Қысқы спортты әркез қолдайық

0
80

Жуырда аяқталған Бүкіләлемдік XXVIII қысқы универсиада ойындарына еліміз 5 жыл әзірленді. Қазақ халқының ақ ниетіне қарай, аталмыш аламан халықаралық мамандар тарапынан өте жоғары бағасын алды. Екі аптаға жуық керемет көңіл-күй сыйлаған спорттық мереке бүгінде тарих қойнауына кете барды.

Универсиаданы жоғары деңгейде өткізуге белсене жұмыс атқарған Универисада-2017 дирекциясының мәлімдеуінше, ойындарға 236 мың 744 билет сатылып, жалпы студенттік жарыс тарихында ең көп адам қызықтаған додалардың қатарына енген. Оны әлемдік ақпарат құралдарының жарыса жазуы еліміз үшін үлкен мақтаныш. Универсиадаға арналып салынған су жаңа нысандар қала көркіне сән қосып қана қоймай, бүгінде түрлі мәдени шараларды өткізетін танымал орынға айналып үлгерді. Ойындар барысында жерлестеріміздің жеңісті сәттерінің де аз болмағынын білеміз. Жалпы командалық есепте 2-сатыға жайғастық.

Дегенмен универсиададағы толағай табыстарға масаттанбай, әлемдік додаларда да осы биіктен көрінуге талпынғанымыз жөн. Сондықтан «қыстың қамын жазда ойла» демекші, қазірден осы бағытта жұмыс жасаған абзал. Айталық, қысқы спорт түрлері жақсы дамыған АҚШ, Норвегия, Голландия, Шведия, Канада секілді мемлекеттердің таулы аймақтарында қысқы спорт түрлерінен жарыстар жыл бойы үзілмейді. Әрі ол мемлектеттерде қысқы ойындарға маусымдық спорт ретінде қарау түсінігі мүлде жоқ. Бұл үлгіні елімізде енгізуге мүмкіндіктер баршылық. Әлемдік стандарттарға сай спорттық нысандар да, табиғи қар да жетерлік. Саңлақтарымыздыздың соңғы жылдардағы аяқ алысы да бұл саланы дамытуға алғышарт бола алады. Мәселен, Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхардтың тамаша жетістіктері Қазақстанды әлем елдеріне таныта түсті. Жанбота Алдабергенова секілді қаракөз қыздарымыздың табысты жолы жас қазақ қыздарына үлгі боларлықтай.

Тағы бір назар аударарлық жайт, қысқы спорт түрлеріне ауыл жастарын тарту мәселесі. Ауылдық жерлерде аяғына коньки байлап, хоккей ойнаған балалар жетерлік. Олардың қысқы спортқа қызығушылығы спорт үйірмелердің болмауынан, спорттық мектептердің тек қалада ғана кездесетіндігінен әуесқойлық деңгейден аса алмайды. Егер оларға тиісті жағдай жасалса, бәлкім ауыл жастарының арасынан олимпиада чемпиондары шығар ма еді…

Сондықтан әлемдік додаларда таласқа түсер отандастарымыздың қарасын көбейткіміз келсе, қысқы спортты барынша қолдағанымыз абзал.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

Жауап қалдыру