Уолл-стрит мыстаны немесе әлемдегі ең сараң адам туралы білесіз бе?

0
65

Генриетта Хоулэнд Гетти Грин атты мына әйел халық арасында «құтырған көртышқан», «шықбермес қаңғыбас», «түпсіз күбі» деген аттармен белгілі. Ал бизнес әлеміндегілер оны «Уолл-стрит мыстаны» деп атаған. Ол бұндай лақап аттарға өзінің әсіре сараңдығынан «қол жеткізіпті». Онысы үшін «әлемдегі ең сараң адам» ретінде өткен ғасырдың 70 жылдары Гиннестің рекордтар кітабына да енгені бар. «Бұнысы – мәжбүрліктен» деуге де ауыз бармайды. Өйткені оның байлығы 4 млрд доллардан асатын. Гриннің бұл әдетін біреулер психикалық ауруға баласа, біреулер туабітті мінезге жатқызады.
Гетти 1834 жылы туған. Оның жанұясы кит майын сатудан тәп-тәуір ақша табатын. Сондықтан тұрмыстары кісі қызығарлықтай-ақ еді. Геттидің тәрбиесімен то­лықтай атасы Гидеон Хоуленд айналысатын. Шау тартқан Гидеон көзінің көруі нашарлағандықтан немересіне газеттердегі қаржы жа­ңалықтарын оқытып қояды екен. Онысы үшін 10 цент төлеп тұруды да ұмытпайды. Геттиге кішкентай қызметі үшін ақы төлеу отбасылық дәстүр саналыпты. «Еңбекақысын» ала сала атасының кеңесі бойынша ашқан есепшотқа аударуға асығатын. Геттидің өзі де биржа туралы қызыға, құшырлана оқитын. Ол жасынан зеректігімен, алғыр­лығымен ерекшеленді. 5 жа­сында хат танып, 8 жасында құнды қағаздар мен акцияның аражігін ажырата алатын.
Атасы бақиға аттанған соң әулеттің бар байлығы әкесі Эдвард Робинсонға өтеді. Ол дөрекі, қатал адам болған. Гриннің ендігі ермегі сол – әкесі. Қыр соңынан қалмай бірге портқа, біресе сауда қоймаларына барады. Әкесінің кеме журналын, есептік құжаттарды тексергенін бақылап жүріп, көп ұзамай бухгалтерлік кітапшаны жүргізуді меңгереді.
Бастауыш білімді Гетти квакер мектебінде алған. Квакер – қарапайым өмір сүруді негізгі ұстанымдарының бірі деп білетін діни ағым. Ол мектепте үнемшілдікке баса мән берілетін. Геттидің әкесі де шығындарды үнемі қадағалап, ысырап­шыл­дық­ты айтпағанда ең керекті дүниелердің өзіне қаражатты қысып жұмсайтын.
16 жасқа толғанда оны зайыр­лы мектепке ауыс­тырады. Алайда ол жақта мүлде басқа құндылықтар оқы­тылғандықтан Гетти өзін мұнда бөтен сезінді. Са­бақ үлгерімі нашарлап, қатарластарымен де тіл табыса алмады. Ұрсысып, жұлысуға дейін барған сәттер де аз емес. Оны бітірісімен, бір жылдық бухгалтерлік есеп курсын тәмәмдап, өзін осы саладан табады.
Гетти үйдің жалғыз баласы әрі әулеттің жалғыз мұ­рагері болғандықтан оның байлығына көз тігіп, сөз салушылар көп болған. Бірақ олар қалай келсе, солай тез кететін. Оларды Геттидің үнемі ескі көйлекпен, өкшесі желінген аяқ киіммен жүретінінен бұрын, кейбір әрекеттері шошытатын. Мысалы, қонақтарға қолда­нылған сүлгілерді ұсыну, қонақтар үйден шығып бол­мастан бөлмелердегі жа­рықты сөндіру, туған күн құр­метіне әкелген торттың үстіндегі шамдарды келесі күні дүкеншілерге апарып, ақшаны қайтаруды талап ету оның ерсі қылықтарының бірнешеуі ғана.
1860 жылы анасы, 3 жылдан кейін әкесі қайтыс болады. Әкесі өлім аузында сан­дырақтап жатып өзін улағанын айтып, қызына «келесі кезек сенікі» деп кетеді. Содан бастап ол дәрігер атаулыға сенуден қалып, қару ұстауға рұқсат сатып алады. Револьверінен бір елі айырылмайды. Қонаққа бара қалса өзімен бірге пісірілген жұмыртқа апарып, соны жейді.
Сол уақытта өзінің болашақ жары Эдвард Гринмен танысады. Тұрмысқа шығуға келіспестен бұрын оны әбден бақылаған екен. «Апама жез­дем сай» демекші Эдвард та үнемшілдің үнемшілі болып шықты. Ол шатасқан болып сезімге толы хаттың орнына Геттиге сатып алған киімнің есебін конвертке салып жібереді. Оның бұнысын «ортақ тұстарымыз бар екен» деп түйген Гетти заңды некеге тұрады. Онда мүлік бөлінісі туралы екжей-тегжейлі жазылады. Ол бойынша Эдвардтың әйелінің капиталына ортақтасуға құқығы жоқ.
Эдвард пен Гетти бірге бақытты күндерді өткізді деуге ауыз бармайды. Оларды тек ортақ балалары Нэд пен Сивилья ғана біріктіретін. Он жылдан кейін Эдвард банротқа ұшырағанда, ол кезде байлығы миллиард дол­ларға жақындап қалған Гетти күйеуіне көмектесудің орнына, оны үйден қуып шығады.
Ол уақытта Гетти Гриннің есімі күллі Уолл-стритке танылып үлгерген болатын.
Ол гектар-гектар жер телімдері мен жылжымайтын мүлікке иелік ететін. Құнды қағаздарды сатып алу, темір жол құрылысы, шойын, мұнай, алтын өн­дірісіне салған инвестиция оның байлығын молайта түсті. Чикаго, Нью-Йорк қа­лаларында ал­ғашқы төбесі көк тіреген ғи­мараттар са­лына бастағанда қала құрылысы саласының зор болашағын көріп, қала маңындағы
жерлерді сатып алады. Өмірінің соңында Геттидің 8 мыңнан астам учаскесі, кей қала­ларда тұтас квар­талдары болған.
Алайда Гетти байыған сайын сараңдана түсті. Жүздеген жылжымайтын мүлікке иелік еткенімен, басында жеке бас­панасы болмады. Арзан қонақүйлерде тұруды жөн көрді. Дәрі-дәрмек пен азық-түліктен барынша үнемдейтін. Үнемі қара көйлекпен жүретін. Оны ауыстыру былай тұрсын, тіпті сирек жуатын. Онда да тек етек жағын ғана жуғызып, үстіңгі жағына тиіскізбейтін. Сонда арзан шығады. Қыз­метшілердің көмегіне жүгінген емес. Баспадан жаңа шыққан газеттерді оқып алған соң баласы Нэдке оларды қайта сатқызатын. Дүкенге бас сұға қалса, әр цент үшін сағаттап саудаласудан тайынбайды.
Тек сұлы ботқасымен тамақтанады. Оның жейтін ең тәтті тағамы бір-екі түйір шақпақ қант. Тек краннан су ішкен. Витамин ретінде көк пиязды шайнайтын әдеті болғандықтан үстінен пияз иісі үнемі мүңкіп тұрыпты.
Әр үнемделген центті маң­дай термен табылған табыс деп ұғатын ол қоғамдық көлік, автокөлік дегенге отырмаған. «Қатынау үшін Исаға есек те жеткен» дегенді үнемі қайталап отыратын Гетти бір жерге барар болса мейлінше арзан жолдарды іздеген. Бірде Гудзон арқылы жүзбек болып, жүк тасыған кемеге бірнеше шақырым жаяу жүргені бар. Өйткені жүк кемелері жолаушы кемелерінен
қарағанда арзан. Бағасы екі центтен аспайтын марка іздеймін деп бірнеше пошта кеңсесіне барып, жарты күнін өткізген кездер де болыпты.
Бірде күйеуімен Еуропаға саяхаттап бара жатқан туыс әпкесі екі баласын Геттиге тастап кетеді. Екі айдан соң оралған олар көрген көріністен жаға
ұстайды. Балалары әбден азып, өңдері қуарып, аштықтан құлаудың аз-ақ алдында екен. Сөйтсе олар тойып тамақ жеу дегенді ұмытыпты. Ол аздай Гетти екі баланы кір жуатын орынға жұмысқа жегіп қойыпты. 8 жастағы ұл бала мен 10 жастағы қыз күніне 14 сағаттан жұмыс жасаған.
Гетти өзгенің ғана емес, өз баласын да аямаған. Бірде шанамен ойнап жүрген Нэд құлап, аяғын сындырып алады. Кім біледі, сараңдығына салмай баласына ескі, қақыраған шананы емес, жаңасын алып бергенінде мұндай болмас па еді. Содан Гетти жұпыны киініп, өзін кедей қылып көрсетіп, тегін аурухана іздейді. Оны бәрі танитындықтан, сөзсіз бас тартады. Өзі-ақ ептеп жазылар деп баласын үйде ұстайды. Бірақ ауру асқынып, Нэдтің аяғы қабынып, гангрена басталады. Баласының ауыр жағдайын естіген Геттидің бұрынғы күйеуі емге деп ақша бергеннен кейін ғана оның аяғына ампутация жасалады. Кесілген аяқтың орнына протез салу мәселесінде Гетти ескі әуеніне басып, протезді тегін алу үшін мемлекеттік жеңілдікті бір жыл тосқан екен.
Геттидің өмірінің соңы жал­ғыз­дықпен өтті. Бұрынғы күйеуі бақиға кетіп, ұлы мен тұр­мыстағы қызы бөлек тұратын. Жанында тек кішкентай иті ғана бар еді. Оның өзі үнемі ашу шақырып, ызаланып тұрғандай үре беретін. Көрген адамын қыршып алуға даяр. Ол итінің басынан сипап «бай я кедей екеніме қарамастан мені шын жақсы көретін осы ғана» деп отыратын. Жалдап отырған пәтерінің иесі иттің тыныштықты бұза бергені үшін екі доллар қосып беруін сұрағанда ол «менде ақша жоқ» деп саңқ ете қалыпты.
Генри 1916 жылы жүрек талмасынан қайтыс болғанда оның байлығы бүгінгі ақшамен 4 млрд доллардан асқан. Яғни сол кезде әлемдегі ең дәулетті әйел болған. Бір-ақ күнде осынша байлықтың иесі болып шыға келген Нэд жастық шағында қолы жетпегеннің бәрін сатып алды. Қымбат көлік дейсіз бе, яхта дейсіз бе. Тіпті қымбат тастармен әшекейленген унитазы да болған. Шешесінің көзі кетіп, тыйым салатын ешкім болмаған соң үйленіп, кәдімгі адамдардай қалауынша ғұмыр кешкен.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«P&H»

Жауап қалдыру