Луи Замперини

0
353
Louis Zamperini gestures during a news conference Friday May 9, 2014 in Pasadena, Calif. Ninety-seven-year-old World War II hero and former Olympian, Zamperini has been named grand marshal of the 2015 Rose Parade.(AP Photo/Nick Ut)

Луи Замперини 1917 жылы 26 қаңтарда АҚШ-тың Нью-Йорк қаласына жақын шағын ғана Олеан қалашығында италиялық Энтони Замперини отба­сында дүниеге келген.
Дәрігерлердің кеңесі бойынша Энтони Замперини отбасын алып Калифорнияға қоныс ауда­рады. Жанға жайлы жылы Калифорния Луидің денсаулығына оң әсер еткенімен, оның өміріне төнген қауіп сейілмей-ақ қойды. Бірде үйлерінде өрт шығып, әкесі барлық отбасын тысқа шығарып үлгергенімен, төсек астына жасырынған Луи жалындаған оттың ішінде қалып қояды. Әкесі Энтони Замперини өмірін тәуекелге тігіп Луиді әзер дегенде құтқарып алады. Осындай қайғылы оқиғадан көп уақыт өтпей аулада ойнап жүрген Луи көрші үйдің бассейніне құлайды. Анасы көршілермен әңгіме-дүкен құрып, баласының көрінбей қалғанын да байқамайды. Арада 10-15 минут өткенде ғана суға батқан Луиді көршілер байқап құтқарып алады. Луидің өкпесіне су жиналып, дәрігерлер оның өмірін зорға аман алып қалады.


Италиялық Энтони Замперинидің отбасы ағылшын тілін жетік біл­мейтін. Сондықтан да Луи мектеп қабырғасында мазақ пен зорлыққа көп ұшырайтын. Алайда мінезі қайсар Луи өз-өзін қорғау мақсатында бокс үйірмесіне жазылады. Көп ұзамай ол бокстың біршама қыр-сырын үйреніп, мектепте әлімжеттік көрсеткен балаларды соққыға жығуды әдетке айналдырады. Оның тәрбиесіне алаңдаған әке-шешесі боксқа баруына тыйым салса да, мектепте бұзақылық жасауды бәрібір қоймайды. Оның спортқа деген үлкен талабын байқаған ағасы Пит Луиді мектептегі орта және алыс қашықтыққа жүгіру командасына қосады. Луи спорттың бұл түріне басында жүрдім-бардым қарап, аса қызығушылық танытпайды. Бірде бір мильге (1609,344 м) жүгіруден мектепаралық үлкен жарыс өтеді. Осы жарысқа команда құрамында қатысқан Луи бір мильдік қашықтықты 4 минут 21,2 секундта бағындырып, әлемдік рекорд орнатады. Ал 1934 жылы осы қашықтық бойынша Калифорния штатының чемпионы атағын жеңіп алады. Бұл нәтиже оған Оңтүстік Калифорния университетіне тегін оқуға стипендия сыйлады. Луи 1936 жылы 5000 метр қашықтыққа жүгіруден әлем рекордсмені Дон Лэшпен бірдей нә­тиже көр­сетіп, АҚШ олим­пиада құрама коман­дасының тізіміне енді. Осылайша 19 жастағы Луи АҚШ тарихындағы бұл спорт түрінен ең жас олимпиадашы атанды.
Луи 1936 жылы Берлиндегі жазғы Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Ол кезде АҚШ-тан Еуропаға кеме арқылы сапар шегетін. Ел намысын қорғауға аттанған Олимпиада ойыншыларына кемеде барлық қызмет түрі тегін көрсетілетін. Түрлі ас пен тәттіні көрген Луи Еуропаға жеткенше барлығынан дәм татып үлгереді. Кейіннен Луидің өзі «Мен бұл саяхатта өмірімде көрмеген тағамдарды көрдім. Сондықтан өз нәпсімді ұстап тұра алмадым», – деген болатын. Нәтижесінде Луи Еуропаға жеткенше 5-6 кг қосымша салмақ арттырады. Артық салмақ аяғына тұсау болған Луи 5000 метр қашықтыққа жүгіруден сегізінші орынға ие болды. Бірақ оның қайтпас қайсарлығы мен жеңіске деген құштарлығы сол кездегі жанкүйерлерді тәнті етті. Оның бұл қасиетіне риза болған Адольф Гитлер Луимен жеке кездесіп оған сәттіліктер тілеген.
1941 жылы қыркүйекте Жапон әскері Перл-Харборға шабуыл жасады. Бұл шабуылдан соң АҚШ адамзат тарихындағы зұлматты екінші дүниежүзілік соғысқа қатысатынын мәлімдеді. Луи ел қорғауды азаматтық борышы санап, АҚШ әскери-әуе күштерінің қатарына жазылды. 1943 жылдың көкек айында Луи қызмет атқаратын бомбылаушылар тобына әбден тозығы жеткен B-24 бомбылаушы ұшағы беріледі. Бұл ұшақты әскери ұшқыштар келемеждеп «ұшатын кірпіш» деп атайтын. Дәл осы жылы 27 мамырда жоғалған бомбылаушы B-25 ұшағын іздеуге шыққан Луи мінген «ұшатын кірпіш» техникалық ақаулар салдарынан екі қозғалтқышы істен шығып Тынық мұхитына құлайды. Оаху аралынан 1500 км астам жерге құлаған ұшақтағы 11 адамнан үш кісі аман қалады. Олар: Луи Замперини, басынан жарақат алған ұшқыш Рассел Аллен және Фрэнсис Макнамар. Ашық мұхитта дәм-тұзсыз қалған үшеуі құтқару баллондарынан қайық жасап аман қалды. Бірақ ұшақ құлаған жерден қан иісін сезген акулалар үшеуін торуылдап әр кезде шабуылдап та қоятын. Үшеуін мұхитта акулалар торуылдаса, көктен Жапон әскери ұшақтары да әркез бұларға оқ атумен болды. Осындай қиын-қыстауда Фрэнсис Макнамар қаза табады. Адам айтқысыз ыстық пен аштыққа төзе алмаған Луидің жанындағы жарақат алған Рассел Аллен есінен айырылып, талай рет өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенеді. Оны бұл ниетінен Луи қайтарып, оған түрлі әңгімелер мен Еуропаға саяхаттағанда көрген тағам түрлерін айтып қызықтырады. Екеуі мұхиттан балық пен шағала ұстап шикілей жеген күндері де болады.
Ашық мұхитта ағыспен ағып сенделгендеріне 47 күн болғанда дауыл тұрып екеуін белгісіз жаққа ұшырып кетеді. Оларды ес-түссіз күйінде Маршалл аралдарындағы балықшылар табады. Бұлардың америкалық әскерлер екенін білген балықшылар қорыққанынан жапон әскерлерінің қолына тапсырады. Жапон императорының әскерлері Луи мен Расселді бөлек-бөлек тұтқындар лагеріне жібереді. Мұхиттағы адам төзгісіз қиындықтардан кейін қолға түскен Луи 57 кг салмақ жоғалтқан болатын. Тұтқындар лагерінде берілген тамақтың барлығын жеп, өмір сүруге деген құштарлығымен танымал болды. Ол тұтқындар арасында түрлі қызықты әңгімелер айтып, оларды өмір сүруге ынталандырды. Оның беделінің күннен-күнге өсуін жақтырмаған жапон сержанты Муцухиро Ва­танабэ қор­лықтың түр-түрін көр­сететін. М. Вата­набэ лагерь тұт­қын­дарын алаңға жи­нап, Луиге ауыр бөренені басынан жоғары көтеруді бұйыратын. «Егер бөренені түсіріп алсаң, барлығың таяққа жығыласың», – деп қорқытатын. Алайда қайсар Луи бөренені М.Ватанабэ шылымын шегіп болғанша басынан жоғары көтеріп, ерлік көрсететін. Бұған ызаланған М.Ватанабэ Луиді алаңдағы бағанаға байлатып, апта бойы су мен ешбір дәм татқызбайтын. Қанша қорлық көрсе де Луи басқа тұтқындарға көмектесуін тыймайтын. 1943 жылы маусымда АҚШ президенті Франклин Рузвельт із-түссіз жоғалған Луиді қаза тапқандар қатарына жатқызып, әке-шешесіне көңіл айту хатын да жолдайды.

Луиді тұтқында азаптаған жапон сержанты Муцухиро Ватанабэ.

Екі жыл тұтқында болып, қор­лық­тың ауыр азабын тартқан Луи Зам­перини 1945 жылдың қыр­күйе­гінде елге оралды. Оны АҚШ-та халық батыры ретінде қарсы алып, ерекше ықылас танытты. Оған капитан лауазымы беріліп, АҚШ-тың кез келген штатында түрлі қызметтер тегін көрсетілетін бол­ды. Елге оралған Луи оратор-моти­ватор ретінде соғыстан кейінгі өмір­ге бейімделу бойынша дәрістер оқыды. Мұнан бөлек саламатты өмір салтын насихаттап, спорт жаршысы болды. 1998 жылы 81 жастағы Луи Замперини Жапониядағы Нагано қаласындағы қысқы Олимпиада ойындарының алау эстафетасына қатысты. Бұл кезде көзі тірі, өзін азаптаған М.Ватанабэмен кездесіп, оны кешіргендігін айтқысы келетінін мәлімдеген еді. Алайда М.Ватанабэ бұл кездесуден бас тартып, тілшілерге кешірім қажет еместігін астарлып жеткізген екен.
2014 жылы 2 шілдеде Луи Замперини пневмония ауруынан көз жұмды.

Жүсіп ЖҰБАТ,
«Prezident & Halyq»

Жауап қалдыру