Бақытжан Сәрсенбаев

0
67

Өткенін «өшіріп» алса да, бүгініне өкпесі жоқ

1991 жыл, ақпан айы. Бішкек ауруханаларының бірі. Он екі мүшесінің сау жері жоқ бір қазақ жігіті сол ауруханада оянады. Бірақ қайдан, қашан келгенін, бұл күйге қалай тап болғанын білмей оянады. Аяқ-қолы сынған, басы 11 жерден жараланған, көп қан жоғалтқан. Екі жыл қимылсыз жатқан жігітті қырғыздар Айбек деп атап кеткен бұл Бақытжан Сәрсенбаев деген азаматтың көрер жарығы бар болып шықты.
9 жыл бойы өткен өмірінен бір дерексіз өмір сүрген Бақытжанды қырғыздар Ай­бек деп атап кетеді. Анық­талғаны, сауда-сат­тық­пен айналысқан Бақыт­жанды жиырма шақты жігіт қатты соққыға жыққан. Денесі 25 жерден сынған оны қырғыз полицейлері тауып алып, ауруханаға апарып тастайды. Дәрі-дәрмек, азық-түлік тапшы 90-жылдың басы болса, оның үстіне не құжаты, не іздеп келген туысқаны жоқ болса, дәрігерлер не бір жөнді қарайды дейсіз. Екі жыл бойы төсек тартып жатқанда дәрігерлер таңертең-кешке келіп, тірі екенін көрген соң, кетіп қалатын.
Екі жылдан соң оянған Бақытжан өмірге қайта кел­ген сәбимен тең еді. Себебі, аты-жөнін, қайдан келгенін, не себепті Бішкек ауруханасында жатқанын білмейтін. Тіл қатқанда барып айналасындағы адамдар оның қазақ екенін біледі. Бұ­дан басқа еш дерек жоқ. Сөйтіп, Айбек-Бақытжан бірте-бірте орнынан тұра бастайды. Бұрын спортқа жақындығы болды ма екен әйтеуір шах­мат ойнағанда, алдына жан салмай, бәс тігіп ойнап, ақша табады. Өзін дәрімен қамтамасыз етеді. Дәрі­герлер ауруханадан шығарған соң, «баратын жерің болмаса, маған ке­лерсің» деп хат жазып кеткен ау­ру­ханадағы Бе­кен деген кісі­нің үйіне барады. Солайша, Бақытжанның 9 жылғы өмірі Ыстық­көл жаға­сындағы сол адам­ның үйінде, қыр­ғыздың қарапайым ауылын­да өтеді.


1996 жылы сол жерде тағдыры табыстырған жары, қазіргі үш баласының анасы Қиял деген қырғыздың қызымен танысып, отау құрады. «Балалар үйінен шыққан» деген «статус» алған Бақытжан тіршілігін жалғастырып, денсаулығын қалпына келтіруді қолға алады. Спортпен шұғылданып, өзін жігерлендіре түседі.
– Мен сол кезде өмірден түңілсем, құрдымға кеткенім еді. Мен басқа мүгедек адамдар сияқты қоғамнан шектеліп қалғым келмеді. Менің де өмір сүргім келді, Алла берген ғұмырымды төсек тартып өткізгім келмеді. Иә, мен қазір құжат бойынша мүгедекпін. Бірақ өмірде мен басқа адамдармен тең құқылы жанмын. Сол 7-8 жыл күресумен өтті, – дейді сол кездегі жағдайын еске алған Бақытжан Раманқұлұлы.
Арада 9 жылдай уақыт өткенде Бақытжан басынан тағы да қатты соққы алады… Алғаш рет қатты соққы алғанда өткен өмірін жоғалтқан Бақытжан екінші соққыдан соң сандырақтап жатып, өткен өмірінен сыр беретін мәліметтерді айта бастайды.
– Екінші рет соққы алғанда басымның жарасы ашылса керек, өткен өмірімнен мәліметтер айта бастаған екенмін. Аруханада жатқанда келіншегім жанымда отырғанда естіп қалса керек, мен сандырақтап айтқан мекенжайды, адамдардың атын жазып алады. Есімді жиғанда, тағы да ештеме жадымда сақталмай қалды. Содан, әлгі мен айтқан мекенжайға хат жаздық. Бажаларым «енді не болар екен?» деп қорыққанымен, менің өткен өмірімді білуге көмек­тес­кілері келді. Себебі, «балалар үйінен шыққан адамға ұқсамайсың», – деп айтатын. Сонымен, көп адаммен бірге түскен суретімді салып, әлгі мекенжайға хат жолдадық…Тілегім ата-анама, отбасыма, туған-туыстарыма жеткен екен, олармен қауыштым, – дейді кейіпкеріміз.

9 жыл бойы не өлі, не ті­рі еке­нін білмеген ұлдарын ата-ана қатты сағынған екен. Бақытжан 9 ағайынды тәр­биелі отбасының ұлы болып шығады. Әкесі 40 жыл бойы бас дәрігер болып жұмыс істеген. Анасы ұлы жоғалған 9 жыл ішінде, бәлкім уайымнан болар, екі аяғынан жүре алмай қалады. Әйелін ертіп, үйін тапқанда, ата-ананың қуанышында шек болмайды.
Бақытжанға дәрігерлер «Ретроградтық амнезия» деген диагноз қояды. Яғни адам өткен өмірін білмейді, есіне оралмайды деген сөз. Ол бәзбіреулер сияқты «балалық шағымда сөйтетінмін, жастық шағым сол қалада өтті», – деп әңгіме-дүкен құра алмайды. Себебі, ол өткен өмірін біреулердің айтуы бойынша ғана біледі. Бақытжан Алматыда жүргенде Мұстафа Өзтүріктің шәкірті болған екен. Өзі де таэквондодан жаттықтырушы болыпты. Қазіргі Астана, бұрынғы Целиноград қаласында кәсіби білім де алған екен.
– Кейінгі өмірімді толықтай қалпына келтірдім. Өз-өзімді сауықтырдым. Бірақ, әттең, өткенім есімде жоқ… Аяғымды қалай басқаным, мектепке қалай барғаным, қалай студент атанғаным… – бәрі-бәрі қағаздағы жазуды өшіргішпен өшіргендей, есімнен де жоғалып кеткен, – дейді Бақытжан.
Туған жеріне оралғанмен, денсаулығы қайта-қайта сыр берген Бақытжанға Ыстықкөл жағасы таптырмайтын ем орны деп белгіленеді. Ол ауырғанда Ыстықкөлге, жа­зыл­ғанда Қазақстанға ке­ліп-кетіп жүреді. Бірақ, өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болғысы кел­ген Бақытжан 2006 жылы Қазақстанға отбасымен қоныс аударады. Қазір Астанада тұрып, қызмет етеді… Ия, бір өліп-тірілген, қан­шама жара­қа­тын жігерінің арқасында жеңіп, өткен өмірінен бейхабар сол адам қазір Астана қала­сы «Есіл ауданы мүге­дектерінің ерікті ұйымына» төраға болып отыр. Қажымас қайрат деген бәлкім осы шығар!
Бақытжан Сәр­сен­баев мү­ге­дектер мен біздің қоғам­дағы жағдайды зерттей келе, құр сөзден қарағанда нақ­ты іске көшуді жөн санаған. Бұл ісі біршама алға басқан да. Ең алдымен, Қазақстан-Ресей университеті және қырғыз этномәдени ұйымымен қол­жеткізілген үшжақты меморандум арқа­сында жарымжан жан­дарға арналған дизайн курсын, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада мүгедектерге арналған информатика курсын және ағылшын тілі курсын ашқан. Курстар тегін. Курс білім алушыларын жұмыспен қамту мәселесі де жолға қойылған. Кейіпкеріміз кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп, бүгінде құрылыс саласында тәп-тәуір қызмет етуде. Бірнеше мүмкіндігі шектеулі жеткіншекке материалдық қолдау көрсетуді азаматтық борышы етіп алған.
Бақытжан Сәрсенбаевпен сұқбат соңында мен «тағды­рыңызды өзгерткен, бұрынғы өміріңізден айырған сол жігіттерді алдыңызға алып келсе, не істер едіңіз» деп «бейресми» сауал қойғанымда, ол: «Кешіремін!», – деп ойланбастан жауап берді.
– Мен оларды кешіремін. Әрине, бұрынғы өмірімді білмеймін, бірақ мен қазіргі өміріме ризамын. Қазір өмірім мәнге толы, құдайға шүкір, сүйген жарым, үш перзентім бар. Бәрі бір Алланың жазуымен болады ғой. Алла тағала бізді кешіргенде, пенделер де бір-бірін кешіру керек. Жас болып, білместікпен жасаған шығар олар да. Кім білсін, сол оқиға болмағанда, менің тағдырым қазір қалай болар еді, – деп ойға батты ол.
Кенжекей
ТОҚТАМҰРАТ,
bnews.kz

Жауап қалдыру