Бен Андервуд

0
48

әлемді құлағымен таныған бала

Адам баласына берілген үлкен нығметтердің бірі көз. Нәресте шыр етіп, дү­ние есігін ашқан сәттен бас­тап қоршаған орта жай­лы 90% мәліметті көз ар­қылы алады екен. Адам жа­нары 100 миллион түсті ажы­рата алатын қасиетке де ие. Алайда осындай үлкен бақытқа жете алмай жанары­нан айырылған жандар да аз емес. Солардың бірі амери­ка­лық Бен Андервуд. Бірақ Беннің бұл жағдайы әлемді тануға еш кедергі бола алмады.
Бен Андервуд 1992 жылы Калифорния штатындағы Ри­версайд қаласында дүниеге келген. Тумысынан Беннің он екі мүшесі де сау болған. Алайда оның бір көзінің түсі де, пішіні де өзгеше болатын. Анасы Акванетта бұған қатты мән бермеген екен. Бен екі жасқа толар шағында оның өзгеше көзіндегі қарашығы мүлде жоғалып, сүттей аппақ түске енеді. Анасы дереу жергілікті емханаға апарып дәрігерлерге көрсетеді. Оф­тальмолог дәрігер анасына «Балаңыздан көз обыры дертін анықтадық. Бұл ау­руға көбіне үш жасқа де­йінгі балалар шалдығады. Қа­зір оның бір көзіндегі дерт екіншісіне де өте бастаған. Сондықтан уақыт оздырмай оның екі көзіне де ота жасау қажет. Бұдан кейін Бен көру қабілетінен айырылады», – деген ауыр хабарды жеткізеді.
Бұл хабардан есеңгіреп қалған анасы Акванетта көпке дейін өзін-өзі кінәлап та жүрді. Себебі, Беннің әкесі де осы обыр ауруынан көз жұмған екен. Ол баласын көпке дейін дәрігерлерге тексертпегеніне өкініп жүрді. Бірақ «Жазмыштан озмыш жоқ» дегендей Акванетта енді Бенге барынша көмектесуге тырысты.
Беннің екі ағасы мен әпкесі де оны жандарынан тастамай ертіп жүретін. Осылайша арадан төрт жыл өте шығады. Әдеттегі күндердің бірінде анасы Акванетта Беннің түрлі дыбыс шығарып асханада еркін жүргенін көреді. Бұған таң болған анасы оны үндемей бақылап тұрады. Ал Бен болса тоңазытқышты ашып ішінен сарымай мен нанды алады. Май жағатын пышақты да адаспай тауып нанға май жағып асай бастайды. Сәл­ден соң, қайнаған шәугімге қа­рай жүреді. Осы кезде шо­шып кеткен анасы оның жанына жүгіріп келіп тоқ­татады. Таңғалған анасы одан бұның бәрін қалай істе­генін сұрайды. Сонда Бен: «Мен заттарды құлағыммен танимын. Олар әртүрлі ды­быс шығарады. Сондықтан мен бәрін адаспай таптым», – дейді. Бұл кезде Бен небәрі алты жаста еді.
Көп ұзамай Бен зағип ба­лаларға арналған мек­тепке де барды. Оның үлгерімі басқа оқушылардан оқ бойы озық болатын. Мұнан басқа ол сынып ішінде жүрер­де ешқандай ұстаздан да көмек сұрамайтын. Бұның барлығы мектеп үшін таң­ғаларлық жағдай еді. Мек­тептен оралған Бен көрші балалармен де еркін ой­най­тын. Осындай ойынның бірінде Бен көрші досы Джон­ның велосипедін 10-20 метрге дейін айдайды. Бұл оқиғаны көршілері анасына айтқанда ол сенбейді. Ал бірде Бен мектептен өз еркімен шығып кетеді. Мектеп әкімшілігі де­реу анасына қоңырау ша­лып Беннің жоғалғанын айтады. Полицияға да хабар беріледі. Алайда бір ғажабы Бен үйіне бір сағаттан соң оралады. Сөйтсе ол өзін мектептен алып кетуін күтпей шығып кеткен. Автобустарға адаспай мініп, үйін де дәл тауып келген. Бұл оқиға анасын бір шошытса, бір жағынан қуантты да. Ол енді Бенді мықты дәрігерлерге көрсетпек болды.

Калифорния штатындағы зерттеу орталығында болған Беннің мүмкіндіктеріне дә­рі­герлер де таң қалды. Се­бебі, Бен мүлде зағип жанға ұқсамайтын. Оны бей­таныс арнайы бөлмеге кіргіз­генде де ол тез арада бейімделіп, қай заттың қай жерде тұрғанын да айтып береді. Дәрігерлер зерттей келе Беннің эхолокация (нем. echо — «дыбыс» және лат. locatio — «орналасу») арқылы жүріп тұратындығын айтады. Бұл шағылған ультрадыбысты пайдаланып, нысананың орнын анықтау тәсілі. Яғни, Бен жарқанат пен дельфин секілді дыбыс арқылы қоршаған ортада еш қиындықсыз жүріп-тұра алады деген сөз. Дәрі­гер­лер­дің айтуынша, Бен жанары­нан айырылған соң, дыбысты тану қасиетін жетілдірген. Ол түйсігі арқылы анасының, ағаларының, әпкесінің жүр­­гендегі дыбыстарын ажы­ратып таныған. Одан қалды үйіндегі кез келген затты ұрғанда қандай дыбыс бе­ре­тінін де жаттап алған. Со­ның арқасында ол тез бейім­де­леді.
Әрине Беннің бұл қабілеті көп ұзамай бүкіл АҚШ-қа танымал болды. Ол жайлы деректі фильмдер түсіріліп, талай бағдарламалар әзір­ленді. Ал дәрігерлер болса «Бен феноменін» зерттеуде еді. Бұл кезде он екі жасқа толған Бен компьютер ойын­дарын да қиналмай ой­найтын. Ал велосипед пен конькиді еш қиындықсыз тебуі мен баскетбол ойнауы бар­шаны таңғалдырды. Мек­тепте бір аптада 3-4 кітап оқып, жапон тілін өз бетінше үйреніп те алды.
Өкінішке орай дәрігерлер Беннің обыр ауруын жеңуіне көмектесе алмады. Оның көзінен басталған обыр он жылдан соң миында да пайда болды. Осылайша суперқаһарман атанған Бен Андервуд 2009 жылы он алты жасында көз жұмды. Бірақ ол артынан талай зағип жанға үміт отын сыйлап кетті.

Асан ШАҢБАЙ

Жауап қалдыру