Өмірінің 18 жылын әуежайда өткізген

0
33

М.Нассири 1942 жылы Иранда дүниеге келген. Ол бала кезінен өте намысшыл, тік мінезді, бірбеткей болып өседі. Оны қоғамдағы кереғар әрекеттер мен биліктің халыққа жасаған әділетсіздіктері қатты толғандыратын. Меһран өз ойын ашық айтып дағдыланған. Халықтың еркін, қысым көрмей өмір сүргенін қалады. Билік басын­дағылармен бірнеше рет қақ­тығысқа түсіп, өміріне қауіп төнген сәттер де болыпты. Бірақ ол сонда да билікке қарсы көтері­ліс­терге үнемі шығатын. Өйт­кені оны өз елінің болашағы алаңдатты.
Ол 1977 жылы Мохаммед Реза шахтың режиміне қарсы шыққаны үшін Ираннан қуылады. Амалсыз Еуропаға ауып, нағашы жұрты саналатын Бельгияда жүреді. Сол жақтың азаматтығын алудың сәті тек 1981 жылы түседі. Алайда ол Англияда тұрғысы келеді. Араға бірнеше жыл салып тұманды Альбионға бару арманын жүзеге асыруға тәуекел етеді. Ол үшін өзіне пана болған Бельгия мемлекеті азаматтығынан шығуы керек екен. Ал Бельгия заңы бойынша ол екінші мәрте азаматтық ала алмайды. Нассири ондай құр­бан­дыққа да көніп, ақыры Лондонға Париж арқылы ұшатын ұшаққа билет алады. Бұл 1988 жылы болатын.
Онсыз да өмірі түрлі қиындыққа толы Нассири тағы бір қыр­сыққа тап болады. Париж­де белгісіз біреу оның бүкіл құ­жат­тарын ұрлап әкетеді. Осыдан бастап Нассиридің өмі­рінде адам сенгісіз оқиғалар басталады. Ол әуежай қызмет­керлеріне мән-жайды түсін­діріп, ебін тауып Англияға бағыт алған ұшаққа отырады. «Әйтеуір Англия топырағына табаным тиді ме» дегенінде кезекті сәтсіздікке ұшырайды. Оны құжаты жоқ болғаны үшін әуежайдан шығар­май Парижге қайтадан салып жібереді. Сыртқа да шыға алмай, елден де кете алмаған Нассири өзінің кім екенін дәлелдей алмай әбден әуреге түседі. Ол әуежайдың бір бұрышын паналап, өзі жайлы қандай да бір құжаттың табылуын күтеді. Ал растаушы құ­жат жоқ. Осылайша 18 жыл өтеді.
Өзінің адамгершілігі мен көмек­ке дайын тұратын адал ниетінің арқасында әуежай қызмет­кер­лерімен тіл табысып, солардан аз-кем көмек алады. Жолаушылармен әңгімелесіп, олардың өмірі туралы тыңдап, өз оқиғасын баян етеді. Экономика туралы бірнеше кітап оқып, әлем тынысын қалт жібермей бақылап отырады.
Нассиридің оқиғасы елге жайылып, оған журналистер тарапынан қызығушылық туа бастайды. Оның оқиғасы қоғам назарын аударып, заңгерлер қолұшын береді. Ақыры 1995 жылы олар Нассириді Бельгияға қайта қайтаруға, азаматтық беруге рұқсат алады. Алайда Нассири одан бас тартып, Англияға кеткісі келетінін айтады. Заңгерлер ол жағынан көмектесе алмай, кейіпкеріміздің әуежайдағы өмірі жалғаса береді. Жылдар жылжып өте береді. 2006 жылы Нассири сырқаттанып, ауруханаға жеткізіледі. 1 жылдық емнен кейін оны әлеуметтік қорғау орнына ауыстырады.
Қайсар мінезді, адамдарды сү­йетін үлкен жүректі, әділетсіз­діктен қашып, әділет іздеу жолында түрлі жағдайға тап болған жанның өмірі осындай. Оның одан кейінгі тағдыры бізге белгісіз.
2004 жылы режиссер Стивен Спилберг Меһран Нассири бастан кешкен оқиға желісі бойынша «Терминал» атты кинокартина түсіреді. Ол фильм аса сәтті картиналардың қатарына енді.

Альбина ТУЛАКОВА,
«P&H»

Жауап қалдыру