Жүз екіде жүзі жайнаған Қалиман әже

0
76

Қасиетті Тәңіртаудың етегіне қон­ған Райымбек ауданындағы Қара­тоған ауылында қос ғасыр куәгері 102 жас жасаған кейуана Құйрықова Қалиман әже тұрады. Өмірден көргені көп, түйгені мол кейуананың тұлғасы тұнған тарих дерсіз. Туған ауылына беделі артық әжейді елі ерекше сыйлайды. Алдын кесе көлденең өтпейтін ибалы келіндерінен бастап, немере-шөбересі қоштап құрмет құшағында аялайды.
Қалиман әжей 1916 жылдың шілдесінде Алматы облысы (бұрынғы Жаркент уезі) қазіргі Панфилов ауданында дүниеге келген. Сонау 1930-32 жылдардағы қуғын-сүргінде ата-анасы Қытай ауып, сондағы Іле Қазақ ауданына қоныс тебеді. «Жүре берсең, көре бересің» демекші сыртта жүріп өмірдің өлшеусіз соқпағын басты. Сол жерде Рахымжан Қойбағаровтай өмірлік жар кезіктіріп, шаңырақ кө­­тер­­ді.
Әжей осы күнге жеткізген тарғыл жолды тағдырына мұңайып, қайғыр­ған емес. Алып ана 16 құрсақ көтеріп, сегізінен ерте айырылғанда да, тәңірін қарғаған емес. Кейуана бір қайғыны бір қуаныш көктейтініне кәміл сенді. Ел-жұрттан тысқары кеткендегі жамау көңілін, ауыл-аймақ ағайынға асыққан үкілі үмітімен демдеп, өмірге деген құштарлығын жоғалтқан емес.
Жастайынан қара жұмыстың құла­ғын ұстаған, қара нардай Қали­ман Құй­рықова бар қайғысын еңбекке жеңдірді. Қандай істе болмасын қа­жыр-қайрат танытқан қайсар ана ата­мекенге келгенде де бұ мінезінен ай­ныған жоқ.
Дәл, 1949 жылы Қытайда революциядан кейін қоғамда әміршіл-әкімшіл жүйе үстем құрып, Коммунис­тік пар­тияның билігі таққа мінген шақ болатын. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасында еліміздің ауыл шаруашылығын қалпына келтіру жолында көптеген кедергілер кездесті. Ауыл шаруашылық техниканың же­тіспеуі, жұмыс күшінің аздығы республиканың қай жерінде болмасын анық білінді. Сондықтан Үкімет жұмыс күшін көбейту мақсатында сыртқа кеткен азаматтарға жағдай жасап, қолдарына құжат әперіп, туған жерге оралуына себепкер болды. Солардың ішінде Қойбағаровтар әулеті де болатын. Олар 1959 жылы ҚХР-нан Алматы облысы (бұрынғы Нарынқол) қазіргі Райымбек ауданы Қаратоған ауылына көшіп келеді.
Алдарынан жылы жай, тұрақты тұрмыс күтіп тұрмаса да Қалиман әжей қатты қуанады. Ол ерімен бірге сол кездегі ХІХ партсъезд атындағы колхозда еңбек етті. Іс талғаған жоқ. Аталған колхозда атшы бола жүріп, бұйырған еңбекке араласты. Белінен бүктетіліп масақ та терді, сауыншылар отрядына қосылып сиыр да сауды. Әйтеуір ауылдастармен өлместің қамын қамдап, күнін күптеді.
Туған жерге келгеннен кейін сегіз жыл өтпей отағасы Рахымжан өмірден озды. Сол 1968 жылдың жер қайыстырған ауыртпалығын Қалиман әжей сегіз бірдей баласымен тең көтерді. Бір күні тоқ, бір күні аш жанұяның қуанышы мен жұбанышы бол­ған ұрпағының амандығы, олар­дың көз алдында қайғы көрмей жүргені бәрінен маңызды еді. Сон­дық­тан атқа қонса шарт буынып ер­лер­дей еңбек етті. Буыны қатып үл­гер­меген ұл-қызымен өмірдің сан тарау өткелін кешіп өтіп, бүгінгі күнге де жетті.
Жүз екіге келіп жүзі жайнаған Қали­ман әжейдің 46 немересі, 55 шөбересі, 70 шөпшегі мен 11 неменесі бар бақытты жан. Ғасырдан асқан кейуана қазір Жамбыл ауылында қызы Н.Рахымжанованың қолында бейбіт күннің тілекшісі боп отыр. Бір қызығы көпшілік қауым қарт анадан ақ батасын алып кетуді әдетке айналдырған. Өмірінде аурухана жағалап көрмеген оның денсаулығы қазір де мазалаған емес. Көңілі жай. Әуелі әжейдің жаңадан тісі шығып, ақ шашы қара тарта бастаған.
Бір ауылдың алтын қазығына айналған аяулы да, ардақты әжені таяуда ауыл атқа мінерлері құттықтап кіріп шықты. Бізде қарт анаға баянды өмір тілеп, батасын алдық.

Серікжан МУРАСИЛОВА.
Райымбек ауданы,
Жамбыл ауылы.

Жауап қалдыру