Концлагерь мен ГУЛАГ-тан тірі қалған

0
162

Бұл жолы неміс концлагерінен дін-аман шығып, елге келген соң ГУЛАГ-та мүгедек болған совет солдатының тағдыры туралы әңгімелемекпіз. Біздің кейіпкеріміздің тартқан азабы мен көрген тауқыметін айтып, оңашада ақтарыла әңгімелесіп, сыр шертісетін адамы болған. Ол адам – менің әріптесім Мерхаттың әкесі, журналист, жазушы, ақын Тоқтархан Шәріпжанов марқұм. Кейін бұл сырды ол ұлы Мерхатқа айтып, ал Мерхат осы жолдардың авторына әңгімелеп берген еді.
Алмағайып тағдыр иесінің аты-жөні – Бәдіріш Смағұлов. Әйелінің есімі – Ләззатбану, неге екені белгісіз, әуелі туған-туыстары, сонан кейін ауылдастары оны Шөкек деп атап кеткен.
Бәдіріш ауылдың қарапайым трак­тор­шыларының бірі еді. Көш­пенді қазақтың кез-келген баласы секілді Бәдіріш те малдың жай-жапсарын жақсы білетін, керек болса бие де сауатын, дәл осы ептілігі туған жерден жырақта талай рет аштық құрсауынан алып қалды.
Бәдіріш Смағұлов 1918 жылы сол кездегі Самар ауданында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданында) туды. Кеңестік насихат бойынша Ұлы Отан соғысы аталып кеткен Екінші дүниежүзілік соғыс басталардан бір жарым-екі жыл бұрын 20-21 жастағы бозбала Бәдіріш әскерге алынған.
Бәдіріш 20-ға, Ләззатбану 18-ге толар-толмаста, 1939-40 жылдар ша­ма­­сында үйленіп, некелерін қи­дыр­ды. Қазақтың келін түсіру то­йын­­да атқарылатын жол-жора бі­рер күн­де бітпейді. Үш күн тойдан кейін Бәдіріш әскерге аттанд­ы. Қа­лың­­дығы ата-енесінің үйінде қа­ла берді.
1941 жыл, маусым айы. Брест қамалы, Беларусь. 1941 жылы 22 маусымда, таң құланиектене Германия СССР-ге соғыс жарияламастан, жер мен көктен бірдей атқылап, совет әскеріне ес жиғызбай, тұт­­қиылдан басып кірді. Жаумен ең бірінші бетпе-бет келген – кейін аты аңызға айналған Брест қамалы еді. Ал дәл осы Брест қамалында Бә­діріш Смағұлов та кіші командир болып қызмет ететін.
Кескілескен тоқтаусыз шайқастан кейін олардың әскери бөлімі шегініп, орманды паналады. Ақыры барлығы тұтқынға түсті. Қоршаудан шықса, санаулы солдат пен офицер ғана шыққан болар. Қолға түскендердің ішінен еврейлер мен еврейге ұқсайтындарды, командирлер мен коммунистерді сыпыра жинап алды.
Еврей саналған қазақ
Бәлкім, маңдайының соры шығар, өмірі еврей көрмеген сонау қиыр­дағы қазақ баласы әрі кіші командир Бәдіріш Смағұловтың түрі қазаққа ұқсамайтын болып шықты. Мұсылман дәстүрімен сүндеттелген қара торы жүзді Бәдірішті немістер еврей деп есептеді.
Сөйтіп ол еврейлердің, офицерлер мен коммунистердің қатарынан бір-ақ шықты. Немістер оларды жаңа қазылған терең шұқырдың жиегіне тұрғызып қойып, сөзге келмей атты да тастады… Дәл осы тұста Бәдірішті табиғи түйсік алғаш рет құтқарып қалды. Неміс сол­дат­тары автоматпен ажал оғын бұрқы­рата сепкен кезде ол оқ тимей-ақ шұңқырға секіріп кетті.
Бәдіріштің үстіне басқа қарулас­тарының денелері бірінен кейін бірі құлап жатты, бірақ оған еш за­қым кел­меді. Тағы бір ғажабы – неміс­тер­дің шұңқырды көмбестен кетіп қал­ғаны.
Шұңқырдан тырмысып шығып, қанша күн екенін есінде жоқ, белорус орманының ішінде не істерін білмей көп жүрді. Әбден титықтап, аштықтан көзі қарауытқан кезде белорус деревняларындағы бір үйдің есігін қаққан еді. Есікті ашқан егде әйел оған ас-су беріп, түнде монша ішіне жатқызып тастады. Бәдіріш таңертең көзін ашқанда төбесінен неміс офицерінің төніп тұрғанын көрді.
Екінші қайтара қолға түскен Бә­діріш өзінің еврей де, коммунист те емес екеніне немістерді ақыры сен­дірді. Бірақ кіші командир бол­ғанын мойындады. Оны сол жерден Германияға қарай айдады. Бәді­ріш соғыстың соңына дейін совет тұтқындарында арналған бірне­ше лагерьде болды. Күн сайын онда­ған адам өліп жататын лагерьде көшпенділер баласының тірі қа­луына, қызық болғанда, сол баяғы мал сауа алатын ептілігі септігін тигізді. Осы ептілігінің арқасында қай жерге барса да бірден шаруа­шылық жұмыстарына жегілді, сөй­тіп сәті келгенде сиыр сауып, сүт ішіп, жан сақтап қалды. Оның Түр­кістан легионына түскенде де қо­сал­­қы шаруашылықта жұмыс істе­гені сол себепті еді…
Сахалинге жол
Бәдіріш Түркістан легионының қосалқы шаруашылығында жұмыс істей жүріп Италияға дейін барды. 1945 жылы одақтастар әскері оны осы жерде азат етті. Бірде бұрынғы Түркістан легионерлері, ендігі АҚШ әскерінің тұтқындарына АҚШ офицерінің формасын киген бір адам келеді. Әлгі офицер сап алдындағы алаңның ортасына бөшке қоюды бұйырады. Содан соң: «Кімде-кім Совет Одағына қайт­қысы келсе, бөшкенің арғы жағы­на шықсын»,– дейді.
«Одақтас мемлекет ретінд­е СССР-мен жасалған келісім бойын­ша барлықтарыңызды совет әскері­не тапсыруға міндеттіміз. Бірақ ол жақта сендерді ГУЛАГ күтіп тұр­ға­нын білеміз, – дейді ол. – Сон­дықтан дәл қазір әлі де таңдау мүм­кіндіктеріңіз бар. Егер АҚШ-тан бас­пана сұрағыларыңыз келсе, бөш­кенің бергі жағына шығыңыз­дар».
– Тұтқындардың көпшілігі отанына, яғни Совет Одағына оралғанды жөн көрді, – дейді Бәдіріш Смағұлов. Бірақ өзі екі жаққа да шықпай, ортада қалып қойды. Бұл «Еуропада қаламын» деген сөз еді.
Біздің кейіпкеріміз немен шұғыл­дан­ды, қалай күн көріп, қайтіп тіршілік етті? Бұл жөнінде Тоқтархан Шәріпжановқа, бәлкім егжей-тегжейлі айтқан да шығар. Бірақ менің әріптесім Бәдіріш Смағұловтың Батыс Еуропада (Батыс Германияда, Италия, Австрияда) жүргенін ғана білетін болып шықты.
Сталин өлген соң, 1953 жылдың көк­темінен бастап СССР басшы­лығы неміс тұтқынында болғандарға ғана емес, соғыс жылдары Герма­нияға күштеп айдалғандар мен Аза­мат соғысынан кейін елден жылыс­таған ақ эмигранттарға да рақым­шылық жасауға ант-су ішіп, өзінің бұрынғы азаматтарын қайтару үшін аянбай үгіт-насихат жүргізді.
Бұл сөзге көптеген адамдар секілді Бәдіріш Смағұлов та сенді. Бәлкім өзін-өзі күштеп сендірді ме екен… өйткені туған жер, ата-жұрт, ағайын-туысқа деген сағыныш шерге айналып бара жатты. Ақыры елге қайтуға бел буды. Алайда СССР-дің батыс шекарасынан өтісімен, НКВД қолына дереу кісен салып, ГУЛАГ-қа, сонау Сахалин жарты аралындағы жер асты шахтасының ауыр жұмысына жегілген тұтқындар қатарына жөнелтті де жіберді.
Жарылыс
Бәдіріш бұл шахтада 1955 жыл­дың ортасына дейін, яғни бір жарым-екі жылдай ғана жұмыс істеді. Бір күні күтпеген жерден бұрқ ет­кен жарылыс тағдырын күрт өзгерт­ті. Адамзат тарихында бұрын бол­маған ойран мен нацистердің өлім лагерінен дін аман шыққан адам бейбіт күнде советтік ГУЛАГ-тағы осы бір алапат жарылыстан кейін біржола мүгедек болып қалды.
Ләззатбану «кебін киген кел­мей­ді, кебенек киген келеді» деген үміт­пен жарының жолына қарай­лау­мен ғұмыр кешкен көптеген қазақ әйелдері секілді, отағасы­на адалдығын сақтап, Бәдіріштің отын өшірмеді.
ТҮСІНІКСІЗ ЗАТ
Осылай он бес жыл өтті. Ләззатбану 1955 жылы жаздың соңын ала үй сыртынан тосын шу естіп, далаға атып шықты. Шықса, қолына түсініксіз зат ұстаған денелі орыс жігіті ауыл адамдарының қаумалауымен тура өз үйіне қарай беттеп келе жатыр екен.
Барлық жері дәкемен таңылып, кей тұсы кір-кір шүберекпен оралған бұл зат өзінің көптен күткен… күтпеген күйеуі еді. Өз денесін өзі ұстай алмайтын Бәдіріш туған топырағына сан жылдан кейін осылай жетті.
Сонау жас күндерінде табыспай жатып айрылысып, есейгенде қайта кездескен қос мұңлықтың бірін-бірі қалай танығанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, әрине. Сап-сау, тепсе темір үзетін Бәдіріш бір көзінен айырылып, бір қолы иығынан жұлынып оралды. Екінші көзі де қатты нашарлаған.
Ол аз болса, Бәдіріштің денесіне шахтадағы қара көмірдің шаңы әбден сіңіп кеткен. Ауыл балалары оның түрінен қорқатын болды, кейін сыртынан «Фантомас» деп атап кетті. Фантомас – 1970 жылдары совет адамдары есі кете көрген танымал француз фильмінің бас кейіпкері болатын.
Әрі қарай өмір ағысы өзі алып кетті. Бәдіріш пен Ләззатбану сары уайымға салынбай, елмен бірге тіршілік етуге көшті. Ләззатбану дүниеге үш ұл, үш қыз әкелді. Бәдіріш сау көзін аз-маз емдетті, жасанды қолға да үйренді, тіпті комбайн мен трактор да айдады. Жасанды қолмен-ақ орақ ұстап, шөп орды, сөйтіп бала-шағасын ешкімге жәутеңдетпей, аман-есен жеткізді.
Алты бала тәрбиелеп өсірген, өмірден көрмеген теперіші жоқ Бә­діріш Смағұлов 1988 жылы 70 жа­­сында дүние салды. Өмірі­нің соңына дейін КГБ-ның бақы­лауын­да болды. Бәдіріштің адал жары Ләз­затбану (Шөкек апай) Смағұ­лова­ның жүрегі 2004 жылы 83 жасын­да тоқтады.

Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ

Жауап қалдыру