Соқыр суретші

0
181

Тағдыр бізге болашақта не дайындап тұрғанын білмейміз. Кейбір оқиғалар мен сырқаттар аяқ астынан өміріңді күрт өзгертіп жіберуі ғажап емес. Кейде ол жаңа мүмкіндіктердің бастамасы болуы мүмкін.

Өнердің құдіретіне шек жоқ. Аяқпен, тіспен, тіпті тілдің көмегімен сурет сала­тын суретшілер туралы есті­дік. Ал көзсіз сурет сала­тын суретшіні алғаш естуіміз. Әлемнің бар ғажа­бын кенепке түсіру үшін көретін көз керек. Әйтсе де мүмкіндіктердің шегі­нен шыққан соқыр суретші бар. Ол – Джон Брамблитт. Автор өзінің салған сурет­терін ешқашан көр­меген, бірақ оның сурет­терін көрген адам оған тамсанады.
Джон Брамблитт 30 жас­тан асқан соң, ауыр дерт­тің салдары көзі­не әсер етіп, екі көзі де су қараңғы көрмей қалады. Сол тұста суретші сарыуайымға салы­нады. Оның бұл әсерін түсінуге болады, себебі ол күнделікті үйреншікті өмірін сүре алмайтын болды ғой. Оқи алмайды, жаза алмайды, қыдыра алмайды, тіпті үйдің ішінде жүріп-тұруы қиын. Ол өзі айтқандай, тұңғиық теңізге лақтырылып тастағандай сезінеді. Бірақ Брамблитт ары қарай өмір сүруге қа­жыр-қайрат табады. Оның жанына тыныштық берген өнердің қасиеті болатын. Суретші соқыр болмай тұрып, сурет салуды ұна­татын, бірақ оған қолы ти­мей, күнделікті тірліктің күй­беңінде уақыт таппай жүре берген. Екі көзден бірдей айырылған оған күнделікті сурет салу өзінің сезімін жеткізуге көмектесті. Үміт сыйлады.

Jackie Serie Artwork

Джонның картиналарын қарасаңыз таң қаласыз. Жай абстрактілі өрнектер емес, керісінше нақты адам­ның фактурасы мен эмо­циясын бейнелейді. Ол арнайы техниканы қолда­нады. Майлы бояуды қол­данып, бүдір қалдырып отырады да, оны қолмен ұстап, бояулардың ара-жігін ажыратып отырады. Джонның айтуынша, ол түстерді қолымен ұстап ажыратады. Мысалы ақ түс ол үшін қою көрінеді, ал қара түс сұйық болып сезіледі. Сұр түс керек болса, ақ пен қараны араластырып, қолына сұр түс сезілгенше араластырады. Оның су­рет­терін көрсеңіз, қанық түс­тер қолданылған.

Брамблетт қазіргі зама­науи суретшілердің таны­малы. Оның картиналары 20 мемлекетте көрсетілді. Өнерта­нушылардың қы­рағы көзіне ілігіп, көпте­ген өнертану журналдары­на басылып шықты. Оның сурет­тері жоғары сұра­ныс­қа ие. Сондықтан ол көп­теген көрмелер ұйымдас­тырып, шеберлік сыныптарын өткізеді.
Суретшінің пайым­дауын­ша, ол қазіргі соқыр кезінде әлемді түрлі-түсті күйінде көреді. Ал көріп жүрген кезінде ол үшін әлем соншалықты сұлу болып көрінбейтін. Оның сол кездегі көрген бейнелері, бүгінгі күнге дейін жадында сақталып, азық болып жүр.
Тағдырдың тәлкегі Джон Брамбллетті аямады. Десек те, ол налыған жоқ, өмірден өз орнын таба білді. Джон үшін сурет салып ақша табу басты мақсат емес, сурет арқылы басқа адамдармен сырласу.
Адамдардың мүмкіндік­тері соншалықты жоғары, тіпті көз жанары көрмесе де, ғажайып дүниелерді өмірге әкелуге еш кедергі бола алмайды.

Әлбина ТУЛАҚОВА,
«P&H»

Жауап қалдыру