Ұлттық экономика көшбасшысы

0
69

Атырау облысы өнеркәсіп өндірісінің жалпы республикалық
көлемінің төрттен бірін қамтамасыз етіп отыр

Үстіміздегі жылғы 23 мамырда ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Атырау облысында болды, – деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі. Сенат Төрағасы аймақ активімен және жұртшылықпен кездесіп, әлемде орын алып жатқан өзгерістер жағдайында Қазақстанның әрекетін, өңірлерде жүргізілуі тиіс экономикалық саясаттың бағыт-бағдарын айқындап берді.

 

Қ.Тоқаевтың алдымен мұнайлы өлке тұрғындарына ерекше ықыласын білдірді:
– Баршаңызға жеке өзммімнің ерекше құрметімді жеткізгім келеді. Бірқатар себептерге байланысты, біраз уақыттан бері Атырау өлкесіне жолым түспеген еді. Сондықтан, сіздерге келіп, өздеріңізбен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Атырау өлкесінің ел тарихындағы, қазіргі мемлекет құрылымындағы орны ерекше. Ел экономикасын дамытуда бұл аймақтың атқарып келе жатқан рөлі орасан зор. Атырау ұлтымызға үлгі боларлық талай тарихи тұлғаларға тұғыр болған өлке. Атырау ел тәуелсіздігі жолында асыл ғұмырын сарп еткен, Отан үшін отқа түскен батыр тұлғаларды, ойшыл ғалымдар мен дарынды ақын-жазушыларды, ұлт мұратын ұлықтаған қоғам қайраткерлерін, еңбек көрігін қыздырған майталман еңбеккерлерді дүниеге әкелген қасиетті мекен. Олардың мағыналы ғұмыры мен ерен еңбегін қашанда жадымызда ұстау – рухани жаңғыру жолындағы біздің қасиетті борышымыз, – деді ол.
Сенат Төрағасы мұнан соң мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша өз ойларын ортаға салды.

– Әлемде ушыға түскен геосаяси шиеленістер, санкциялық текетірес, кейбір өңірлердегі қақтығыстар, терроризм мен экстремизм қатері, қырғиқабақ соғыс шоғының қайта тұтануы – мұның бәрі халықаралық қатынастарға кері әсерін тигізуде. Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың белсенді субъектісі, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде әлемде болып жатқан үдерістерді терең сезініп, орын алып отырған келеңсіздіктерге өзінің алаңдаушылығын білдіруде. Осындай күрделі жағдайларға қарамастан, Қазақстан халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, әлемнің барлық мемлекеттерімен достық қатынас орнатуға бағытталған сыртқы саясатын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Елбасының жаһандық ауқымдағы бастамалары, бейбітшілікті нығайту жолындағы табанды қызметі, қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау бағытындағы күш-жігері кең қолдауға ие болып отыр. Қазақстан Елбасының байыпты басшылығымен экономикада және қоғамдық-саяси салада ауқымды реформалар жүргізіп келе жатқан мемлекет ретінде халықаралық деңгейде жоғары беделге ие болды. Әлем бізді бейбітшілікті жақтаушы, ұлттың рухын жаңғыртуға ұмтылған, бірлігі берік берекелі ел ретінде таниды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көптеген шетелдік «сәуегей» саясаткерлер «Қазақстан толыққанды мемлекет ретінде қалыптаса алмайды, себебі бұған оның демографиялық ахуалы, ашық-шашық жатқан шекарасы кедергі болады», – деген пікірде болған еді. Біздің халқымыз мұндай кереғар болжамдарды мүлдем теріске шығарды. Қазақстан қазір әлеуметтік және экономикалық көрсеткіштерінің басым бөлігі бойынша бұрынғы кеңестік республикалардың ішіндегі ең дәулетті елдердің біріне айналды, – деп атап өтті.
Қ.Тоқаев еліміздің ТМД елдерінің арасында алғаш рет Ұлттық қор құрып, қазір оның көлемі жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) үштен бір бөлігінен асып отырғанын айтты.

– Әлемдегі қаржылық және саяси тепе-теңдіктің әлсіреуіне қарамастан ұлттық экономика тұрақты дамуын сақтап келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсуі 4% құрады. Бұл басқа ТМД елдерімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Бірақ мұндай жетістіктерге тоқмейілсіп, осымен шектеліп қалуға болмайды. Осы орайда, Атырау облысы ұлттық экономиканың толыққанды көшбасшыларының бірі екенін ризашылық сеніммен атап өткім келеді. Облыс жалпы ішкі өңірлік өнім көлемі бойынша тұрақты түрде алдыңғы орындағы облыстардың қатарында. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс өнеркәсіп өндірісінің жалпы республикалық көлемінің төрттен бірін қамтамасыз етті – бұл 5,7 трлн. теңге! Атырау өңірі еліміздегі инвестиция көлемінің үштен бір бөлігін қамтамасыз етіп, ірі отандық және шетелдік компаниялардың қаржылық мүдделері шоғырланған аймаққа айналып отыр. Осы тұста ширек ғасыр бойы елімізде тиімді жобаларды жүзеге асырып келе жатқан, мұнайгаз саласындағы ірі компания «Теңізшевройлдың» қосып отырған қомақты үлесін атап өтуіміз қажет. Облыстың жоғарғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізуіне облыс әкімі, тәжірибелі мемлекет қайраткері Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың үлкен үлес қосып келе жатқанын айта кетуіміз керек. Атырау елімізде өндірілетін көмірсутегі шикізатының негізгі экспорттаушысы ретінде, республикалық бюджетке қомақты кіріс түсіретін донор өңірлердің қатарында, – деп ерекше атап өтті.

Сенат Төрағасының айтуынша, облыстың қол жеткізген табыстары туралы сөз қозғағанда, Үкіметтің өңірлік саясатты неғұрлым теңгерімді жүргізуі қажет екенін атап өту аса маңызды. Өйткені бүкіл елдің экономикалық әл-ауқаты өңірлердің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей тәуелді. Аймақтарды бюджет кірістерін ұлғайтуға ынталандыру өңірлік саясаттың басым бағдары болуы қажет. Сондықтан, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджеттік процесті және коммуналдық меншікті басқарудағы құзыретін кеңейту мақсатында ағымдағы жылдан бастап аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен ауылдық округтердің дербес бюджеті енгізілді. Алайда еліміздің бюджет жүйесі әлі де болса жетілдіруді қажет ететінін мойындауымыз керек. Жергілікті бюджеттің кірісін толықтыратын қаражат көзі негізінен республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттерден құралып отыр. Бұл мәселелерді Парламент депутаттары Үкімет алдында тұрақты түрде көтеріп келеді.

– Бюджет мәселесін теңгерімді түрде шешу Атырау облысы үшін де тиімді болар еді. Ерте ме, кеш пе бұл күрделі мәселенің шешімін табу қажет. Субвенциялық өңірлердің санын азайту, олардың қаржылық дербестігін ынталандыру өңірлік саясаттың басты мақсаты болуы тиіс. Бұл өз кезегінде әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды өзге мақсатқа пайдалануға тосқауыл болып, жергілікті билік органдарының осы бағдарламаларды тиімді іске асырудағы жауапкершілігін арттыруға ықпал ететін болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын өңірлік бюджеттерге беру жоспарланған. Бұл әкімдердің салық базасын кеңейтуге деген ынтасын арттыратыны анық. Энергия ресурстарына баға көтерілген сайын бюджеттің мүмкіншіліктері де кеңейе түседі. Бұл ретте күні кеше орын алған қателіктердің қайталануына мүлде жол беруге болмайды. Мемлекет қаражатының әртүрлі бағдарламаларға тиімсіз жұмсалуына үзілді-кесілді тосқауыл қою керек. Біз үнемдеп, көрпемізге қарай көсіліп, қалтамызға қарай өмір сүруді, басымдықтарды дұрыс таңдап, негізгі қаражатты әлеуметтік маңызды жобаларға бағыттай білуді үйренуіміз керек. Орталықтағы және жергілікті жерлердегі атқарушы билік органдары әрбір өңірдің әлеуетін ескере отырып, бюджетті толықтыру көздерін анықтап, резервтерін іздестіруі тиіс. Жалпы алғанда, жергілікті жерлерде мемлекет қаражатын орын-орнымен тиімді игеру мәселесі өткір күйінде қалып келеді. Әкімдер бұл түйінді мәселені мәслихат депутаттарымен бірлесіп, «Нұр Отан» партиясымен тығыз байланыста бақылауға алуы тиіс, – деді.
Қ.Тоқаев әлемдік өзгерістерге лайық­ты жауап беріп, соның көшінен қалып қоймаудың маңыздылығына тоқталды.


– Бүкіл әлем қазір түбегейлі өзгеріс­тер табалдырығында тұр. Әлемдегі ал­дыңғы шептерден үміті бар мемлекеттер түрлі салаларда тың жаңалықтарды ен­гізуге әрдайым әзір болуы тиіс. Қар­қынды технологиялық өзгерістер әлем­дік экономиканың келбетін барынша өзгертуге ұмтылуда. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің түбе­гейлі жаңа нарықтары қалыптасып, жаңа көшбасшылар пайда болады. Инно­ва­циялық, цифрлық экономиканы мең­геруде алға озған елдер шын мәнінде серпінді қадам жасай алатыны анық. Мемлекет басшысы өз Жолдауында Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында елдің табысты дамуының жаңа бағытын тұжырымдап берді. Бұл – стратегиялық құжат. Оны іске асыруға баршамыз аса жоғары жауапкершілікпен қарауға тиіспіз, бұл мәселені сөзбұйдаға салып кейінге қалдыруға болмайды. «Сылдыр сөз», «құрғақ ұран» нақты іске көлеңкесін түсірмеуі тиіс. Қазақстан өте қысқа мерзімде технологиялық жаңғыртуды, инновациялық индустрияландыруды, адам капиталын дамытуды, кәсіпкерлікке нақты қолдау көрсетуді, сонымен қатар базалық салалар болып табылатын аграрлық секторды, көлікті және логистикалық инфрақұрылымды дамытуды қолға алуы тиіс. Биыл инновация мен технологиялар трансфертіне бағытталған «цифрлы дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға басымдық беретін Индустрияландырудың үшінші бесжылдығы жаңа бағдарламасының тұжырымдамасы әзірленетін болады. Қазақстанның жер қойнауын игеру экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар жүруі тиіс. Бұл – Атырау облысы үшін де аса өзекті мәселе. Күн тәртібінде «жасыл» технологияға инвестиция құюды ынталандыру, энергия тиімділігін арттыру, жаңартылатын энергия көздеріне көшу міндеті тұр. Агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту барысында еңбек өнімділігі мен экспорт әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлінетін болады. Өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып, ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту – біздің алдымызда тұрған басты мақсат болып табылады, – деді ол.
Оның айтуынша, Үкімет Ауыл шаруа­шы­лығын дамыту тұжырым­дамасын айқындауды нақтылай түсуі қажет. Тұжырымдамалар мен бағдар­ла­ма­лардың жиі өзгеріске түсуі страте­гия­лық жағынан ешқандай пайда әкел­мейді, керісінше осы маңызды саланың артта қалуына себеп болатыны анық. Біздің еліміз Еуропа мен Азияның арасындағы транзитте маңызды рөл атқаратын көліктік-логистикалық хаб ретінде даму бағытын ұстанып отыр. Қазақстан өзінің ыңғайлы географиялық орнын ұтымды пайдалану арқылы Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия, Қытай, Ресей, Түркия елдерінің және Парсы шығанағы елдерінің нарықтарына еркін шыға алатын транзиттік дәліздерді қалыптастыруға қол жеткізді. Қазірдің өзінде жүктер Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға 15 күн ішінде тасымалдануда, ал Оңтүстік теңіз жолы арқылы 45 – 60 күн жүретін еді. Қытайдан шыққан жүк көліктерінің шамамен 70 пайызға жуығы бүгінгі таңда Қазақстан аумағы арқылы өтуде. Құрық және Ақтау порттары Жаңа Жібек жолының бір бөлігін құрайтын Транскаспий көлік дәлізінің негізгі буынына айналып отыр. Порттардың қуатын арттыра отырып Қазақстан халықаралық жүк тасымалына белсенді араласатын елге айналдыра алатынымыз анық. Бүгінде транзиттен түсетін жыл сайынғы кірістерді 2020 жылы 5 миллиард долларға дейін жеткізу мақсат етілуде.
Мұнан соң Қ.Тоқаев «рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында атқарылып жатқан істерге тоқталды.

– Біз бұл жерде негізінен жаңа ұлттық идеология жөнінде әңгіме болып отырғанын терең түсінуіміз керек. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – бұл Қазақстанды экономикалық, технологиялық жағынан жаңғыртудың идеологиялық тұрғыдан жол көрсететін бағдары. Іске асырылып отырған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» тартымды жоба. Бұл жоба біздің замандастарымыздың қол жеткізген жетістіктерін кеңінен насихаттауды көздейді. Әрине, жеңімпаздар қатарында Әсемгүл Оразаева, Ерлан Күмісқалиев, Арман Жүдебаев сынды жерлестеріңіздің болуы бізді қуантады. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бірегей жобасы шеңберінде барлық гуманитарлық білім бағыттары бойынша әлемнің түрлі тілдерінен 100 үздік оқулықты қазақ тіліне аудару жұмысы басталды. Бұл ел тарихындағы теңдесі жоқ бағдарлама жастардың әлемдік озық үлгілерден білімін шыңдауға зор мүмкіндік ашатыны сөзсіз. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бойынша жұмыс жалғасуда. Бұл мәні жағынан өте орынды, заман ағымына сай өркениетті таңдау. Ендігі өзекті мәселе – қазақ тілін қоғамдағы лайықты орнына көтеріп, мәртебесін одан әрі арттыру. Тәуелсіздік жылдары ана тілімізді дамыту жолында едәуір оң өзгерістер орын алды, осы үрдісті жалғастыра беруіміз қажет. Жаһандану көшіне қосылған жастардың әлемдік тілдерге, ең алдымен ағылшын тіліне деген қызығушылығын ынталандырудың маңызы зор. Осылайша әлемдік үздік тәжірибеге, алдыңғы қатарлы жетістіктерге және жаһандық коммуникацияларға кеңінен жол ашылатын болады. Уақыттың талабы – осындай. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы іске асырылуда, оған Атырау облысының 7 объектісі кірген. Бұл өңірдің бай мәдени мұрасының айқын айғағы. Рухани жаңғыру тұжырымдамасын толық іске асыру арқылы ұлтымыз өркениет әлемінен өзінің лайықты орнын алатын болады. Өз халқының тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін құрметтейтін рухта тәрбиеленген, прогресс пен инновацияға бейім жаңа буын – қазақ жастары түбегейлі рухани жаңғыруды жүзеге асыратын аса қуатты күш және бұл істешешуші рөл атқаруы тиіс, – деді ол.
Сенат Төрағасы сөзін өңірде қол жеткізілген жұмыстарды баян етумен аяқтады.
– Атырау облысы ел экономикасындағы көшбасшылардың бірі екенін сөз басында айттым. Бұл өңір тұрғын үй құрылысы, шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы өндірісі салаларында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Газбен, ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері шешімін табуда. Облыс басшылығы тарапынан көрсетілген жан-жақты қолдаудың нәтижесінде облыстың мәдениет қайраткерлері жоғары жетістіктерге ие болып келеді. Биылғы жылғы ақпан айында Махамбет Өтемісов атындағы драма театрына «Академиялық» мәртебе берілді. Бұл шын мәнінде үлкен қуаныш. Сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Жеке басым 80 жылдық тарихы бар театрдың шығармашылығын қызығушылықпен бақылап отырамын. Театр өз елімізбен қатар, шетелдерде де зор табыспен өнер көрсетуде.
Атырау облысының барлық даму көрсеткіштерінің негізі облыстың барша еңбеккерлері мен ардагерлерінің тынымсыз еңбегінің жемісі екенін жақсы білеміз. Ресей нарығының көршілес орналасуы көп мүмкіндіктер беретінін ескерсек, Атырау облысы үшін шикізаттық емес саланы, оның ішінде өнеркәсіпті, сауда мен қызмет көрсету салаларын дамыту өзекті мәселе болып табылады. Ауыл шаруашылығын, оның ішінде тамақ өнеркәсібін және балық ресурстарын қайта өңдеуді дамытуда өңірдің мүмкіндіктері айтарлықтай мол. Облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың жай-күйін жақсарту мәселелері назар аударуды қажет етеді, бұған жыл сайын бюджеттен айтарлықтай қаражат бөлінуде. Қоршаған ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар үнемі күн тәртібінен түспеуі керек.
Жаппай кәсіпкерлікті қолдау туралы жоғарыда айттым. Тағы да бір атап өтетін жайт: шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетін қалыптастырмайынша әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету қиын болады. Өңір активі кәсіби тұрғыдан үйлесімді жұмыс істей отырып алға қойылған міндеттерді уақтылы және ең бастысы табысты шеше алады деп сенемін. Біз, депутаттар, өз тарапымыздан өңірлердің тиімді дамуына бағытталған бастамаларға қолдау көрсетіп, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруды заңнамалық тұрғыдан жетілдіруді қамтамасыз ететін боламыз. Жаңа тарихи кезеңде баршамыз белсенді, білек сыбана және жұмылған жұдырықтай бірлесіп, Елбасының бастамасымен жұмыс істеуіміз қажет. Президенттің Жолдауы еліміздің болашағы жолындағы ортақ жауапкершілігімізді арттыра түседі. Сондықтан біздің алдымызда бар күш-жігерімізді, білімімізді жұмсай отырып, зор ауқымдағы жұмыстарды атқару міндеті тұр. Қазақстанның жаңа әлемдегі көшбасшы елдердің қатарына кіруін қамтамасыз етуде бізде қажетті жағдайлардың бәрі бар. Біздің халқымыз ең озық елдердің қатарындағы әлеуметтік жағынан бақуатты мемлекетте өмір сүруге лайық. Баршаңызға амандық, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!, – деді Қ.Тоқаев.

Мақсат АМАНГЕЛДІ

Жауап қалдыру