Жеті күнде жеті жүлде!

0
63

21-тамызға дейін жалғасатын XXXI жазғы олимпиада ойындарының алғашқы аптасы да арта қалды. Осы аралықта ел қоржынына жеті медальға майланды.
Жарыстың алғашқы күні-ақ спортшыларымыз құрама қоржынына екі бірдей медаль салды. Алғашқы болып 48 келі салмақ дәрежесінде белдескен Галбадрах Отгонцэцэг, бірінші айналымда гвинеялық Такиана Лиманы жеңгенімен, ширек финалда жапониялық Ами Кондодан ұтылып қалды. Артынша, жұбаныш кездесуде 2012 жылғы олимпиаданың қола жүлдегері венгриялық Эва Черновскиден басым түсіп, кубалық Даиарис Альвареспен үшінші орын үшін айқасқа шығуға мүмкіндік алды. Кіші финалдық белдесу аса тартысты өтіп, жерлесіміз кубалық дзюдошыдан айласын асырып, қола медальға қол жеткізді.
Артынша, дзюдодан ерлер арасында өткен жарыста, 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен Елдос Сметов, финалдық белдесуге дейінгі кездесулердің барлығынан қиналмай өтті. Ақтық бәсекеде ресейлік Беслан Мудрановпен шыққан жерлесіміз, қарсыласына ұпай саны бойынша есе жіберіп, күміс медальды місе тұтты.
Ойындардың екінші күні құрама спортшылары жүлделі орындарға іліне алмағанымен, келесі үшінші күні зілтемірші Фархад Харки 62 келіге дейін салмақта жұлқа көтеруде 135 келіні, серпе көтеруде 170 келіні бағындырып, қоссайыстың қорытынды бойынша (305 келі) үздік үштікке ілінді. Осылайша Қазақстан құрамасы жарыстың үшінші күнін үш жүлдемен аяқтады.
Дүбірлі доданың келесі күні де жерлестеріміз спорттың бірнеше түрі бойынша сынға түсіп, соның біреуінде көзге түсе алды.
Құрама қоржынын кезекті қола медальға байытқан спорт­шылар да зілтемір шебер­лерінің арасынан шықты. Ауыр атлетикадан қыздар ара­сында ел намысын қорғаған Карина Горичева қоссайыстың қорытындысы бойынша 243 (111+132) келіні көтеріп, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.
XXXI жазғы олимпиада ойындарының бесінші күні қазақ спорты тарихында алтын әріппен жазылатын күн болды. Алғашқысы олимпиада ойындарында тұңғыш рет қазақ қызының ауыр атлетикадан жүлделі орынға ілінуімен есте қалары хақ. 69 келі салмақта жарыс жолына қосылған қазақстандық Жазира Жаппарқұл күміс медальға қол жеткізіп, жанкүйерлер төбесін көкке жеткізді. Ол жұлқа көтеруде 115 кг, серпе көтеруде 144 кг бағындырып, қоссайыс қорытындысы бойынша 259 келімен Қытай қызына ғана есе жіберді.
Бұл күні зілтеміршілеріміздің үнемі алғашқы орындардан көріну дәстүрі лайықты жалға­сын тауып, құрама қоржынына алғашқы алтын медаль түсті.
Қазақстандық ауыр атлет Нижат Рахимов ерлер арасында 77 келі салмақта 379 кг көтеріп, олимпиада чемпионы атанды. Ол жұлқа көтеруде 165 келіні, ал серпе көтеруде 214 келіні еңсерді. Айта кетерлігі атлеттің серпе көтеру кезіндегі бағындарған салмағы әлемдік рекордты жаңартқан болатын. Нижат Рахимов құрама сапында 2015 жылы Хьюстонда өткен әлем біріншілігінде топ жарған. Ол 2013 жылы Әзербайжаннан ауысып келген болатын.
Құрамаға екінші алтынды сыйлап, сол арқылы Рио ойын­дарындағы ірі сенсация­лардың бірін тіркеген Қазақстандық Дмитрий Баландин, 200 метрді 2:07,46 секундта брасс әдісімен жүзіп өтіп, олимптың ең биік сатысынан табылды. Ол бұған дейін 100 метрге брасс әдісімен жүзуде үздік сегіздіктің қатарынан табылған болатын.
Жарыстың әр күнінде сынға түскен спортшыларымыздың ішінде жүлделі орындарға қол созымдай жер қалған сәттер аз болмады. Атап айтқанда, 56 келіде жарысқа қатысқан ауыр атлетіміз Арли Чонтей қоссайыс қорытындысы бойынша 4-орынға табан тіресі, қыздар арасында 48 келі салмақ дәрежесінде Рио ойындарына барған зілтемірші Маргарита Елисеева 5-орынды иеленді.
Сондай-ақ осы аптада былғары қолғап шеберлері де алғашқы кездесулерін өткізді. Әзірге шаршы алаңға шыққан боксшылардың ішінде тек 60 кг дейінгі салмақтағы Берік Әбдірахманов пен 49 келіде ел намысын қорғаған Біржан Жақыпов қана сүрінді.

Жауап қалдыру