Жаңа жағдайларға бейімдер жаңа мүмкіндіктер

0
92

Ерсайын ИХСАНОВ,
Атырау инженерлік-гуманитарлық
институтының ректоры

Қазақстан халқы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы жолдауларынан тың жаңалықтар күтіп, болашаққа деген сенімдері мен үміттерін ұштай түсетіні қалыпты жағдай. Жаңа міндеттер мен мақсаттар айтылған құжаттағы негізгі басымдықтардың дені білім саласы мамандарына ерекше жауапкершілік жүктейді.

Бұл жолдауларда ел дамуының жаңа межелері белгіленіп, халықтың әлеуметтік-рухани жаңғыруының көк­жиектері айқындала түсетіні сөзсіз. Мысалы, өткен жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында Елбасы экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыруына қол жеткізу, цифрлы технологияны қолдану, жаңа индустрияларды өркендету, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторын дамыту, цифрлық индустрияны жеделдету арқылы Қазақстанды бәсекелестікке қабілетті елге айналдыру міндеттерін қойғаны есімізде. Мемлекет басшысының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа міндеттері» Жолдауында осы міндеттерді одан әрі жалғастыру бағдарланып отыр.
Елбасы осы арада он түрлі міндетті алға қояды. Ол Қазақстанның индустриясын ең жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналдыру, өндірістік үдерістерді цифрландыру арқылы өнеркәсіптегі еңбек өнімділігін арттыру, ресурстық әлеуетті тиімді пайдалану, өндіріске ақпараттық технологиялық шешімдерді батыл енгізу, агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру, көлік пен логистикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту міндеттерін қамтиды.
Мемлекет басшысы адамзат бала­сының жаңа өнеркәсіп революция дәуіріне қадам басқанын және зама­науи технологиялардың әлем­ді өзгер­тіп жатқанын атап өтті. «Жаһан­дық тех­нологиялық өзгеріс­терге жаңа сын-қатерлермен қатар өсуге арналған жаңа мүмкіндіктер де тән. Бұл әлемнің дамыған 30 елінің қатарына жеделдетіп енуімізге арналған тарихи мүмкіндігіміз. Сондай-ақ Жолдауда рухани-әлеуметтік мәселелер де орынды қозғалып отыр. Айталық, соның бірі – адам капиталының жаңа сапасы туралы мәселе. «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет», деген Мемлекет басшысы одан әрі бұл міндетті шешудің жолдарын нақтылай түседі. Соның ең бастысы – білім беру бағдарламаларын өзгерістерге үнемі бейім және жаңа білімді меңгертуге бейімдеу.
Адами капиталды қалыптастыру халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыруға инвестиция салумен тікелей байланысты. Инвестициялар қоғамның әлеуметтік құрылымының барлық элементтеріне бірдей әсер етіп, одан әрі дамуына жағдай жасайды. Олар мемлекеттік бюджет, әртүрлі қорлар, арнайы салымдар арқылы дамыған инфрақұрылымды жасап, еңбекақының, кірістің өсуіне, білімнің тереңдеп, денсаулықтың жақсаруына, сөйтіп қазіргі жаһандану процесіне ілесе алатындай бәсекеге қабілетті адами капиталды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Адам капиталына инвестиция жасау, басқа инвестиция­лар тәрізді адамның аз мөлшерде қаржы жұмсап, оны болашақта көп мөлшерде өндіріп алуды көздейді. Демек, бүгінгі күні қоғам адам капиталына қаншалықты көп салым салса, болашақта сон­ша­лықты табысқа, тұ­рақ­тылыққа, бел­сенді дамуға ие бо­лады. Ол салым­дар­дың негізгі түр­лері ретінде жоғары аталған білім, өндірістік даярлық, ден­саулық сақтау, көші-қон, еңбек на­рығында ақпарат іздеу, балалардың туылуы және тәр­биесі саналады. Білім мен өндіріс­тегі тәжірибе адам капиталының көле­мін ұлғайтады, ден­саулық сақтау оның «қызметінің» мерзімін ұзартады, көші-қон және еңбек нарығындағы ақпарат іздеу оның қызмет көрсетуінің бағасын көтереді, ал балалардың туылуы мен тәрбиесі оны келесі ұрпақта өндіреді. Қазақстан қоғамындағы адами капиталдың сандық және сапалық сипаттамалары және адам капиталын қолдану тиімділігін жүйелі ғы­лыми талдау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Адами капиталды жинақтау процесінің теориялық және практикалық мәні сонымен қатар, оның экономикаға, жалпы қоғамға әсері теориялық сипатта толық зерттелмеуі бізге ғылыми зерттеу жұмысының тақырыбын таңдауға негіз болды.
Дамудың негізгі факторлары ғы­лыми және инновациялық қызмет, білім, денсаулық сақтау, кәсіби және шығармашылық әлеуетті жоғарылату, ақпараттық технологиялар болып табылады. Адами капитал – әр кезеңде өзгеріс жағдайында болатын күрделі, жылжымалы құрылым. Әсіресе ірі өзгерістер соңғы ғасыр ширегінде болды. Әлеуметтанулық әдістер бойынша адами капиталдың ұдайы өндірісі мынадай факторларға байланысты: біріншіден, адамдардың білімге деген қолжетімділігінің тең болмауы, білім алушының тұрғылықты мекені, қаржылық капитал; екіншіден, адамдардың қабілеттері, генетикалық факторлар; үшіншіден, гендер, этни­калық және ата-анасының адами капиталы, отбасының әлеуметтік-мәдени капиталы сияқты әлеуметтік факторлар. Сонымен, адами капитал дегеніміз: интеллект, білім, қабілет, денсаулық, өндірістік және сапалы еңбек , өмір сапасы, басқалар.
«Үш жұрттың тілін білген өзгелерден оқ бойы озық тұрар» деп заманының заңғар тұлғасы А.Байтұрсынов айтқандай, Қазақстан Республикасы Президенті Н.А.Назарбаев білім беру жүйесінің алдына бірнеше тіл меңгерген, бәсекеге қабілетті маман даярлауды міндеттеді.
Үштұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуда бірінші баспалдағы. Бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақ­стан­дықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады.
Ағылшын тілін мәдениетаралық бай­ланыс құралы ретінде оқыту, өз бойына төл мәдениеті мен бөгде мәдениетті дарытқан мәдениетаралық қарым-қатынасқа түсуге дайын тұлғаны қалыптастыру қазіргі заманғы қоғамның жаңа әлеуметтік тапсырысы болып айқындалуы ағылшын тілінің оқу пәні ретінде статусының өзгеруіне өз ықпалын тигізуде.
Ағылшын тілін меңгеру жеке мақсат емес, қазіргі заманғы маманды кәсіби негізде даярлаудың және оның болашақ қызметінің табысты болуының бірден-бір кепілі болып табылады.
«Ел болам десең – бесігіңді түзе» – деп ұлы жазушы М. Әуезов айтқандай, ана сүтімен дарыған ана тілінің рухын асқақтататын, заман табына сай орыс, ағылшын тілінде жетік сөйлейтін жас ұрпақ – ертеңгі еліміздің қарқынды дамуына өз үлестерін қосатын азаматтар. Міне, осындай алғыр да батыл, қабілетті де дарынды жастарды тәрбиелеу – бүгінгі тәрбиешілер мен ұстаздар қауымына жүктелген үлкен міндет.
Сондай-ақ бұл жолғы жолдауда жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысуы қажеттігі айтылды. Трансформация шеңберінде аграрлық ғылымның, білімнің және өндірістің интеграциясын, экономиканың аграрлық саласына инновациялық технологияларды енгізу. Осы орайда ауыл шаруашылығында шешуге көзделген бір­қатар мәселелер еске түседі. Олар­дың қатарында:
– ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары мен инвестиция таратуды (субсидиялау, несиелендіру, салық салу, мемлекеттік және жеке инвестициялар және т.б.) қайта қарастыру;
– ауыл шаруашылық дақылдарының және жануарлардың өнімділігін арттыру үшін аграрлық ғылымды дамыту және ғылыми-зерттеу нәтижелерін енгізу, инновациялық технологиялар мен жаңа білімді трансферттеу;
– климаттың өзгеруіне байланысты өндірістік тәуекелдерді басқару бар.
Елбасы айтқандай жаңа технологияларды трансферттеумен отан­дық жағдайға бейімдеу отырып жоға­рыда аталған стратегиялық мәсе­лелерді кешенді тәсіл негізінде шешу агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамы­туға және халықты азық-түлікпен қам­тамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни барлығын ауылдан бастап, тәжірибе ретінде пайдалануға болады. Бұл дегеніңіз тәжірибемен қатар ауылды дамытуға да үлкен септігін тигізер еді.
Мықты маман дайындау, жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу, агроөнеркәсіптің ғылымға негізделуін арттырады. Міне, маманды дайындағаннан кейін түрлі жаңа технологияны пайдаланып ауыл шаруашылығына жан-жақты қолдау көрсету керек. Осылайша ауыл шаруа­шылығын қарқынды дамытып, отандық өнімдерімізді нарыққа шығарып, Елбасы айтқан әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастыруымыз қажет.

Жауап қалдыру