Станислав КУРИЛОВ

0
116

Адам баласының бағындырмаған шыңы кемде-кем. Тіпті кейде адамзат өзінің күш-жігері қандай биіктерге жететінін білмейді де. Десек те, әлемге аты әйгілі Станислав Куриловтың жүріп өткен өмірі көп адамға өнеге, ынта беретіні сөзсіз. Ол – мұхиттанушы (океанограф).
С.Курилов 1936 жылы Владикавказда дүниеге келген. Оның балалық шағы өзіміздің қазіргі Семей жерінде өткен. Қыр даласында жүріп, теңізге деген қызығушылығы таңғалдырады. Ол 10 жасында Ертіс өзенінен жүзіп өткен екен. Мектепті бітірген соң Балтық флотына навигатор болып орналасқысы келеді, бірақ көзі нашар көргендіктен қабылданбайды. Сондықтан Ленинградтағы Метрологиялық институтқа түсіп, оқып жүрген кезінде аквалангті үйренеді. «Океаногафия» мамандығын алған соң, Ленинградта КСРО Ғылым Академиясына жұмысқа орналасып, су астын зерттеу лабораториясын құруға атсалысады. Және де Биология институтында (Владивосток) теңіз нұсқаушысы болып қызмет етеді.

С.Курилов теңізді тірі ағза ретінде қабылдап, оны өзінше сезіне білген. Ол студент кезінен йогамен айналысты, өзін аскетизмге баулыды, су астында дұрыс тыныстауды зерттеді. Тіпті оның теңізге деген құштарлығы мен біліміне Жак Ив Кусто қызығушылық танытқан. Осы кезде Станислав шетелге шығуға талпынады. Бірақ оған рұқсат етілмейді. Өйткені оның әпкесі үндіс жігітіне тұрмысқа шығып, Канадаға кетіп қалған болатын. Кеңес өкіметінің күш құрылымдары оның елге қайта орал­мау қаупінен сескенді. Сол себепті С.Курилов қа­шуды ойлас­ты­ра­ды. 1974 жылы қа­ра­ша айында Кеңес Одағының круиздік лайнеріне билет сатып алады. Кеме Владивостоктан Оңтүстік теңізге қарай 8 желтоқсан күні аттанады. Мұхиттанушы өзімен компасты да алмаған екен. Бірақ оның суда жүзетін құралдары бар еді. Ол корабльдің ешбір шетел жағалауына тоқтамайтынын білді. Кеме құдды түрме секілді қатаң қадағалауда болатын, сондықтан қашып кету мүмкін емес еді. Бірақ С.Курилов жолындағы кедер­гінің бәрін жеңді. Ол маршрут бойынша Филиппин аралы Сиарга­оның жанынан өтіп бара жатқанда қашу керектігін түсінді. Ол жерден жағалауға дейін 17 шақырым еді. Станислав кемеде астроном қызбен танысып, одан жұлдыздар арқылы жолды бағдарлауды біліп алады. Осылайша, түн ішінде биіктігі 14 метрлік лайнерден суға секіріп кетеді. Ауа райының қолайсыздығынан, яғни алай-дүлей жел мен толқыннан оның секіргенін ешкім байқамай қалған. Ол болса кеме қайта айналып келіп алып кетпесе болды деп қорыққан. Расында кемедегілер оны іздеген, бірақ таппаған. С.Куриловтың арып-ашса да, акулаларға жем болмай, бағытынан жаңылмай, ағыспен ағып кетпей жағаға жетуі таңғаларлық. Теңізбен арпалысқан үш күнде бір сәтке есін жоғалтып алған кезі де болыпты. Шаршағаны сондай, жағаға жеткенде аяғында жан жоқтай, ештеңені сезбепті.
Оны жергілікті балықшылар тауып алып, басшылыққа жеткізген. Сөйтіп оны бір жыл түрмеде ұстап, Канададағы әпкесінің ықпалымен түр­меден босатылады. Кеңес үкіметі С.Куриловтың қашып кеткенін білген кезде, оны сырттай он жылға бас бостандығынан айырған.
С.Курилов осыдан кейін «Теңіздегі Жалғыз» атты кітап жазады. Онысы көптеген тілдерге аударылды. Кейіні­рек Канадада теңіз зерттеу орталығында жұмыс істейді.
Ол 1986 жылы үйленіп, Израильге көшіп кетеді. Станислав Курилов 1998 жылы 29 қаңтар күні 62 жасында дүниеден өтті. Ажалы өзі қатты жақсы көрген судан болады деп кім ойлаған.. Ол балық аулайтын торға оралып қалып, көз жұмған екен. Кейбір дереккөздеріне сүйенсек, оның теңізбен қарым-қатынасы мистикаға толы болғанға ұқсайды. Соған қарағанда, ажалының теңізден келуі де бекер болмаса керек.

Альбина ТУЛАҚОВА

Жауап қалдыру