Екінші жаһан соғысы біткен соң, 30 жыл бойы партизандық соғыс жүргізген Хироо Оноданың тағдыры бүкіл әлемді таңқалдырды.
Хироо Онода 1922 жылы 19 наурызда Жапонияның Камэкаве ауылында дүниеге келген. Оның әкесі журналист, ал анасы мұғалім болған. Хироо бала кезінде спортпен айналысқанды жақсы көріпті. Мектеп бітірген соң Қытайға кәсіпкерлікпен айналысуға кетеді. Ол жақта жүргенде ағылшын және қытай тілін меңгеріп алады. Оны әскерге шақырғандықтан кәсібін тастауға тура келеді. Әскерде Хироо тіл білгендіктен әскери тыңшы офицерлігіне оқытылады. Бірақ соғыстың өршуіне байланысты оқуын тоқтатып, 1944 жылы Филиппин жеріне командир-тыңшы ретінде жіберіледі. Бұл кезде оның жасы небәрі 22-де еді. Онымен бірге тағы үш солдат кеткен. Оларға «кемінде 3-5 жыл бойы тыңшылықта жүресіңдер» деген тапсырма беріледі. 1945 жылы Екінші жаһан соғысы аяқталғанынан хабарсыз болып, орманда өз қызметтерін жалғастырып, жүре берген. Тыңшылар орманда банан, кокос сүті, тұрғылықты халықтың тамақтарын ұрлап жеп өмір сүрген. Кезінде Филипин билігі соғыстың аяқталғанын хабарлап олардың төбесінен ұшақпен хат жаудырған. Бірақ олар сенбей, жаудың тұзағы деп ойлаған.
Хироо Оноданың қоластындағы жауынгерлерінің бірі 1950 жылы берілген, ал екіншісі 1954 жылы қаза тапқан, үшіншісі 1972 жылы жергілікті күріш қоймасын талқандау барысында оққа ұшқан. Хироо Онода болса сол аралда 29 жыл берілмей жаумен арпалысқан.
Лейтенант Х.Оноданың тағдыры саяхатшы Норио Судзукиді қызықтырып, оны іздеуге шығады. 1974 жылы 20 ақпанда екеуі Лубанг джунглиінде кездесіп, жақын әңгімелеседі. Н.Судзуки оған соғыстың аяқталғанын айтып, Отаны Жапонияға қайтуын сұрайды. Бірақ ол офицердің бұйрығынсыз артқа қайтпайтынын мәлімдейді. Сомен Судзуки Жапонияға қайта келіп, басшылықтың көмегімен Оноданың командиріне іздеу салады. Ол – Есими Танигути бұрынғы Император армиясының майоры. Жасы келіп қалған кітап дүкенінің сатушысы екен. Танигути 1974 жылы 9 наурызда Лубангке арнайы ұшып келіп, Онодаға қаруын тастауға бұйрық береді. Хироо Онода сол кезде ғана орманнан шығады. Өзінің самурайлық қылышын Филиппин президенті Фердинанд Маркосқа сыйға тартып, 29 жыл бойы соғысқаны үшін кешірім сұрайды. Хироо өзінің тыңшыларымен осы уақыт арасында 30-ға жуық адам өлтірген екен.
Жапонияда оны халық қаһарманы ретінде күтіп алады. Бірақ ол Бразилияға көшіп кетеді де, мал шаруашылығымен айналысады. Он жылдан соң еліне қайта оралып, «Табиғат мектебі» атты қоғамдық ұйым ашып, өскелең ұрпақтың саулығына жұмыс істейді. Хироо Онода 2014 жылы 92 жасында дүниеден өтеді.
Альбина ТУЛАКОВА