Миллионер ұстаз

0
53

«Ұстаз еңбегі өлшеусіз» деп тегін айтылмағаны шындық. Білімі мен бойындағы барлық жақсылықты оқушыларына беретін мұғалім ғана жақсы тәлім-тәрбие беріп, шәкірттерін «Білім» деген үлкен теңізде жүздіре алады. «Өмір» деген үлкен болашаққа бағыт-бағдар беріп, дұрыс жолды таңдауға септігін тигізеді. Бүгін біз осындай ауыр да машақатты жауапкершілікті мойнына артып Кенияда ұстаздық еңбек етіп жүрген Питер Табичи жайлы айтқымыз келіп отыр.
     2015 жылы танымал кәсіпкер Санни Варкей мен Дубай шейхы Мұхаммед ибн Рашид Аль Мактум бірлесіп Global Teacher Prize атты қайырымдылық қорын құрған. Бұл қор әлемнің түкпір-түкпірінен өзінің жемісті еңбегімен көзге түскен мұғалімдерді мара­паттап, қаржылай сыйлық табыс­тайды.
Ал үстіміздегі жылы бұл мара­патқа әлем бойынша 179 елден 10 мыңнан астам ұстаз­дан өтініш келіп түскен. Соның ішінде Үндістан, Аустра­лия, АҚШ, Нидерланды, Бра­зилия, Жа­пония, Аргентина, Ұлыб­ритания мен Кения секілді елдердің үміткерлері финалға дейін жеткен. Көпшілік көрермен бұл бәсекеде ғылым мен білімі дамыған батыстық елдің үміткері жеңетініне сенімді еді. Алайда әйгілі актер Хью Джекман жеңімпаздың атын атағанда бәрі таңғалысын жасыра алмаған. Жеңімпаз кениялық мұғалім Питер Табичи еді.
Питер Табичи кениядағы бір ауылдық мектепте физика-ма­тематика пәндерінен сабақ береді. Питер Табичи 58 оқушыға жалғыз өзі дәріс оқиды. Сондай-ақ бұл мектепте баршаға ортақ бір ғана компьютер бар. Ал физика-математика пәндеріне қажет лабораториялық құрал-сайман атымен жоқ. Бұдан қалды мектептің шатыры да қамыспен жабылған. Жаңбыр маусымы кезінде мектеп оқуды тоқтатуға мәжбүр. Бірақ осындай кедергілерге қарамастан Питер Табичидің оқушылары 16 халықаралық бі­лім олим­пиа­­да­сын­да бас жүлде­лерге ие бол­ған. Бұның сыры неде дейсіз бе?
Оқушылардың жетістігінің ар­тында Питер Табичидің орасан еңбегі жатыр. Себебі Питер Табичи айына бар-жоғы 55 АҚШ доллары (20845 теңге) көлемінде жалақы алады. Соның 80%-на оқушыларды қалалық жердегі мектептерге алып барып, лабо­ра­то­рия­лық дәрістер өткізеді. Одан қалды ай сайын ең үздік оқушы аталымы бойынша мектепте кішігірім жарыс өткізіп ақшалай сыйлық береді. Осының арқасында оның сабағына қа­тысушы оқушылар өте көп. Мұ­нан бөлек халықаралық білім олим­пиадаларына жолдама алған оқушылардың жол қаражаты мен жатын орнына да өз қалтасынан төлейді. Өйткені мұндай ірі қаржыны мектеп тауып бере алмайды екен. Осы күнге дейін Питер Табичи оқушыларды олим­пиа­даға жіберу үшін Кениялық банк­терден 3500 АҚШ доллары көлемінде несие алған. Жалақы­сынан өзіне қалатын тиын-тебені толы­ғымен несиесін өтеуге кетеді екен.
Ал Питер Табичидің тұратын үйі кәдімгі лашық деуге болады. Оның үйінде кітап, дәптер, қаламсаптан басқа ешбір дүниесі жоқ. Оның оқушыларға жасаған жақсылығына риза болған ата-аналар әр мезгіл азын-аулақ азық-түлік беріп тұрады.
Бір айта кетерлік жайт, Питер Табичи 7 жыл бұрын қалалық жерде жеке мектепте дәріс берген. Оның табысы да жаман болмаған. Питер Табичи негізінен деңгейі өте жоғары ұстаз, бірнеше тілде меңгерген. Алайда бірде ауылдық мектепке барып көңілі құлазып қайтқан Питер Табичи өмірін ауыл балаларына арнаймын деп шешім қабылдаған. Содан бері ол ауыл балаларының білімін арттыруға күш салып келеді.
Жеңістен кейін сұқбат берген Питер Табичи: «Бұл менің ғана жеңісім емес. Оқушыларымның да еңбегі орасан зор. Олар болмағанда мен бұл жерде тұрмас едім», – деген. «Ал сізді не жігерлендіреді?» деген сұраққа: «Мен үшін ең қымбат дүние – оқушымның жеңіске жетуі. Олар жарыстан жүлдемен оралғанда мен өзімді ең бақытты адам сезінемін. Міне, осы мені жігерлендіреді», – деп жауап берген.
Питер Табичи жеңіске жеткен соң, оған 1 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржылай сыйлық берілді. Ол бұл қаржыны он жыл бойына 100 мың доллардан алып тұрады. Мұндай ірі көлем­дегі қаржыны не істейсіз дегенде? «Алдымен мектепті жаңар­тып, қайта саламыз. Сонан соң, мек­тепке қажетті барлық құрал-саймандарды алдыра­мын. Мек­тепке келетін жолды жөн­деймін. Сосын ауызсу мәселесін шешкім келеді», – депті қуаныштан Питер Табичи.

Асан ШАҢБАЙ

Жауап қалдыру