Фашизмнен безген неміс солдаты

0
238

1941 жылы 22 маусымда яғни осыдан 77 жыл бұрын дәл осы күні Ұлы Отан со­ғысы басталған бола­тын. Мил­лиондаған адам өмі­рін жал­маған бұл қан­ды шайқас жайлы көптеген кі­тап пен ғылыми еңбектер жазылды. Алайда Ұлы Отан соғысының әлі де ашылмаған және айтылмаған қыры мен сы­ры жетерлік. Сондай сыр­лардың бірі – Фриц Шмен­кель ғұ­мыры.
Фриц Ганс Вернер Шменкель не­міс ұлтынан шыққан ке­ңес партизаны, ІІ жа­һан со­ғысындағы Кеңес Ода­ғы­ның батыры. Ол – қара бұлт­тай қаптаған фашизм идеология­сынан бас тартып, онымен күресті өмі­рінің мәніне айналдырған қа­һарман тұлға.
Фриц Шменкель 1916 жылы 14 ақпанда қазіргі Польша еліндегі Щецин қаласында неміс жұмысшысының отбасында дүниеге келген. Сол уақытта Польшада коммунизм идеологиясы кең тараған бо­латын. Фриц Шменкельдің әкесі Пауль Краузе жұмысшы табына әділдік әперетін коммунизм идеологиясын жан-тәнімен қолдаушылардың бірі болды. Пауль Краузе 1932 жылы Польшадағы ком­­му­нистер мен нацистер ара­сындағы қақтығыста қа­за тап­ты. Осылайша әке­сінен ерте айырылған Фриц Шменкель нацистік және фашистік партияларға қарсы күресуді өмірінің басты мақсатына айналдырады.
Фриц Шменкель Бейтен қа­ла­сындағы кәсіпорында жұ­мыс істей жүріп, астыртын неміс жастарының интер­нацио­налдық коммунистік партиясына мүшелікке өтеді. Бұл партияда ол фашистік идеология­ға қарсы күрес жүргізіп, нацистік билікті мой­ындаудан бас тар­туға шақырады. Оның ішінде, неміс жастарын коммунистік идеологияға көптеп тарту, не­міс әскері құрамында соғы­судан бас тарту мен биліктің қи­тұрқы саясатын әшкерелеу болды.
1938 жылы Фриц Шменкельге вермахттан әскери борышты өтеу жайлы шақы­ру келіп түсе­ді. Алайда Шмен­кель денсаулығын сыл­тау­ратып, әскерге барудан бас тартады. Оның бұл әре­ке­ті­нің астарында саяси мән жатқанын түсінген нацистік билік Шменкельді дереу Торгау қаласындағы абақтыға қа­майды. 1941 жылы Германия Кеңес Одағына соғыс ашып, тұтқындағы коммунис­терді алдыңғы шептерге салып қалқан ретінде қолдану жайлы шешім шығарады. Бұл кезде абақтыда жатқан Фриц Шменкель айлаға кө­шіп, фашистік идеологияға адал екенін айтады. Осылайша ол абақ­тыдан босатылып кіші командирлер дайындайтын әсери мектепке жіберіледі. Көп ұзамай Фриц Шменкель 1941 жылдың қарашасында кеңестік майданға тап болады. Ол жатса да, тұрса да әскерден қашып коммунистерге қосылуды жос­парлап жүреді. Мұндай сәт Смоленск облы­сындағы кішігірім шай­қас­та туады. Неміс әскер­лерінің шайқаспен әуре болып жатқанын пайдаланып, Фриц Шменкель фашистер жаса­ғынан қашып шығады.
Алайда Фриц Шменкель өзі ойлағандай коммунис­тер қатарына қосылуы оңай бол­­мады. Коммунистер қа­был­дау былай тұрсын, оған қа­рата оқ атады. Осылайша Фриц Шменкель үш айға жуық әр ауылдың төңірегінде бас сауғалап, жан сақтауға мәжбүр болады. 1942 жыл­дың ақпан айында неміс офи­­церлерінің қолына түсіп, Қорған ауылына абақтыға қа­малады. Дәл сол күні осы мекенге «Жойылсын, фашизм» партизан отряды шабуыл жасап, неміс әскерлерінің көзін жояды. Ал Фриц Шменкельді партизандар тұтқын ретінде алып кетеді. Партизандар Фриц Шменкельден фашистік әскердің бағыт-бағдарын, жос­парын білмек болады. Бірақ, Фриц Шменкельдің «ком­­муниспін, әскерден қаш­тым» деген сөзіне ешкім де сен­беді. Ақыр аяғында оны пар­тизандар ату жазасына кеседі. Осындай сәтте партизан­дар қосынына неміс әскері лап қойып, шабуылдай­ды. Тұтқиылдан жасалған ша­­буылға партизандар төтеп бере алмай барлығы бір үй­дің ішіне жасырынады. Осы кезде босап шыққан Шменкель қолына қару алып, үйге пулеметтен оқ жаудырып жатқан неміс әскерін атып өлтіреді. Жаңбырша жауған пулемет оғынының тыйылғанын көр­ген партизандар үйден шығып, қашып үлгереді. Міне, осы оқиғадан кейін партизандар Шменкель сөзіне сеніп, оған «Иван» деген ат қояды.
Фриц Шменкель «Жойылсын, фашизм» деген партизан отрядымен Смоленск облысында фашистерге қарсы күрес жүргізді. 1942 жылы 6 мамырда Шменкель жоспарымен фашистердің онға жуық танкісі жойылды. Бұл жос­парда Шменкель неміс тан­кілерінің әлсіз тұсы жанар-жағармай багіне оқ жаудыр­ды. Ал осы жылдың тамыз айында Шменкель партизандармен неміс офицерінің киімін киіп, 11 фашистік полицейді қақ­тығыссыз қолға түсірді. Фа­шистік билік Шменкель­дің бұл әрекеттерінен хабардар болған соң, оны ұстаған немесе өлтірген адамға қомақты ақша беретінін жария­лайды.
Шменкельдің ең бір үлкен ерлігі 1942 жылы қазан айында неміс генералының киімін киіп жолда азық-түлік пен оқ-дәрі тиелген бірнеше жау жүк көлігін тоқтатып бағытын өз­гертеді. Нәтижесінде пар­ти­­зандар қолына мол қа­ру-жарақ пен азық-түлік тү­седі. Шменкельдің бұл ерлігі Мәскеуге дейін жетіп, оны Кремльге шақырады. Мұнда ол қайта даярлау курсынан өтіп «Поле» деп аталатын тың­шы-диверсиялық тобы ко­мандирінің орын­басары қыз­метіне тағайын­далады.
1943 жылдың желтоқсан айында Батыс майданға жібе­рілген Шменкель жау әскері жайлы көптеген құн­ды ақпараттарды Мәс­кеуге хабар­лап отырады. Алайда 1944 жылдың ба­сында неміс барлау қызметінің қолына түседі. Осылайша фашистік офи­­цер­лердің үлкен бас ау­ру­ына айналған Фриц Шменкель 1944 жылдың 22 ақпанында Минскі түбінде ату жазасына кесілді.
Фриц Шменкель өз өмірін игі іс пен әділдік жолына арнаған адам. Ол сол тарихи кезеңде фашистік идеологияға қарсы коммунистік идеологияны әділ деп тауып, соған қызмет етті.
Фриц Шменкельдің әйе­ліне жазған хатынан:
«Мен өз таңдаған жолыммен соңғы демім қалғанша жүр­дім. Бұл арқылы саған жә­­не отбасыма үлкен ауырт­па­лық әкелгенімді білемін. Сол үшін сендерден кешірім сұ­раймын. Бірақ мен бұл жолды таңдағаныма өкінбеймін. Себебі мен ізгілік жолында өмірімді қидым».

Жүсіп ЖҰБАТ,
«P&H»

Жауап қалдыру