Протезбен құрлықты кесіп өткен

0
115

Дені сау адам сырқат жанның азабын түсінсін бе? Он екі мү­шеміз сау бола тұра, күпірлік ай­та­тынымыз тағы бар. Айталық қа­терлі ісік дертіне шалдығып, өлім мен өмір арасында арпа­лы­сып жатқандарға қалай көмек­те­сер едік? Қайырымдылыққа берген 1 теңгенің өзі науқас адамдарға шипа боларын естен шығармайық. Мәселен, кезінде Терри Фокстың «Үміт марафоны» әр адамнан жиналған 1 доллар секілді, біздің де бір теңгеміз кәдеге жарар.
Терренс Стэнли «Терри» Фокс – бір аяғынан айырылған канада­лық спортшы, гуманист, қатерлі ісікпен ауыратын адамдар­дың қолдаушысы. Ол 1980 жылы протез аяқпен бүкіл Кана­даны жүгіріп өтті. Оның ұйым­дас­тырған «Үміт марафо­нының» (Marathon of Hope) мақсаты – әр отбасынан 1 доллардан жинап, онкологиялық зерттеуге қайырымдылық жасау. 143 күн ішінде 5373 километрді жүгіріп өткен Т.Фокс 1 айдан соң жан тәсілім етті. Дегенмен, оның еңбегі еш кеткен жоқ. 1981 жылы Терри атындағы алғашқы марафон ұйым­дастырылды. Оған әлемнің 60 елінен жиналып, қолдау жасалды. Қазіргі таңда бұл марафон қатерлі ісікпен күресуге арналған үлкен жобаға айналып отыр.
Т.Фокс 1958 жылы 28 шілдеде Виннипегте дүниеге келген. Фокс мектеп жасында қашықтыққа жү­гірумен, баскетболмен шұғыл­данған болатын. Терри бала кү­нінен еңбекқор болған екен. Жеңілуді ұнатпайтын, әр нәрсені соңына дейін жеткізуді мақсат еткен. Әкесінің айтуынша, бәсекеге өте қабілетті болған. Мектепті спорт­қа деген құштарлықпен аяқ­тап, Саймон Фрейзер атындағы уни­верситетке «физкультура
мұғалімі» мамандығына оқуға түседі.
1976 жылы 12 қарашада көлік апатына ұшырап, жеңіл жарақаттанып, оң тізесін зақымдап алады. Сол жылы жел­тоқсан айында тізесінің ауыр­ғанын сезеді. Бірақ Фокс оған мән бермей жүре берген. Келесі жылы наурыз айында аяғының ауруы шыдатпаған соң, емханаға қаралады. Сол кезде оған тізе буынының жанынан пайда болатын «остеосаркома» диагнозын қояды. Фокс өзі
сол жол апатынан көреді, бірақ дәрігерлер оның еш байла­нысы жоқ екенін айтқан. Оның тірі қалуы 50 пайызды құрайтын. Сонымен, оның бір ая­ғына ам­пу­тация жасауға тура келді.
Отадан кейін Фокс үш аптадан кейін аяққа тұрып, спортпен шұғылдана бастайды. Жасанды аяғымен баскетболды мүгедектер арбасында отырып ойнап жүрді, тіпті жүлделі орын­дарды иеленіп келді. Оның айығып кететініне дәрігерлер үлкен үміт артады.
Кезекті онкологиялық отаның алдында Т.Фокс Дике Траум жайлы мақала оқиды. Ол жасанды аяқпен жүгірген алғашқы спортшы. Фокс­ты қатерлі ісікке бөлінетін аз қаражат алаңдатып жүргендіктен Д.Траумның әрекеті оған шабыт сыйлайды. Онкологиялық зерт­теулерге ақша жинау үшін марафон ұйымдастыруға бел буады. Бұл марафонға ол 14 ай дайындалады. Оның жаттығулары жеңіл болған жоқ. Аяғында көгерген дақтар пайда болып, қатты ауру сезіле бастайды. Бірақ оған қарамастан, 1980 жылы 12 сәуірде басталған марафонның алғашқы күндерінде қатты жел тұрып, қар аралас жаңбыр жауады. Сонымен қатар, оған қайырым­дылық жа­сау­шылар да аз бо­ла­ды. Бірте-бірте қолұшын созушы­лардың саны арт­ты. Күннің аптап ысты­ғына да қарамай жүгірді. Кейбір жер­лерде оны оркестрмен күтіп алды, қолдау­шылардың да саны көбейді, тіпті беделді адамдар да оны жолдан күтіп тұратын болды.
Терри марафон аяқталмай ойынан бас тартуға мәжбүр болды. Ол марафоннан бас тартқан уақыт­та 1,7 милион доллар жиналған бо­латын. Басында қатерлі ісікпен күресу қоғамы аса сенушілік таныт­па­ғанмен, аталмыш іс-шарадан кейін үлкен үміт арта бастады. Фоксқа әлемнің түкпір-түкпірінен қол­дау хаттар келіп жатты. Бірнеше атақтармен де марапат­талды.
Марафон­нан кейін бір ай бойы жағдайы нашарлап, бірнеше рет химиотерапия жасалып, қатерлі ісік бүкіл денесіне тарай бастайды. Оны қайтадан патша ем­ханасына жатқызады, десек те 1981 жылы 19 маусымда сағат таңғы 4:35 жан тапсырады.
Т.Фокс өз елінің қаһарманы бо­лып есте қалды. Оған бірнеше ескерт­кіш қойылды. Оның өмірге деген құштарлығы мен науқас­тарға деген жанашырлығы бүкіл әлемді тебірентті. Ол сыр­қат адамдарға және олардың жақын­дарына үміт отын жаққан жан.

Әлбина ТУЛАҚОВА,
«P&H»

Жауап қалдыру