«Желтоқсан» естеліктері

0
101

Ата-анам амандығыма шүкіршілік етіпті

Мен Жамбыл облысы Шу ауданы Белбасар ауылындағы Ш.Уәли­ханов атындағы ор­та мек­тептің 8-сыныбын өте жақ­сыға бітіріп, Алматы құрылыс техникумының «Промышленное гражданское строительство» фа­куль­тетіне сынақсыз қабыл­дан­дым. Менімен бірге осы оқу орнына Ғалымжан Бәйділдаев деген сыныптасым да қабылданды. Екеуміз бір факультетке түсіп, бір пәтерде тұрдық.
1986 жылы 16 желтоқсан күні болған Пленум шешімі туралы радиодан естідік. Сол кезде біз төртінші курстың студенттері едік. Екеуміз де Алматы Тұрғын-үй комбинатында диплом қорғауға арналған жобамен айналысып жүргенбіз. Жалға алған пәтеріміз Тимирязев пен Космонавтар (қазіргі Байтұрсынов) көшелерінің жо­ғар­ғы жағындағы 4-Кірпіш зауыт көшесінің 42-үйінде болатын.
Әлгі кәсіпорынға жаяу ке­тіп бара жатып алаңда біраз қыз-жігіт­тердің шоғырланып тұр­ғанын көрдік. Бірақ, қарайлай қой­ған жоқпыз. Екеуміз алдын-ала келіскен диплом жұмы­сымызға байланысты шаруамен шұғылдану үшін кете бердік. Ол мекемеде ылғи орыстар жұ­мыс істейтін. Бізге мысқылдай қарап: «Сендер алаңға неге бар­мадыңдар? Онда өздеріңнің қазақ­тарың жиналып жатыр», – деді. Беске таяу алаңға қарай қоз­ғал­дық.
Келгенде, расында, жинал­ған­дар кілең қазақтар, басым бөлігі өзіміз сияқты жастар екенін көрдік. Кейін оларға күйе жағатындай араларында ішіп алған немесе лағып сөйлеген ешкімді ұшыратпадық. Айтар ойлары нық, талаптары нақты, қайсысы дауыс күшейткішпен сөйлесе де артық ауыз әңгімеге бармады. Бәрі де қазақтың қиюы қашқан тілі, тірлігі туралы сөз етті. Әскердегі кемсітушілікті қозғады. Алматыда төл құжатты тіркеудің ауырлығын айтты. Қазақтарға қысастық жасалаты­нын, үй берілсе ең төменгі, не ең жоғарғы қабаттан беріліп, кемсітушілік көрсететінін де айтқандары болды. Араларына кірп сөздеріне құлақ түрдік. Ойлары көкейімізге қонды.
Халықтың қарасы барған сайын молая түсті. Ығы-жығы елдің арасына кіремін деп Ғалымжаннан айырылып қалдым. Артынша аран­датушылық әрекеттер басталды. Соңы қақтығысқа ұласты. Сапырылысқан елдің ара­сында жүріп, кешкі 8-30 шамасында Сәтбаев пен Мир (қазіргі Желтоқсан) көшелерінің қиылысында бір топ қызды солдаттардың қоршап алып, резеңке келтекпен ұрып жат­қанын көріп, 5-6 жігіт арашалауға тұра ұмтылдық. Сөйтіп, өзіміз де қоршауда қалдық. Қашып құтыла алмай, ұсталдық. Қолы­мызды қайырып, ППМ-ге (ми­ли­­ция машинасы) тоғытты. Ма­­ши­­на толған кезде «Целинный» кинотеатрының жанын­да­ғы Қалалық Ішкі істер бас­қармасының артындағы алаң­қайға апарып, ақ қардың үстіне тізерлетіп отырғызып қойды. Ұзын санымыз 300-ге жуықтайды. Бәрі дерлік қазақтың қыз-жігіттері. Тіземізден суық өтті. Аяз қысып ол барады. Қолдарындағы келтекпен жон арқамыздан, аяқ-қолымыздан аямай ұрып-ұрып кетеді. Осылай қанша уақыт отырғанымызды айта алмаймын. Қозғалақтасақ және ұрады. Әйтеуір бір кезде біразымыз­ды машинаға салып Сейфуллин мен Мәметова көшелерінің қиы­лысына таяу жердегі СИ-1 (тергеу изоляторына) алып барды. Ол жерде де біраз азаптап, «құртамыз-жоямыз» деп үре­й­і­міз­ді ұшырды. Бәрімізді каме­раларға қамады. Әр қыры­мыздан суретке түсірді. Кім екенімізді, қайдан екенімізді жазып алып тергеді. 21-желтоқсан күнінің тү­­нінде түрмеден бір-ақ босатты. Жатқан пәтерімізге жаяулап таң­ғы 4-тер шамасында әзер келдім.
Ертесінде Ғалымжан екеуміз техникумға барсақ, бізді оқудан да, комсомолдан да шығар­мақшы болып жатыр екен. Жалынып-жалбарынумен болдық. Бөлім меңгерушісі Дауыл­бай Табынбаевтың арқасында ғана қатаң сөгіспен оқуда қалдық-ау. Мен өстіп құтылдым. Ал ауылдағы әкем (ол кісі кеңшар­дың бас агрономы болатын) қызметінен қуылыпты. Анам Зифа Құсайынова Қазақ КСР оқу ісінің үздігі болатын, ол кісіні сол атағынан айырыпты. Екеуі де бәріне көніп, әйтеуір менің амандығыма шүкіршілік етіпті.

Жанарбек ТҰРЫСБАЕВ

Туысымның үйінде жатып емделдім

Ол кезде Тоқан Орысбаев ағай Таскескен аудандық байланыс бөлімі бастығының орынбасары еді. Алматыға байланыс техникумында сырттай оқитын. Кезекті қысқы сессиясына барғанда желтоқсан оқиғасының үстінен түсті.
– «Алаңдағы жастар шеруіне қызық үшін барайық» деп шық­қанбыз, – деп еске алады ол кісі. – Бір кезде бейбіт шеру са­тыр-сұтыр ұрысқа айналып кетті. Жүгірген адам соңынан қуған солдаттар. Дәл алдымыз­да өліп қалған жап-жас жігіттің мүрдесі жатыр. Қасымдағы жол­дасым «обал ғой, мүрдесін адам баспайтын жерге қоялық» деген соң әлгі өлікті көтеріп жолдан алысырақ шыршаның қасына апара беруіміз мұң екен, екі солдат қолдарындағы резинка сойылымен бір-бір ұрып құлатты. Онан кейін есімде қалғаны, әйтеуір автобусқа қарай сүйрей жөнелгендері. Есімді тар, лас бір үйдің ішінде жинадым. Ыңыр­сыған адамдар, ауа қан сасып кетіпті. Таң ата келе тағы да маши­наға тиеп алып жүріп кетті. Содан айдалаға апарып бір-ақ түсірді. Қай жер екенін білмеймін. Әйтеуір, қала көрінбейді. Қаз-қатар жүрелетіп, қолымызды желкеге қойып отырғызып қой­ды. Біраздан кейін машинамен командирі келді ме, біреу кел­ді. Бұрылып қарауға мұрша жоқ.
– Іштеріңде коммунистер бар ма? – деп сұрады орыс тілінде.
Мен жан қалтамнан парт­билетімді алып шығып, зорға жоғары көтердім. Мені алып кетті. Жағдайымды түсіндіріп айттым. Мұнаң кейін менің сөзімді анықтағанша бір-екі күн ұстады. Ақыры қоя берді. Кетіп бара жатып: «Сендер мені жазықсыз ұрып-соғып, жәбірледіңдер. Енді емделуге көмектесіңдер» дедім. Сонда: «Аман-есен құтылғаныңа разы бол… Жоғал!» – деді. Мұнан кейін оқу жайына қалды. Оншақты күн туысымның үйінде жатып емделдім…

Жазып алған. Ш.ДҮЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Айыпты болсақ қандай жазаға да көнер едік

Тек бір ғана штрихты айта кетейін. Алаңда абыр-сабыр. Жігіттерді соғып, қыздарды бұйырымынан тартып, жұлып жатыр. Олар қорлыққа шыдамай шыңғырады. Біздер бір топ жігіт қорғалақтап, айналамыз қоршаулы болғандықтан жақын тұрған бес қатарлы үйдің подъезіне тығылдық. «Олар осында кірді, бірде-бірін босатпаңдар, ұрып-соғыңдар» деген бұйрық алған жауынгерлер әр басқыштың тұсында екі-екіден дайын тұр екен. Біздерді бір-бірлеп тартып-сүйреп шығарып, соққыға жықты. Мен де есімді білмей қалыппын. Алматыдағы алаң опыр-топыр болып, аппақ қар қып-қызыл қанға боялған. Айыпты болсақ қандай жазаға да көнер едік. Бірақ бәрі керісінше болғаны жүрекке жара салды ғой.

Е. ӘБДІРЕЕВ,
«Дәстүр» қазақ ұлттық-мәдени орталығының қызметкері.

Қайтейін, көпке сөзің жүрсін бе?

Мен 1986 жылы Харьковтегі әскери әуе күштері оқуында едім. 1987 жылы оқуымды тәмәмдап, Алматыда орналасқан әскери бөлімге келдім. Қазақтардан 3-4 қана офицер, прапорщик бар екен. Келген бетте екі ұлт арасындағы ызғарды бірден байқадым. Әске­рилер сәл басы қосыла қалса, әңгімелері «Желтоқсан» оқи­ғасы». Сырт түрім қазаққа он­ша ұқсамайтындықтан, орыс тілін жақсы білетіндігімнен алғаш­қыда менің көзімше-ақ сол оқи­ға­да жасаған «ерліктерін» жыр қылып айтатын. Мұндай қорлықтарына тосқауыл қойып, қазақ екендігімді білдіргеннен соң олар үшін «жауға» айналдым. «Это им на 100 лет урок , теперь они век не поднимутся» деген пікірлеріне қатты қорландым. Он екіде бір гүлі ашылмаған қазақ қыздары туралы «Как мы их обделали, а?» деген мазақтары мен үшін өліммен тең еді. Менің қарсы көзқарасыма тап болғанда олар тіптен өшігіп кетті, «ұлтшылсың» деген сөзді жиі еститін болдым. Қайтейін, көпке сөзің жүрсін бе? Әскери тәртіпті бұзушы деген атқа да жиі қалып жүрдім, сол үшін.

А. ЖАНТҰРСЫНОВ

Жауап қалдыру