Жас боксшылар сынға түсті

0
30

Таяуда Республикалық Ақор­­да қозғалысы қоғамдық бірлес­тігінің құрметті төрағасы, генерал-майор Қайрат Сатыбал­дыұлының қолдауымен Алматы қаласындағы №177 қалалық жалпы білім беру мектебінде Қарасай батырды еске алуға арналған «Қарасай» спорт клубының турнирі өтті.
Аталмыш клубтың директоры Нұрлан Әлиақбаровтың айтуынша, шараға 17 мен 16 жас аралығындағы Алматы, Астана, Жамбыл, Талдықорған қалалары мен Алматы облысы Жам­был ауданына қарасты Ұзы­нағаш ауылы және Қордай­дың 200-ге жуық жас боксшылары қатысқан.
Шараға келген қонақтар: белгілі жазушы, қаламгер Нағашыбек Қапалбеков, «Алаш Прайд» кәсіпқой ережесіз жекпе-жек клубының президенті Данияр Қасқарауов, «Алаш Прайд» жауынгері, әскери самбодан 3 дүркін әлем чемпионы, спорт шебері Арман Оспанов, Республикалық Ақорда қозғалысы қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Қанат Мұсақұлов, кәсіпқой бокстан 2 дүркін әлем чемпионы Қанат Сихымбаев, ҚР-на еңбек сіңірген жаттықтырушы Мұрат Сихымбаев мырзалар боксшыларға сәттілік тіледі.
Тұңғыш рет ұйымдасты­рылған жарысқа жас боксшылардың тас түйін дайындалып келгендігі байқалады. Шараның тағы бір ерекшелігі, жарысқа қыздардың да қатысуы болды.
Жан алысып, жан беріскен кездесулер аса тартысты өтті. Бабы мен бағы қатар шуып, жеңімпаз атанғандар шаттанып жатты.
Үш күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша 18 келіге дейінгі боксшылар арасында Райымбек Әлиев жеңіс тұғырына көтерілсе, 2-орын Әлижан Жакеевке, ал, 3-орын Мүслім Нұрмановқа бұйырды. 22 келі салмақта 1-орын Дияр Қарабаевқа, 2-орын Жанат Нұрсұлтанға, 3-орын Олег Гер­манға тиді. 34 кг салмақ дәрежесінде Алматы қаласының «Қарасай» спорт клубының боксшысы Нұртілеу Әлиақбаров жеңімпаз атанса, 2-орынды Сағадат Ырымбетов, 3-орынды Дастан Әбілов иеленді.
Қыздар арасында «Қарасай» спорт клубының боксшысы Жаннұр Әлиакбарова 1-орын, Аружан Абажанова 2-ші, Әлия Мыңбаева 3-орынға ие болды. Жеңімпаздар медаль, кубок және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Алматы облысы Жамбыл аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекшісі Ермек Қартаңбаев Жамбыл ауданы әкімінің кубогын үздік бокс­шы атанған Нұртілеу Әлиак­баровқа табыстады. Өзге де бірінші орын иелеріне Қайрат Сатыбалдыұлы атындағы кубоктар табысталды. Алматы қаласы №177 жалпы білім беру мектебінің боксшылары жарыс­қа жоғары даярлықпен келгендіктерін көрсетіп, бірінші орындардың көбісін иеленді.
Турнир ұйымдастырушылары аталмыш шара болашақта да жалғасын тауып, дәстүрлі түрде жыл сайын өтіп тұратындығын қуанышпен жеткізді.

Алтынай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

Жауап қалдыру