Тағдырымен таласып өткен

0
190

Оқырман үшін біздің бүгінгі кейіпкеріміз – тағдырдың басқа салған ауыртпалығын мойымай көтерген, өмір сүруге деген құлшынысымен бүкіл әлемді таңдай қақтырған Мартин Писториус.
Мартин 1975 жылы Оңтүстік Африкада дүниеге келген. Ол дені сау, белсенді, сабақ үлгерімі өте жақсы мектеп үздіктерінің бірі болатын. Алайда 1988 жылы 12 жастағы Мартин мектептен «Тамағым ауырып тұр» деп ерте қайтып келеді. Ал әке-шешесі мұны жай ғана тұмауға балап, аса мән бермеген. Бірақ Мартиннің күннен-күнге мазасы кетіп, сырқаты ауырлай бастайды. Міне, осы кезде дәрігерге жүгінген әке-шешесі «Балаңыз ауыр сырқат. Бірақ бұл нендей ауру екенін біле алмай отырмыз» деген жауап естиді. Мартинді қаншама дәрігер-ғалымдар қарағанымен оның сырқатына нақты диагноз таба алмайды. Көпшілік дәрігерлер Мартинді криптокок менингитіне шалдыққан деген болжам жасайды.
Ал бұл кезде Мартиннің денсаулығы күрт нашарлап, өздігінен жүріп-тұру мен сөйлеу қабілетінен де айырылады. Көп ұзамай есін де жоғалтып комаға түседі. Дәрігерлер Мартинді психологиялық ақаулар интернатына жатқызуға кеңес береді. Себебі «дәрігерлер Мартиннің соңғы деміне санаулы күндер қалды» деп ойлайды. Бірақ Мартиннің әкесі бұл пікірмен келіспей оны үйіне алып кетеді.
Осылайша әкесі жұмыстан босап, өзін толықтай Мартиннің денсаулығын күтуге арнайды. Оны таңертең жуындырып, тамақтандырып, жүрек соғысын, қан қысымын әр екі сағат сайын қадағалап отырады. Бірақ Мартиннің денсаулығында еш оң өзгеріс болмайды. Ал Мартиннің анасы бұл ауырпалықтарға шыдай алмай, бірнеше рет өз-өзіне қол салмақ та болған.
Осындай өмір мен өлім арпалысқан ауыр жағдайда Мартин төрт жыл бойы комада жатады. Тек 16 жасында ғана бірте-бірте есі кіре бастайды. Бірақ дәрігерлер Мартинді вегетативтік ғұмыр кешуде деген диагноз қояды. Яғни, ол комадан шыққанымен, санасы әлі де өлі күйде болатын. Ал бұл сәтті Мартиннің өзі «Айдаһарлар елінде» атты кітабында «Мен комадан ұйқыдан тұрғандай ояна бастадым. Бастапқыда не болып жатқанынан мүлде бейхабар едім. Бірақ күн өткен сайын санам мен жадым өзіме қайта келіп, барлық нәрсені керемет түсінетін болдым. Бір өкініштісі мен мұны жан-жағыма еш білдіре алмадым. Бар болғаны көзімді ашып-жұмуға ғана шамам жететін. Ал бәрінен қиыны әке-шешем мен бауырларым мені әлі де санасыз күйде деп ойлайтын», – деп сипаттайды.
Мартиннің комадан шыққанының өзін жеңіс санайтын әкесі Родни оны күнде қайта оңалту орталығына апарып, түрлі жаттығулар жасатады. Бес сағатқа созы­латын жаттығудан кейін Мартинді үйге әкеліп күнде бір мультфилим көрсетеді. Себебі, дәрігерлер пікірінше қайталанатын мультфильм Мартиннің санасын жаңғыртуға көмектесуі тиіс болатын. Бұл емдеу процесін де Мартин кітабында «Мен бәрінен бұрын әкеме қатты ризамын. Ол таң атпастан мені шомылдырып қайта оңалту орнына алып барады. Онда бес сағат мені күтеді. Содан соң, үйге әкеліп менімен күнде қайталанатын екі сағаттық «Айдаһар Барни» жайлы мультфильм көреді. Ал мен бұл телешоуды өте жек көрдім. Себебі, менің өмірім белгілі бір әрекеттерді қайталаудан тұрды», – деп суреттейді.
Әрменгі оқиғаны Мартиннің сөзімен келтірсек «Мен барлық дүниені керемет түйсінгеніммен оны сыртқа білдіре алмай қиналдым. Ішімнен күнде жылаймын, айқайлаймын, әкемнен көмек сұраймын. Бірақ жан даусымды ешкім естімейді. Әке-шешемнің қиналғанын көріп, мүлде өмірмен қош айтысқым да келетін. Бірақ бұл да қолымнан келмейтін. Сондықтан мен өмір үшін күресті бастадым. Алғашқы әрекетім уақытты санау болатын. Бөлмедегі көлеңкеге қарап, уақыттың қанша болғанын бағамдайтын болдым. Мұнан кейінгі әрекет саусағымды қимылдату мен ым-ишара білдіру. Бастапқыда саусағым еш қимылдамайтын бірте-бірте, әлсін-әлсін оны көтере алатын дәрежеге жеттім», – дейді.
Мартин 2000 жылы 25 жасында қайта оңалту орталығында кезекші медбикеге өзінің саналы екенін сездіріп, ым-ишара білдіреді. Медбике оның көз қағуын, саусағына күш салуын байқап, дереу дәрігерлерге хабарлайды. Дәрігерлер Мартинді зерттеу орталығына алдырып, оның санасы біраздан бері қайта оянғанын дәлелдейді. Зерттеу орталығында Мартин арнайы бағдарламалық компьютермен сөйлеу мүмкіндігіне қол жеткізеді.

Жауап қалдыру