Апаттан аман қалғандар

0
52


Әлемде «Андыдағы ғажайып» деген атпен кең таралған оқиға шынымен таң қаларлық. Ұшақ апатынан соң 72 күн өмір мен өлімнің арасында арпалысқан жолаушы­лардың бастан өткізгендері адам нанғысыз хикая.


Бұл оқиға 1972 жылы болған екен. Уругвайдың регби спорттық командасының мүшелері өздерінің достары мен туыстарын алып, Чилиге ұшып бара жатады. Онда небәрі 45 адам болған. Мұндай кішкентай ұшақпен Чилиге жету үшін алдымен Аргентинаның оңтүстігі мен Андының оңтүстігін айналып өтіп барып қана солтүстікке ұшу керек еді. Себебі биік таулардың үстімен төте ұшу өте қауіпті еді. Ұшқыш солтүстікке бұрылатын жерді шатастырып алу салдарынан ұшақ таудың шыңына со­ғылып, ұшақтың күл-тал­қаны шығады. Фюзеляж жо­лаушылармен бірге шана ұқ­сап қар үстінде ылдиға қарай сырғанап кетеді. Апат болған жерде 12 адам көз жұмады, бесеуі із-түссіз жоғалып, келесі күні мәйіттері табылады.


Спорт командасының капи­таны Нандо Паррадо мәйіт­тердің арасында қар үс­тінде 30 градус суықта ес-түссіз жатып, он сағаттан кейін есін жинайды. Кейін дәрі­герлердің пайымдауынша, оны өліге санап суыққа жатқызып қой­ғаны жанын аман сақтап қалған екен. Мұндай крио­терапия адам ағза­сындағы процесті баяулатып, басына соққы тигенде миына кетіп жатқан қан тоқтаған. Ұшақта Нандомен бірге оның анасы мен қарындасы болған екен. Анасы бірден қаза болған, ал қарындасы ауыр жарақаттанған. Нандо қарын­дасына сүй­ретіліп жетіп құ­шақтап, қарындасы көз жұмғанша төрт түн, үш күн қолында ұстап отыр­ған.


Өмірі қар көрмеген олар азықсыз, жылы киімсіз 3600 метр биік­тіктегі таудың үстінде қа­лады. Екі апта өткен соң көшкін басып, тағы сегізі көз жұмады. Келесі күні үшеуі үсіп өледі. 11 күн өткен соң, олар радио ар­қылы ұшақты іздеу до­ға­рылғандығын және жолау­шылардың барлығын өлдіге есептегенін естиді. Ұшақтың түсі ақ болғандықтан таулы аймақтағы қармен көрінбеген.


Олар қарды ерітіп, бөтел­кеге құйып, қатып қалмау үшін киімдеріне тығып ұстаған. Көмек келмейтінін білген­діктен, олар Чилидің жылы аймақтарын іздеуге шы­ғады. Нандо Паррадо, Роберто Канесса, Нума Туркатти және Ан­тонино Висинтин төртеуі батысқа қарай жол тартады. Кейбіреулері қыс­тың біткенін күтуді ұсынады, бірақ көктемге дейін отырса ешкімнің тірі қалмайтыны мәлім еді. Олар Батысқа қарай жүріп келе жатқанда жолдан ұшақтың артқы бөлігін тауып алады. Ұшақтың жүк салғышында жолаушылардың шаба­дандары бар екен. Шаба­даннан шоколад, темекі, киім-кешек тауып алады. Келесі күні ауа райы күрт суытып, төртеуі үсуге шақ қалады. Сонымен олар қайта артқа қайтып, табылған киім-кешектерден ұйықтайтын қап тігіп, үшеуі жолға қайта шығады. Жолдың жақын еместігін түсінген олар біреуін қайта артқа жіберіп, екеуі ары кетеді. Жолда Роберто ауырып, Нан­до оны сүйреп жүреді. Тоғызыншы күні үлкен бір өзенге кездеседі, сол өзеннің арғы бетінен атты адамды көздері шалады. Ол да екеуін көріп тіл қатпақшы болады. Бірақ өзеннің шуы бірін-бірі естуге мүмкіндік бермейді. Атты адам айдалада екеуінің жаурап, жүдеп келе жатқанын көріп, көмек керек екенін түсінгендей дереу жазуға қағаз лақтырады. Нандо қағазға не болғанын жазып, көмек сұрап жазып жібереді. Атты кісі дорбасынан нан мен ірімшік алып екеуіне қалдырады да, жедел шауып кетеді. Бұл күні ұшақ апатының болғанына 71 күн болған еді. Келесі күні әлгі атты адам құтқарушы топпен келеді. Робертоны емханаға жіберіп, Нандоны алып, тікұшақпен қалғандарын құтқаруға кетеді. Сол күні, 22 желтоқсанда ауа райының қолайсыздығына байланысты жолаушылардың жартысын ғана алып кетеді. Қалғандарына азық-түлік пен су қалдырады. Оларды келесі күні алып кетеді.
Аман қалғандырын ұзақ уақыт емдеуге тура келген. Жалпы бұл апаттан 16 адам аман қалған. Кейін Нандо Паррадо жазушы Пирс Полмен бірлесіп кітап жазған. Андыда болған оқиғаны суреттеген. Ол кітап бестселлер болды. 1993 жылы Андыдағы оқиға суреттелетін «Тірі қалғандар» атты фильм жарық көрді. Бұл оқиға өткеннен із тартқан дүбірлі оқиғалардың бірі болып қалды.

Әлбина ТУЛАҚОВА

Жауап қалдыру