ГУЛАГ тұтқыны қалай Қызыл әскер офицеріне айналды?

0
37

Тағдыр менің әкем Бал­мұхан Жармұхамбетов тың пешенесіне ең қиын сынақ­тарды жазыпты. 30-шы жыл­дардағы ашаршылық, Колы­маның ГУЛАГ лагеріндегі қиын күндер, екінші дүниежүзілік соғыстан алған ауыр жарақат, міне мұның барлығы да бір адамның басынан кешкендері. Бірақ мұндай ауыр сынақтың бірі де оны мойыта алмады. Қайта шыңдай түсті, бұрынғы тұтқын қан майдан даласында Қызыл әскердің офицеріне, атқыштар взводының командиріне айналды. Ұлы Отан соғысында тобығынан қан кеше жүріп, еліне Же­ңіспен оралды.
Ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі болар ардагер қарапайым өмір сүрді, басылымдарда ол жайында еш мақала жарық көрген емес. Журналистік қызметім барысында мен соғыс ардагерлері туралы ондаған материал жаздым. Бірақ, әкемнің тағ­дыры жайында алғаш рет сөз қозғамақпын.

МИЛЛИОНДАРДЫҢ БІРІ
Ол 1914 жылы Петропавловка маңындағы кеңестік уақытта Туражол деп аталған ауылда дүниеге келді. Бас­тапқыда медреседе білім алып, кейіннен балалар үйінде тәрбиеленді. Құйқаның дәмін ашаршылық білдіреді дейді. Саршұнақтың етімен, шөптің тамырымен көректенген кезі көп болды. Мұны ол нан­ның қадірін білмей, аяқ асты жатқанын көргенде бала­лары­ның есіне салып отыратын.
30-шы жылдардың ортасында педагогикалық техникумды бітірген жас жігіт Ақтөбе облыстық білім беру бөлімінде балалар үйі жөніндегі инспектор болып жұмыс істеді. Оған ашаршылықтан кейін республика аумағына тарыдай шашылған панасыз балалармен жұмыс істеу жүктелді. Милиция қызметкерлерімен бірлесіп, панасыз балаларды Ақтөбенің жолаушы­лар вокзалында ұстап, арнайы тіркеуге алып, ел аумағындағы балалар үйіне жөнелтіп отыратын. Оның айтуынша, жертөлелерде, вокзал қал­тарыстарында өмір сүріп жүрген қамқорсыз бала­лар­дың басым бөлігі ата-анасы тұрмақ өзінің шыққан тегін де білмейтін. Балалардың құжатын рәсімдеу барысында тіпті кейбірін өзінің тегіне де жазып жіберетін. Бірақ, тағдыры бір күннің ішінде түбегейлі өзгеріске ұшырады.

ТҰТҚЫН
Сол уақытта Петропавловкада балалар үйі болған еді. Бірде, 1935 жылдың жазында мекеменің екі тәрбиеленушісі қашып кетіп, Қарғалы суына батып кетті.
Құзырлы органдар кінәлі­лер­ді, кеңестік жүйенің «қас жауларын» тез тапты. Олардың қатарында балалар үйін үйлестіру жұмысымен айналысатын 22 жастағы білім бөлімінің инспекторы да бар еді. Оны соттады. Осылайша, менің әкем халық жауына айналып, тұтқын болып шыға келді. Түрме, одан кейін Пермь облысындағы Соликамск қаласындағы лагерь, үш жылға созылған тұз шахтасындағы бейнет сырғып жүре берді. Арада біраз уақыт өткеннен кейін оны ГУЛАГ-тың солтүстікте орналасқан Колымадағы ағаш дайындау лагеріне жөнелтті. Әкем дәл осы лагерде түрмедегі ең қиын кезеңді бастан кешірді. Осылайша, жан азабымен қатар тән азабы қатар жүрген 3 жылды артқа тастады.
1941 жыл. Ұлы отан со­ғысы басталды. Біраз уақыт өткеннен кейін сотталған­дардан айыптылар бөлім­ше­сін құру және оларды алғы шепке аттандыру туралы қаулы жарыққа шықты. Бұл лагерлердегі мыңдаған кеңес азаматтары үшін тірі қалуға немесе Отанын қорғау жолында мерт болуға берілген мүмкіндік еді. Жауынгер Балмұхан бөлімше қатарына қосылып, соғыстың ең қиын бөлігі Мәскеу бағытына жол тартты.

ҚАНМЕН ЖУЫЛҒАН…
Жауынгердің айтуынша, айыптылар батальоны нағыз тозақ отының ортасында болыпты. Кешегі тұтқын тірі қалқанға айналды. Оларды жауға қарсы еш қарусыз айдап салды, соңдарынан мылтықпен, автоматпен қа­руланған әскер жүріп отырды. Шегінуге жол жоқ, кері қайтар болса, қызыл әскерлер оларды сұраусыз атып салуға құқылы еді. Алғашқы ұрыс барысында-ақ айыптылар ротасының жауынгерлері тү­гелге жуық қырылды. 120 адамнан тек 3 адам ғана ауыр жарақатпен тірі қалды. Сол үшеудің бірі Балмұхан болатын Басына оқ тиген жауынгер осылайша госпитальге түседі. Командир жазған анықтамада сотталушы «өз соттылығын қанмен жуды» деген сөздер карандашпен анық жазылған. Дәл осы сөз жауынгердің лагердегі қиындықты бастан кешкен күндерінің өтеуіндей еді. Емделіп шыққан жауынгер тағы да майданға аттанды. Сәл кейінірек, 1943 жылдың 26 наурызында Калинин майданының Әскери кеңесінің №022 қаулысымен «неміс басқыншыларына қар­сы ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін» оның соттылығы әскери уақыт заңымен толық алынды.
Ал бұл уақытта бұрынғы тұтқын атқыштар бөлімшесінің командирі, сержант ретінде сұрапыл соғыстың бел ортасында жүрген-ді. Кезекті жарақатынан кейін госпитальден шыққан ол кіші офицерлердің 6 айлық курсын бітіреді. Содан кейін кіші лейтенант шенін алған оны атқыштар взводының командирі қызметіне тағайындайды.

ЖАУЫНГЕРДІҢ КӨЗ ЖАСЫ
Ол еш уақытша соғыс жайында сөз қозғаған емес, ерлігін айтып мақтанып, мүгедектігі туралы құжатын көрсетіп, жеңілдіктер де талап етпеді. Әлі есімде, бірде мектеп ұстазы, көршіміз Әлия Байниязова оны оқушы­лармен кездесуге көндірген еді. Ол мектептен тез оралды. Кейінірек, Әлия апа кез­десудің қалай өткенін айтып берген еді. Жауынгер оқушылар тарапынан соғыс жайында қойылған алғашқы сауалдан кейін-ақ ұзақ уа­қыт үнсіз қалып, сұрапыл соғыстағы қантөгіс санасына оралғанда көзінен жас моншақтап қоя беріпті. Осыдан кейін оқушыларға бір ауыз сөз айтпастан, сыныптан шыққан ол ақсаңдай басып жөнелген.

ЖАЯЛЫҚ
Ұрыс барысында тиген оқ­­тың бірі аяғының сіңірін, бұл­шық етін талқандап, сү­йегін бүлдірді. Көмек бірден көрсетілмегеннен кейін сүйек іріңдеп, шіри бастады. Ұзаққа соғылған емдеу шараларынан кейін жаралы аяғы 10 сантиметрге қысқарды. 1945 жылы Ақтөбедегі үйіне балдағына сүйеніп оралды. Жалғыз емес. Қасында өзі емделген гос­питальде медбике болған Агрипина Пантелеева бар. Олардың дәм-тұзы жараспады. Агрипина жауынгердің отбасымен бірге Ақтөбеде ұзақ тұра алмады. Өйткені, жан дүниелері мүлдем бөлек-тін. Агрипина Мәскеу маңында дүниеге келген орыс болса, Балмұхан ата-анасы тақуа қазақ еді. Араға бір жыл уақыт салып, орыс келін еліне тартып тұрды. Әрине, бұл жайында сөз қозғауға болмас та еді. Бірақ, олардың арасындағы нәзік сезім қылы үзілген емес. Араға ондаған жылдар уақыт өтсе де олар бір-бірімен хат алмасып тұрды. Өзім куә болған, 1962 жылы жазылған сондай хаттардың бірінде жауынгер елдегі жаппай тапшылық кезінде орыс келіншектен Ақтөбеге сәбиге арналған жаялық жіберуін өтінеді. Ал орыс келішек болса, өзінің кезінде жары болған жауынгер қазақтың кезекті сәбиіне жаялық жіберуден арланған емес.

СӨЗ СОҢЫНДА
Ұлы Отан соғысындағы жеңісті тарту еткен миллион­даған жауынгердің бірінің өмір тарихы осындай. Ол соғыстан кейін білім саласына қайтып оралған жоқ. Қаржы техникумында білім алып, облыстық банкке жұмысқа тұрды, табаны күректей 33 жыл бойы банк жүйесінде жұмыс істеді. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Германияны жеңгені үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін» және «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды. Ол бұл марапаттарын аса жоғары бағалайтын. Ал көптеген мерейтойлық медальдарға, екінші дәрежелі «Отан соғы­сы» орденіне көзқарасы мүл­дем бөлек еді.

Жауынгер Балмұхан 1946 жылы сұрапыл соғыстың дәмін татқан Салихамен шаңырақ көтерді. Алайда, өмір оларды кезекті сынағымен қарсы алды. 4 баласы 1 жасқа толмастан бірінен кейін бірі шетіней берді. Соғыстың азабы жауынгердің жұбайының ден­саулығына да кері әсерін тигізген сияқты. 50-ші жылдары жауынгер Алға қаласына қоныс аударды. Ол бұл қалада Мемлекеттік банктің жергілікті бөлімшесінде бөлім бастығы болып жұмыс істеді. Дәл осы қалада, жасы 40-тан асқанда ол алғаш рет нағыз әке бақытын сезінді. Жұбайымен 6 бала тәрбиелеп (төменгі суретте), олардан немере сүйді. Ол осыдан 20 жыл бұрын туған жеріне деген барлық парызын орындап, балалары мен немелерінің, сүйген жарының ортасыннан о дүниеге аттанды.
Мен тағдырында осыншама қиындық көрген жауынгердің өмірінде қайырымды, ашық, ақжарқын болуының сыры неде, деп жиі ойға шомамын. Мүмкін, дәл осы қасиеттері оның өмірдің барлық қиын­дықтарын жеңіп, ұзақ та бақытты ғұмыр кешуіне себепкер болған шығар? Әлде бар құпия жауынгердің қарапайым әрі адал өмірі сүруінде шығар?
Сөз соңында айтарым, қалай болғанда да жауынгер – менің әкем Балмұхан Жар­мұхамбетов батырға лайық ғұмыр кешті.

Мирал ЖАРМҰХАМБЕТОВ.

Жауап қалдыру