Жарайсың, Гена!

0
222

Өткен сенбіден жексенбіге қараған түні қазақстандық Генадий Головкин өзінің кәсіби бокстағы 36-жекпе-жегін жеңіспен аяқтады. Бұл жолы кіл мықтының ішінде жерлесімізбен жұдырықтасуға Келл Бруктың жүрегі дауалаған екен. Ұлыбритания астанасы Лондондағы «O2 Арена» спорт кешенінде 23 мың көрермен алдында өткен кездесу аса тартысты өтті. Жеңілмеген деген аты бар қос қарсылас бір-біріне әбден лайықты екендігін байқатты. Головкин алғашқы раундтарда-ақ өзінің кім екенін білдіріп, ауыр соққысымен Брукты бір есеңгіретіп, көзінің астын жырып жіберді. Ағылшын боксшысы да жанкүйерлер қолдауына жігерленіп, туған жерінде жеңілуді қаламағандықтан қарап қалмады. Мірдің оғындай соққыларының біразын дарытқанын да айтқан жөн. Алайда кездесудің 5-раундында Брук жерлесіміздің соққылар сериясының астында қалып, есін жоғалтып алды. Оны байқаған жаттықтырушылар шаршы алаңға ақ орамал лақтырып, тәлімгеріне араша түсті. Сонымен кездесу техникалық нокаутпен жеңіліп көрмеген жерлесіміздің пайдасына аяқталды. Генаның командасы енді ізін суытпай келесі кездесуін қараша немесе желтоқсан айларында өткізуді жоспарлауда.

Жауап қалдыру