Аяғы жоқ, қолы жоқ

0
67

Ник Вуйчич тағдырға налуды білмейді

Адам баласының болмысы мен психологиялық ахуалы жылдар бойы зерттеліп келеді. Тіпті өзгені емес, өзіңді тану қиынның қиыны. Өз мүмкіндіктеріңнің шегін білмей өмір сүру, тағдырға өкпе-наз айтып налу, өзгенің өмірін қызғану адамзатқа тән. Жалқаулықтан болып жатқан бақытсыздық үшін өзін емес, әуелі Жаратқанды, кейін мемлекет басшыларын, қоғамды кінәлау әдетке айналған. Он екі мүшесі сау болып тұрса да осындай әрекеттерге баратындар аз емес. Ал кейде мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген құштарлығын көргенде таңғаласың. Осындай жанның бірі – Ник Вуйчич. Оның жеткен жетістігі кез келген сау адамның жанында асып түспесе, кем емес.

Аустралиялық серб жігіті Ник Вуйчич туылғаннан сирек кез­де­сетін тет­раанемия синдро­мына шал­­дыққан. Яғни оның туғаннан екі аяғы мен екі қолы жоқ. Бірақ бұл оның толыққанды өмір сүруіне еш кедергі келтірген емес. Ник жүруді, жүзуді, компьютер қолдануды, скейт пен серф тебуді, футбол, гольф ойнауды және жазуды үйренді. Үйреніп қана қойған жоқ, мектепті ойдағыдай аяқтап, екі жоғары оқу орнын тәмамдады. Мамандығы «Қаржы және бухгалтерия».
Ол қазіргі таңда аты әлемге әйгілі мотивациялық шешен. Жер жаһанды аралап науқас адам­дарға, жарымжан жандарға, басына үлкен іс түскендерге өзінің өмірін мысалға ала отырып, өмірдің тоқ­тап қалмайтынын түсіндіреді. Олардың ары қарай дамуына көмектеседі.


Ник Вуйчич сонымен қатар көр­кемдік және документальды фильм­дерге түседі, журнал-газет­терге жиі сұқбат береді және ақыл-кеңеске толы таптырмас кітаптар жазады.
Оның физикалық тұрғыдағы мүмкіндігі жеке өмірін құруға да еш кедергі келтірген жоқ. 2012 жылы 30 жасында Канаэ Мияхаре атты жапон және мексикалық отбасынан шыққан қызбен отау құрып, 2013-2015 жылдар аралығында дүниеге екі сау бала келеді. Оған қоса үш баланы жетімдер үйінен асырап алады. Ал 2017 жылы егіз қыздардың әкесі атанды.


Ник Вуйчич Қазақстанға да келіп, Алматы қаласының тұрғындарына мотивациялық тренингтер жүргізген болатын. Ол адам бақытты болу үшін 7 қағидасын ұсынады: 1. Өзіңмен өзің болу, яғни өзгеге елік­темеу. 2. Сәтсіздіктерден қорық­пау. 3. Сенім мен үмітті жо­ғалт­пау. 4. Жақындарыңды сүйе білу. 5. Уақытты босқа өткіз­беу. 6. Жаныңдағыларға әр­дайым көмектесу. 7. Әзілқой болу. Рас, күнделікті күйбең тіршілікте қарапайым өмір салтын естен шығаратынымыз әсте бар. Болмашы нәрсеге ашуланамыз, интернет желісінде жиі отырып, уақытты текке өткізіп аламыз. Өзгені түзеу үшін алдымен өзіміз түзелгеніміз жөн шығар.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, адамдар Ник Вуйчич сынды азаматтардан үлгі алып, үлкен жетістіктерге жетсе дейміз.

Әлбина ТУЛАКОВА,
«P&H»

Жауап қалдыру