Сәнбі талы сән берген

0
151

Иә, жер жәннаты – Жетісудың кіндік қаласы Талдықорған тарихы терең, тәлейі мол қала. Тек өткен ғасырдың ішінде ғана облыс орталығы мәртебесінен үш мәрте айырылып, үш мәрте қайтадан облыс орталығы болып бекітілуі соны айғақтаса керек.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қарабұлақтағы казак атаманы өзіне жақпаған бірнеше отбасын Қаратал өзенінің қазақтар бұрын қоныс еткен төменгі жағына сәнбі талы көмкерілген иінге күштеп көшіреді. Суы мол, топырағы құнарлы жерге қоныс аударған кедейлер бірден мал шаруашылығымен айналыса бастайды. Алғашында «Хутор» деп аталған шағын ауылда бірді-екілі кө­шелер пайда болады. Сөйтіп, 1869 жылы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан елдімекен «Гавриловка» селосы деп аталады. Кеңес үкіметі орна­ғаннан кейін 1921 жылы Жетісу облисполкомының ұйғарымымен Гав­риловка селосының атауы бұрынғы атауымен Талды-Қорған селосы болып өзгертіліп, Қапал уезінің орталығы дәрежесіне ие болады.
1930-1944 жылдар аралығында Тал­ды-Қорған Қазақ АСР-ының Алматы округі Талды-Қорған ауданының орта­лығы болып бекітіледі. Ал 1944-1959 жылдары және 1967-1997 жылдар аралығында Талдықорған облысының әкімшілік орталығы болады. 1993 жылы қала атауы «Талдықорған» болып ресми түрде бекітіледі. 1997 жылы Алматы мен Талдықорған облыстары біріктірілгенде Талдықорған республикалық бағыныстағы жеке қала болып қалды.
Бұл қала өміріндегі ауыр кезеңдердің бірі болып саналады. Ол «өлі қала­лардың» қатарынан еріксіз орын алды. Оның болашағына күдікпен қа­рап, үмітін үзген жұртшылық Алматы қаласына жетіп, одан әрі Астана асып, республикамыздың басқа аймақтарына үдере көшті. Қоныс аударуға шамасы келмегендер «өлместің күнін» көрді. Қаланың инфрақұрылымы әлсіреп, тығырыққа тірелді. Газ, су, электр қуаты уақтылы берілмеді.
Тек мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2001 жылғы сәуір айын­дағы Алматы облысының әкімшілік орталығын Талдықорған қаласына кө­шіру туралы Жарлығына сәйкес оған үшін­ші мәрте облыс орталығы мәртебесі берілді.
Осы өзгерістің нәтижесінде ғана қала қос өкпеден қысқан тығырықтан шығып, жаңа ғасырдағы жаңаша өрлеу, өркендеу жолына түсті. Ол серпінді құлаш жайып, дамудың даңғылына түбегейлі бет бұрды. Дүр сілкінген қырандай түлеп, түрленіп сала берді. Қаладағы бұрынғы фабрика мен зауыттардың жұмысшылары үшін салынған, бірақ өнеркәсіп орындары жабылғаннан кейін қаңырап бос қалған жатақханалар күрделі жөндеуден өткізіліп, Алматыдан қоныс аударған мемлекеттік қызмет­кер­лерге берілді. Облыстық меке­мелерге берілген ғимараттар да жөнделіп, Тал­дықорғанға көрік бере бастады. Қа­ла тұрғындарының еңсесі көтерілді. Со­нымен, 2001 жылғы 22 қыркүйекте облыстың барлық мекемелері Тал­ды­қорған қаласына ресми түрде қоныс аударды.

Дамудың
даңғыл жолында
Талдықорған – бүгінгі күні заман талабына сай, қай жағынан алсаңыз да жаңаша жаңғыру мен үздіксіз даму­дың жолына түскен, тұрғындардың өмір сүруіне аса ыңғайлы әрі сәнді қа­лалардың бірі. Тәуелсіз еліміздің оңтүстік-шығыс қапталын алып жат­қан Жетісу Алатауының бауы­рында ор­на­ласқан қала өзінің тамыл­жыған табиғатымен, жанға жайлы қоңыр­жай ауарайымен, келісті көркімен, геогра­фиялық орналасуымен жұртшы­лық назарын өзіне аударуда. Әсіресе, соңғы үш-төрт жыл көлеміндегі атқарылған шаралардың нәтижесі сәнбі талы сән берген Жетісудың кіндік қаласының келбетін ажарландыра түсті.
Өзінің 20 жылдық мерейлі белесін қарсы алған Отанымыздың жүрегі, тәуел­сіздігіміздің тірегі – Астана қаласына қарап бой түзеген қала бүгінгі сәтте «тотыдайын таранған, сұңқар­дайын сыланған» хас арудай көз тар­тады. Сонымен бірге, әсем қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері де еселеп артуда.
Аз уақыт ішінде облыс орталығының өзгеріп, заманауи сәулет өнерінің жаңа үлгілерімен бой көтерген әсем ғимараттарының салынып, ел игілігіне қызмет етуіне ісіне мығым, сөзіне берік, мемлекеттік басқару қызметінде мол тәжіриебесі бар облыс әкімі Амандық Баталовтың ықпалы зор. Бұл жағымды пікірді әрбір жетісулық мақтанышпен ауызға алады.
Таяуда өткен аймақтың атқамінерлері мен жұртшылық өкілдері бас қосқан алқалы жиында облыс әкімі өңір дамуының басты бағыттарына тоқтала келіп, әңгіме арқауы Талдықорған қала­сына ойысқанда:
– Облыс орталығы – Талдықорған қаласын жаңа сипатта, жаңаша дамыту біздің басты міндеттеріміздің бірі. Қала қасиетті Қаратал, Көксу сияқты қос өзеннің ортасында, тамылжыған табиғаты бар, тегіс жерге орналасқан. Бұл оны заманауи сәулет өнерінің соңғы үлгілеріне сай дамытуға жағдай жасайды. Алматы – Өскемен тас жолының бойында орналасқан қала өзінің әсемдігімен, тазалығымен көз тартуы тиіс. Мен құрылысшы ретінде айтайын. Қала тегіс әрі топырағы құнарлы жерге орналасқандықтан белгіленген жобалар бойынша нысандарды қосымша шы­ғынсыз салуға толық мүмкіндіктер бар, – деген болатын.
Аймақтарды дамыту жөніндегі тап­сырмаға сәйкес осы ауқымды бағыт күн тәртібінен түсіп көрген емес. Өңір басшысы облыс тұрғындарымен жыл сайын өткізілетін есепті кездесулерінде, облыстық қо­ғамдық кеңес отырыс­тарында, об­лыстық мәс­лихат сессия­ларында қа­ланы дамыту өзекті бағыт­тар­дың бірі екендігін тұрақты назарда ұстауда.
Облыс орталығын дамыту үшін ең алдымен құзырлы орган­дар­дың қаты­суымен қаланың бас жос­пары қайта жасалып, оған көптеген өзге­рістер енгізілді. Сонымен бірге жаңа құрылыс нысандарын салу үшін қаладағы Д. Қонаев және Н. Ал­да­бергенов атындағы көшелердің қиы­лысының оңтүстік ба­тыс айма­ғын­дағы бұрын тұрғындарға қосымша бау-бақша өсіруге бөлінген жер телімі таңдалып алынды.
Алдын ала ойластырылған жоспарға сай ең алдымен қаланың шығыс бөлігін жағалай ағатын, Қаратал өзені бойында тұрғынүйлер салынды. Оған қоса, заманауи үлгідегі «Тіл сарайы» мен «Достық үйі» бой көтерді. Сонымен бірге, физика-математикалық «Назарбаев зият­керлік мектебі» салынды. Талдық­орғандағы мәдениет, медицина, білім мекемелері мен көшелер күрделі жөндеуден өткізілді. Қалалық парк пен су бассейні жаңғыртылып, қасиетті Қаратал өзенінің бойы талдықорғандықтардың демалыс аймағына айналды. Осындағы бірқатар инфрақұрылымдар қайта жаңғыртылды.
Одан кейінгі жылдарда Талдықорған әуежайы күрделі жөндеуден өткізілді. «Жастар» спорт, Оқушылар сарайлары, Жастарға қызмет көрсету, «Рухани жаң­ғыру» орталықтары, Журналис­тер үйі салынды. Соңғы жарым жыл ішінде «Салтанат сарайы, Көрме залы пайдалануға берілді. Облыс орталы­ғындағы көп салалы ауруха­наның са­лынуы қала халқының денсаулығын сақ­тауға бағытталған тарихи оқиға болды.
Қаланың кіреберісіне «Жастар» мә­дени жастар паркі салынып, онда биіктігі 92 метрлік тұғырға ұзындығы 25, ені 12,5 метрлік Қазақстанның Мемлекеттік Туы орнатылды. Бұл – жетісулықтар үшін асқақ абырой және зор мәртебе. Тудың кеңдігі халқымыздың кең пейіл дархандығын, биіктігі елдік мәртебесінің жоғарылай беру белгісі, ұлттық тұтастықтың кепілі екендігін білдіреді. Көп қабатты «Көктем гранд» қонақүйі жетісулық жұртшылықтың кең пейілін білдіргендей, қалаға келген қонақтарға қалтқысыз қызмет етуде.
Үнемі жасарып, жайнаған, жаңа тұрпатта дамып келе жатқан қалада білім күніне орай 1200 орынды екі жаңа орта мектеп пайдалануға берілді. Облыстық драма театры мен музыка мектебінің әсем ғимараттарының құрылысы аяқталуға жақын. Қаланың дәл ортасындағы І. Жансүгіров атын­дағы мәдениет сарайы қайта жөн­деліп, ел игілігіне қызмет етуде. Алда­ғы уақытта сәулет саласының зама­науи үлгілеріне сай салынатын жүзу бассейнінің, жеңіл атлетика ма­не­жі­нің құрылысы басталмақ. Бұл рес­пуб­ликалық, халықаралық жарыс­тарды өткізуге толық мүмкіндік жасайды. Қаланы көркейту, көріктендіру және абаттандыру жұмыстары бел­гіленген жос­парға сай жүр­гізілуде.
Жуырда қа­ланың оңтүстік-батыс бөлігіндегі тұрғынүйлер сап түзеген, әрі зор талғаммен са­лынған төрт көшеге ару Астананың 20 жылдығына байланысты елордамыз Астана, ұлтымыздың мақтанышы, қол­басшы, қайраткер Қадырғали Жалайри, мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімов, Еңбек Ері Злиха Тамшыбаева есімдері берілді. Бұл – жетісулықтар үшін үлкен мақтаныш.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 10 қаңтарда жария еткен «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері»атты Жол­дауында атап көрсетілген еліміздің дамуы бойынша 10 міндетті айқындап, оларды іске асыру тетіктері бекітілді.
Атап айтқанда, қала шеңберінде орна­ласқан өнеркәсіп кәсіпорындарының өнім өндіру көлемі тұрақты түрде ұл­ғайып келеді. Өткен мерзім ішінде 7 жаңа кәсіпорын қолданысқа беріліп, жұмыс істеп тұрған 2 өндіріс орны ке­ңей­тілді. Соның нәтижесінде 1 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 237 жаңа жұмыс орны ашылды. Өнер­­кәсіп кәсіпорындарының тиімді әрі заман талабына сай жұмыс істеуінің нәти­жесінде жыл ішінде 67, 3 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Сондай-ақ аумақтық индустрияландыру картасында белгі­­ленген шараларды іске асырудың нә­ти­жесінде шаһарда «Қайнар-АКБ», «Алматыбояулары»,«J.C Cүт», «Темір­бетон» жауап­кер­шілігі шек­теулі серік­тестіктері қайта жаңғыр­тудан өткізіліп, қарқынды жұмыс іс­теуде. Аталған кәсіпорындардың өнім­дері сапасы жағынан жоғары сұра­нысқа ие. Солардың ішінде қайта жаң­ғыртудан өткізілген «Қайнар-АКБ» серіктестігінің өнім өндіру мүмкіндігі 1,7 есеге арттырылып, зауытта жасалған әртүрлі маркадағы аккумуляторлар алыс шетелдерге жөнелтілуде.
Қалада өнеркәсіптік өндірісін да­мы­ту және өндірілетін өнімдердің түр­лерін көбейту бағытында жаңа зауыт-фабрикалар ашу қолға алынуда. Мә­селен үстіміздегі жылғы қаңтар айында іске қосылған Майэкстрак­цион­дау зауы­ты жылына 20 мың тонна шикі­зат дайындап отыр. Онда 150 адам жұмыс істейді. Қала күні қарсаңында ал­ғаш рет құрғақ құрылыс қоспаларын шыға­ратын «Сана» ХЖҚ» ЖШС ірі зауыт іске қосылды. Зауыт алты түрлі тауар өндіреді. Отандық өнімнің жоғары сапасын неміс және швейцарлық тех­нология қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ алдағы уақытта қаладағы индустриялық аймақты одан әрі дамыту мақсатында 2017 жылғы қазан айында отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен «Талдықорған Инвест 2017» инвестициялық форумы өткізілді. Онда жалпы сомасы 10,5 млрд теңгені құрайтын инвестициялық 5 мемо­рандумға қол қойылды.
Жалпы Талдықорған өңірі – ауыл ша­руашылығын дамытуға аса ыңғайлы әрі қолайлы аймақ. Қала маңын­дағы тәлімі және егістік жерлерді тиімді пайдалану, одан алынатын өнімдерді молайту, қала халқын ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету шаралары ұтымды жүргізілуде. Бүгінгі күні қала аумағындағы егістік жер көлемі 6 мың га алқаптан асып. Осынау бағытта «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында 71 шаруақожалығы біріктіріліп, 5 ірі ауылшаруашылығы кооперативі құрылды. Қала маңында құс өсіру ар­қылы қала халқын сапалы жұ­мыртқамен қамтамасыз ету ойда­ғыдай жүргізілуде. Бұл бағытта «Көгер-ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айына 2,7 млн дана жұмыртқа өндіруде. Нанның 18 түрін шығаратын «Сардар» серіктестігі табысты жұмыс істеуде.
Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2001 жылғы сәуір айындағы Алматы облысының әкімшілік орталығын Талдықорған қаласына көшіру туралы Жарлығынан кейінгі шаһардың өсіп, өркен жаюына шағын және орта бизнестің дамуы зор ықпал етті. Қазіргі кезде заманауи үлгіде салынған мейманханалар мен қонақ үйлер, ірі сауда орындары, тұрмыстық қызмет көрсету орталықтары жасыл желекке бөленген қаланың көркіне ерекше сән беруде. Қазір олардың саны жеті жүзден асып жығылады. Кең өркен жайған салада 26 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сондай-ақ осы бағыттағы сауда-тауар айналымының көлемі 60,8 млрд теңгені құрап отыр. Соның нә­тижесінде бюджет түсімдері артуда. Өткен бір жылдың ішінде 19 жаңа нысан салынып, 352 жаңа жұмыс орны ашылды. Осындағы «Жерұйық» коммуналдық базарында ауыл шаруашылық тауар өндірушілерімен «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесе отырып, ауыл шаруашылық өнімдерінің 55 жәрмеңкесін ұйымдастырды. Бұл ең алдымен қалалықтарды арзан азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызды.

бес бастама
басты назарда
Қазіргі кезде Елбасының әлеуметтік саланы жаңғыртуға бағытталған 5 бастамасында атап көрсетілген басым бағыттарды орындау жолындағы жұ­мыстар қыза түскен. Осыған орай «Алматы – Талдықорған» магистральді газ құбырының жүргізілуіне байланысты Талдықорған қаласын табиғи газбен толық қамтамасыз ету мақсатында 1370 шақырымдық газ құбырын тарту көзделген. Қазірге дейін оның 500 шақырымнан астамы жүргізілді. Жыл аяғына дейін құбыр тарту жұмыстары аяқталады. Қала маңындағы Еркін, Өтенай ауылдық округтері мен саяжай массивтеріне газ тарту мәселесі келесі жылдың жоспарына енгізілген. Бұл әсем қаланың 150 мыңға жуық тұрғындарын алдағы уақытта отын-көмір сатып алу, от жағу, күл шығару ауыр жұмыстардан құтқарады.
Қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету – шаһар басшылығының басты міндеттерінің бірі. Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда әрбір тұрғынға шаққанда 30 пайызға өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады. Жыл ішінде екі арендалық және бір коммуналдық үй салынып бітіп, қала тұрғындарының пайдалануына 180 пәтер берілді. Бүгінгі күні «7-20-25» бағдарламасы бойынша 16 қабатты үш үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобаға сәйкес үш тұрғын үйде 230 пәтер орналасады. Оның 92-сі бір бөлмелік, тағы 92 пәтер екі бөлмелік. Қалған үш бөлмелік 46 пәтерге тұрғындар жыл соңында кіреді. Ондағы пәтерлер ең алдымен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына несиелік ретінде берілсе, одан қалғанын баспана алуға өтініш білдірген жандар алады.
Талдықорған – жастар қаласы. Сондықтан да Елбасы тапсырмасына сәйкес студент-жастарды жатақханамен қамтамасыз ету шаралары ерекше қолға алынды. І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 524 студенті жатақханамен қамтамасыз етілген, ал 1081 студент туыстарының қолында, кейбірі жалдамалы пәтер­лерде тұратыны анықталды. Бұл мәселені шешу барысында жатақхана салу үшін университетке Талдықорған қаласының оңтүстік-батыс бөлігіндегі жаңа шағын ауданнан 1,4 га жер телімі бөлінді. Ол жерге 500 орындық жатақхана салу көзделуде. Алдағы жылдары Талдықорған политехникалық колледжіне 200, Талдықорған саз колледжіне 100, Талдықорған медици­налық колледжіне 280 орындық жатақ­хана салу жоспарланған. Аталған оқу орындарының жанынан жатақхана салу үшін жер телімдері бар. Белгі­ленген жер телімдеріне инженерлік коммуни­ка­цияларды жүргізуге мүмкіндіктер жа­салған.
«Кешегі күн бүгінгінің бастауы, ертеңгі күн бүгінгі күннің жалғасы» деген­дей, облыс орталығындағы осын­дай жетіс­тіктермен бірге уақыт озған сайын алға қойылатын талап-тапсырмалардың да молая түсетіні белгілі. Солардың ішін­де Елбасы тапсырмаларын тиянақ­ты орындау, мемлекеттік бағдарла­ма­лардың сапалы жүзеге асуын қам­та­масыз ету, халықтың әл-ауқатын арт­тырып, денсаулығын нығайту бойын­ша кешенді жұмыстарды атқару міндеті тұр. Сондай-ақ қаланың коммуналдық шаруашылығын жетілдіру, тазалығын сақтау, абаттандыру, сәулеттік келбетін нығайту мәселелері бар. Тозығы жеткен үйлерді жаңғырту жұмыстары да – жеткілікті.
Бұл міндеттерді орындауда әртүрлі құрылыс салаларында, мемлекеттік қызметте жұмыс істеп шыңдалған қала әкімі Дастан Шалтабаев бастаған шаһар басшылығы белгіленген ме­жеден шығатыны сөзсіз. Бұл – әсем де әсерлі, тамылжыған табиғатымен, кең тыныстылығымен көз сүріндіретін жастар қаласының өсіп-өркендеуіне, кемел болашағына қосылатын мол үлес болмақ!
Ертең қала күні! Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі мереке алдында нұр жайнаған қалада жұртшылықтың қатысуымен мәдени-көпшілік шаралар, спорттық жарыстар, әртүрлі байқаулар ұйымдастырылды. Қаланың бүгінгі жаңарған, жасарған көркем келбеті мен оның жалынды жастарының өміріне арналған фильм де түсіріліп, өмірге жол тартты.
Иә, Талдықорған әрбір жетісулық үшін үлкен абырой, мақтаныш! Қала күні құтты болсын! Жаса, жайна Талдық­орған!

Ғалым ЖАЗЫЛБЕКОВ,
«P&H»
Талдықорған қаласы

Жауап қалдыру