Луи де Фюнес

0
108

Барлығымызға белгілі француз актері – Луи де Фюнестің ширақ қимылы, шыдамсыз, шапшаң әрекеті, тіпті түр-cипаты, дене-тұрқының өзі езуге еріксіз күлкі үйіреді. Құдды өмірге осы қалпында келіп, осы қалпында бақиға аттанғандай. Көрермен есінде дәл осы бейнесі жатталып қалған. Олай болатын себебі де жоқ емес. Өйткені танымалдылық табандылық пен еңбектің арқасында ғажап талант иесіне өмірінің соңғы 20 жылында келген.
Ол 1914 жылы 31 шілдеде Францияның Курбевуа қаласында туылыпты. Бір қызығы, Луи француз емес, испандық болып шықты. Оның ата-анасы некелеріне қарсылық болғандықтан Севильядан Францияға қоныс аударған екен. Жасынан шығармашыл, бірақ сотқар болған. Мектепте озаттығымен көзге түспесе де, өзінің сүйікті істерінде алдына қара салмаған. Сурет салуға, фортепианода ойнауға аңсары ауып, кейінгісін кәсіби деңгейде меңгеріп алады. Испан, француз тілімен қатар ағылшын тілінде де еркін сөйлеген. 1931 жылы жоғары сыныпта ата-анасы ағасы екеуін қолөнер мектебіне ауыстырады. Алай­да сотқарлығы үшін бір жылдан кейін ол жерден қуылады.
Қолында аттестаты да жоқ 17 жастағы Луи мұнан кейін өз бетінше жұмыс іздейді. Алайда бірнеше әрекеті қиқар мінезіне бола сәтсіз аяқта­лады.
Киім дүке­нінде істей бастап, бір аптадан соң тентектік жасағаны үшін жұмыстан шығарылады. Кафеге даяшы болып тұрып, ол жерде де
жарытып істей алмайды. Үш күннен кейін қонақтармен ерегесіп, жұмыстан қуылады. Қонақүйден аға даяшымен төбелескені үшін, кітап дүкенінен кітапты бүлдіргеніне бола, рестораннан қонаққа кофе шашып жібергені үшін қуылып, айналдырған бір жылда оннан астам жұмыс орнын ауыстырады. 1932 жылы әкесі Париж кино мектебіне техникалық мамандыққа оқуға түсіреді. Ескі әдетіне салған ол сабақ кезінде өрт шығара жаздап, бұл жерден де шығарылады.
Бес жыл бойы әр жерде салпақтап, 1936 жылы отау құрады. Өкінішке қарай бұл некесі сәтсіз аяқталады. Тұрақты жұмыс пен табыстың жоқтығы жастар арасына жік салғанға ұқсайды. Некелерін бір жылдан кейін дүниеге келген бала да құтқара алмайды.
Бірде Париждегі барлардың біріне пианист болып жұмысқа тұрып, сонда ұзақ жыл тер төгеді. 1940 жылы немістер Францияға басып кіргенде Луи әскер қатарына шақыры­лады. Алайда тапал бойының кесірінен оны әскерге алмайды. Луидің бойы 164 сантиметр, салмағы 55 келі ғана болған.
1942 жылы Луи актерлік курсқа жазылып, спектакль мен концерттерде ойнай бастайды. Курс сабақтары кезінде көрнекті француз жазушысы Ги де Мопассанның туысы Жанна де Мопассанмен танысып, 1943 жылы онымен шаңырақ көтереді. Одан екі ұл сүйеді.
Әр нәрсенің басын шалып, орда бұзар отыз жасынан асқанда кино әлеміне келген Луи­дың алғашқы рөлі 40 секундтық эпи­зодтан басталыпты. Бұдан кейін де қатарынан 80 фильмде тек эпизодтарда төбе көрсетіп жүрген. Біртіндеп төртінші, үшінші, екінші пландағы кейіпкерлерді сомдай отырып, кино әлемінде белгілі бола бастайды. 1958 жылы «Ұсталмаған – ұры емес» фильмі жарыққа шығып, үлкен табыс әкелді. Осы фильм Луиді жарқ еткізіп, атын шығарған фильм болды. Бұл оның түскен 105-ші фильмі еді.
Мұнан соң Лиу ойнаған «Пик-Пик», «Сен-Тропелік Жандарм», «Жандарм Нью-Йоркте»,
«Жандармның үйленуі», «Жандарм демалыста»,
«Жандарм мен жандармдар» картиналары, бірнеше бөлімді «Фонтомас» фильмі оны әлемдік жұлдызға айналдырды. Ұзақ жыл қинаған тұрмыс тауқыметі артта қалып, Луи Францияның ең дәулетті актерлерінің қатарына қосылды. Оның гонорары аңызға айналған Ален Делондікінен де асып түседі.
Кезінде танымалдылыққа асыққан Луи, атақты болғаннан кейін тыныштық іздеп, адам көп жүретін жерлерден бойын аулақ ұстаған.
1975 жылы жүрек талмасы ұстап, денсаулығы сыр бере бастайды. Дәрігерлер актердің отбасына науқастың санаулы күндерінің қалғанын айтады. Алайда Луи қайта аяққа тұрып, бірнеше фильмге түсіп, 1983 жылы 27 қаңтарда үшінші жүрек талмасынан қайтыс болады. Оның қазасын естігендер басында қалжың деп ойлап қалған ­көрінеді.

Төрткен ҚЫЗЫЛЖАР

Жауап қалдыру