Бақыр тиынсыз бай

0
96

Адамның көзі дүниеге тойған ба? Қазіргі таңда адамдар бір-біріне материалдық кө­мек бермек тұрмақ, жылы сөздерін аяйтын заман болды ғой. Десек те, көпке топырақ шашудан ау­лақпыз. Мәселен, әлемдегі бай кәсіп­керлердің бірі болып саналатын Чарльз Фини тап­қан табысының барлығын қайы­рымдылықа жұмсайды. Әсіресе ғылымға, денсаулық сақтау мекемелеріне, білімге, қарттар үйіне, көптеген елдер­дегі аза­мат­тардың жеке құқығын қор­ғауға қыруар қаражат бөледі.
Чарльз Фини АҚШ-тағы Нью-Джерси штатының Эли­забет қа­ласында дүниеге келген. Ч.Фини қаршадайынан ақша та­будың оңай еместігін біліп өсті. Себебі ол кішкентайынан қар
тазалаушы, шөп қыр­қушы, гольф алаңында доп жинаушы болып түрлі жұмыстар істеген. 17 жасында АҚШ қарулы күш­терінің қатарына
қосылып.
Корей соғысына аттанады, соғыс біткен соң мемлекеттен жауынгерлердің жеке кәсібін ашуға немесе білім алуына бөлінетін қаражатқа Корнель мектебін тәмәмдайды. Онда­ғы алған мамандығы – «Қонақ үй күтушісі». Мектепті ойдағыдай аяқ­таған соң, өзінің жеке кә­сібін ашу үшін Францияға ке­теді. Оның біртіндеп баста­ған саудасы үлкен Duty Free Shoppers компаниясына ұлас­ты. Кәсібі бірте-бірте бүкіл әлемдік дүкен желісіне айнал­ды. Қазіргі таңда табысы бірнеше миллиардты құрайтын бұл компанияның қаражаты әртүрлі қайырымдылық қорына жіберіліп отырады. Бұл үрдістің жалғасып келе жатқанына 30 жылдың көлемі болыпты. Оның алғашқы 15 жылында қайы­рымдылыққа аударып отыр­ған қаражаттың кімнен түсіп жатқанын ешкім білмеген. Кә­сіпкер көпшіліктің назарында бо­лудан әрдайым қашады. Оған байлықтың да, атақ-даңқ­тың да керегі шамалы.
Чак Финидің үйі де, көлігі де жоқ. Ол жалдамалы пәтер­де тұрады, метромен неме­се так­симен жүреді, эко­ном-класс­пен ғана ұшады. Ресторандардан емес, қара­пайым асханалардан тамақ­танады, үстіндегі киімдері де, сағаты да арзан тұрады.
Ол тек өзі үнемдемеп қана қоймай бес баласын да үнем­шілдікке баулыды. Оның ба­лалары таршылық көрмесе де студент кездерінде кассир немесе даяшы болып қосымша табыс тапқан.
Кәсіпкердің үлкен жобала­рының бірі – Ирландияда сал­дырған Лимерика универ­ситеті. Сонымен қатар медицина, спорт мек­тептерін ашты. Чак Фини сондай-ақ Тринити-кол­лед­жінің бас демеушісі. Бұл колледж генетика мен нейро­биология бағы­тында білім бе­реді. Өзі ашқан білім көз­дерінде жүздеген студенттер тегін білім алуда.
Чак Фини өзінің бір сұқба­тында: «Ақшаны ақылмен жұм­сау керек, менің керек-жара­ғыма жетер­лік ақша болса бол­ғаны. Сенің ақшаң көп болған сайын, сен қомақты мә­се­ле­лерді шешуің қажет. Сенің бір шешімің, милион жан­ның тағдырын шешуі мүмкін. Қа­йырым­дылық жасау үшін кәрі­лікті немесе өлімді күтудің қажеті жоқ, әлемді жақсарту үшін қайырылымдықты күш-жіге­ріңнің барында жасауға тырысқан жөн. Мен істеген істерім үшін еш өкінбеймін, кері­сін­ше адамдарға жасаған жақ­сы­лығымнан ләззат аламын», – деген болатын. Ч.Фини­дің ойынша байлардың қа­жетсіз дүниелерге жұмсаған ақ­шасы, кедейлердің өмірін құт­қаруға қажетірек. Ол үшін аста­м­шылдық пен ысырап­шыл­дық түкке керек емес. Адам­дардың дүниеқоңыздығы жақсылыққа апармайтынын жақсы біледі.
Қорыта айтқанда, аталмыш кәсіпкердің өмір жолы мен ұстанымдары көп адамға ой саларлық. Әлемнің жартысы Чак Фини сынды болса, бүкіл әлем тепе-теңдігін ұстап, жалпы адам баласы бақытты ғұмыр кешер еді.
Әлбина ТУЛАКОВА

Жауап қалдыру