Әлемдегі ең кедей президент

0
20

Асылында, «кедейлік» түсінігі материалдық жағ­дайдың жұтаңдығымен шек­телмесе керек. Адам бо­йындағы ашкөздік, дүние­қоңыздық сынды жағымсыз қылықтар оның «рухани кедейлігінен» хабар береді. Сондай әдеттен ада жан болса ол – Хосе Альберто Мухика Кордано дер едік. Уругвай елінің басшысы «Әлемдегі ең кедей президент» деген бейресми атқа ие. Оның әрекеті таңғалдырмай әрі тамсандырмай қоймайды.
2010-2015 жылдары Уругвайды басқарған Мухика Кордано өзінің президенттік жалақысының 90 пайызын қайырымдылыққа жұмсапты. Жалақысының өзіне қалған 10 пайыздық бөлігін аз деп әсте ойлаған емес. Өйткені уругвай­лық­тардың ішінде одан да аз қаражатқа өмір сүре­тін­дердің бар екенін білетін. Сондықтан 1250 долларлық жалақыны місе тұтыпты.
Мухика Кордано 1935 жылы 20 мамырда Уругвай­дың астанасы Монтевидео түбінде қарапайым фер­мердің отбасында дүниеге келген. Ол жастайынан сая­­сатқа қызығып, Ұлттық партия мүшесі болды. Кейін «Тупамарос» деген ұйым құрды. Олар байлардың банк, дүкен, автофургондарын тонап, кедей-кепшіктерге таратып беретін. Қақтығыстар кезінде атыс-шабыс үйреншікті жайт. Бірде алты жерден жараланып, өлім аузынан қалғаны бар. Сол әрекеттері үшін 4 рет істі болған. 10 жылдан астам уақытын темір тордың ар жағында өткізген. Оның 2 жылын қатаң тәртіптегі жалғыз адамдық камерада өткізеді. Жалғыздықтан есінен ауыспау үшін сол жердегі жыбырлаған жәндік, құрт-құмырсқа, бақамен сөй­лескен екен. 1985 жылы мерзімі аяқталып, бостан­дыққа шығады.
Биік мақсаттарға ұмтыл­ған Кордано «Халық­тың қатысуымен әрекет» атты партия құрып, саясатқа араласады. 1994 жылы депутат болып сайланады. Артынша 1999 жылы сенатор болып тағайындалады. 2005-2008 жылдары елдегі ауыл шаруашылығы, мал өсіру және балық аулау министрлігін басқарады. 2009 жылы президент сайлауына түсіп, жеңіп шығады.

Ол президент болған тұста ел экономикасы әжептәуір дамыды. Ысырапшылдық азайды. Азық-түліктің бағасы үнемі бақылауда болды. Ол жалпы білім беруді тегін қылып, әр оқушыны арзан компьютермен қамтамасыз етті. Кедейшілік деңгейін 34 пайыздан 11 пайызға дейін төмендетті. Жұмыссыздық 6 пайызға кеміді. Бұл Латын Америкадағы ең төмен көрсеткіш. «Тұрғынүй салу» қоғамдық бағдарламасын ашты. Оған президент жалақысының да бір бөлігі түсіп отыратын. Ол шығындарын жасырмайтын әлемдегі алғашқы президент атанды. Саясаттанушылар оны «халықпен бір тілде сөйлескен президент» деп атайтын.
Кордано тек өз елін ғана ысырапшылдықты азайтуға үндеген жоқ, бүкіл әлемді «гипер астамшылдықтан» сақтануға шақырды. Басқа мемлекеттерге кездесуге барғанда, жеке ұшақтан бас тартып, қарапайым әуе рейстеріндегі экономкласспен ұшатын.
Әйелі Лусия Тополанскимен қала сыртында ескі үйде тұрды. Көкөністер өсіріп, гүл егіп, оларды сатуға шығарады. Олардың жалдамалы жұмысшылары да болмады. Қажет жағ­дайда жергілікті ауыл емха­насына барып, ауылдастарымен кезек күтеді. Кешкісін жұмыстан кейін өзінің көлігімен дүкенге кіріп, азық-түлік алады. Оның банк счетында қаражаты да жоқ, қарызы да жоқ. Тіпті қымбат костюмы, ұялы телефоны, кредит картасы да болмады. Тек 1 гектар жері бар. Әйелі екеуі сол фермада өздері еңбек етеді. Құдықтан су тасиды, үй шаруасымен айналысады.

«Қазіргі заманауи саясат қысқамерзімді прагматизмге құрылған. Базар бағасына мән бермеу мүмкін емес. Біз дін мен философиядан алшақтап қалдық. Бізге қалғаны, тек базар бағасының пайымымен әрекетімізді автоматтандыру», – дейді экс-президент.
Кордано Отанын шексіз сүйді. Ол «Уругвай – ессіз әлемнен қашқандардың аралы» деп отыратын. Кейде оның қарапайымдылығы басына таяқ болып та тиген екен. Бірде кезекті баспасөз мәслихатында қосылып тұрған микрофонды аңдамай, көмекшісіне «мына жалмауыз кемпір, қыли шалдан да әрмен ғой» деп Аргентинаның президенті Крестина Киршнер мен оның қайтыс болған күйеуі, бұрынғы президент Нестора Киршнер жайлы қойып қалғаны бар. Мұның арты үлкен дауға айналып, екі елдің арасындағы келісім шарттар бұзылған болатын. Артынан кешірім сұрап: «Мен жылы сөзді естімеген кәрі солдатпын, түрмеден қалған әдет» деп ақталған екен.
Кордано «Мені әлемдегі ең кедей президент» деп санайды екен. Бірақ мен кедей емеспін. Кедейлер – шалқып өмір сүру үшін жұмыс істейтін адамдар. Өмірден өте көп нәрсені талап ететіндер, ешқашан қанағаттанбайды. Олардың құлқы тоймағандықтан, еш­қашан байымайды. Маған көп нәрсенің керегі жоқ. Мен дүниеге басымды ауыртпаймын, сондықтан өзімнің сүйікті ісіммен айналысуға уақыт табамын. Азаттық – өмір сүру үшін уақыт табу» дейді бір сұқбатында. Расында, күнделікті күйбең тіршілікпен бостандықтың не екенін түсінбей де қаламыз.
2015 жылы президенттік орынтақты өткізген соң, халықтық дауыспен парламентке қайта оралды. Қазір зейнеткер.
Әлемді бай әрі сараң саясаткерлер басқарып тұрған заманда Хосе Альберто Мухика Кордано сынды президенттің болғаны бүкіл адамзатқа өмірлік үлгі.

Әлбина ТУЛАҚОВА,
«P&H»

Жауап қалдыру