеше ортамызда жүрген: «Отан үшін отқа түс, – күймейсің!» деген Бауыржан Момышұлы, Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов, Қасым Қайсенов, Хиуаз Доспанова, Мәлік Ғабдуллин, басқа да жүздеген аға-апаларымыздың аруағынан аттап кету! Бүгінде алдымызда аман-есен жүрген жеңімпаз қарт майдангерлерімізге күл шашу!
«Өткенге оқ атпа, ол өзіңді табады» дейміз. Ал «атқыштар» қыр­да да, ойда да қоқиланып жүр. КСРО-ның, екінші жаһан соғысы­ның тарихын бұрмалатып, өңін ай­нал­дырғысы келетіндер де жеткілікті. И. Сталиннің кемістіктері бар шығар. Бірақ оның халықты жеңіске жұмылдырудағы еңбегін ешкім жоқ­қа шығара алмайды. Өткен ғасыр­дың елуінші жылдарының ортасында билікке келген алаяқ Н. Хрущевты әспеттеп жүргендер де кездеседі. Іштерінде қайран қазекемдер де бар, саяси шаласауатты топтар өтіріктің көрігін күрпілдетуде. Ол көріктің көмірі – Хрущевтың СОКП ХХ-съезінде жасаған «құпия» баян­дамасы. Ол баяндаманы халық­аралық деңгейде танымал тарихшы ғалым Г.Ферр: – «Өсек-өтіріктің әлемдік үлгісі» деді.
Біздің кейбір «үлгілілер» екінші жаһан соғысына 2,5-3 миллион қазақ еріксіз қатыстырылып, оның жартысы қырылғаны туралы шімірікпей жазды (әлі де жаза берер). Ал соңғы ресми деректер ол соғысқа Қазақстаннан 1.196.164 адам қатысқанын, үштен бірі (398.721 адам, оның ішінде 125.000 қазақ) қаза болғанын мәлім етті.
Совет Одағының нығаюын тілемеген Ф.Рузвельт пе, ашық дұш­паны болған У.Черчилль ме, В. Ленин­нен жеңіліп, шет ел асып кеткен А.Керенский ме, елдегі жаңа бағытты жатсынып, капиталистік қоғамда өмір сүріп өткен жазушы И. Бунин бе… көпке мәшһүр басқа да ондаған тұлға дүние жүзін иемденуді көксеген Гитлерді жеңу – КСРО-ны, Ресейді, бүкіл әлемді фашизмнен аман сақтап қалу болды деген. Белгілі қаламгер ғалым Р.Гароди (Франция): «Фашизм жеңсе, біз Освенцим дәуірінің жемтігі болып жүрер едік» депті. Әрине!
Өңезе өсекке үйір болғанша, шындыққа ден қойсақшы!

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
жазушы

Жауап қалдыру