Тастаяқ шеберлері анықталды

0
33

Алматы облысының орталығы Талдықорған қала­сындағы «Жастар» спорт кешенінде бильярдтан ардагерлер арасында облыс әкімінің жүлдесіне арналған «Жетісу кубогы» атты республикалық жа­рыс өткізілді. Алғаш рет ұйымдастырылып отыр­ған сайысқа кең байтақ республикамыздың түкпір-түкпірінен арнайы келген 11 команда қатысты.
Жарыстың ресми ашылу салтанатында облыс әкімі Амандық Баталов жұрт­шы­лық алдында жарыс­қа қаты­сушыларды құттық­тады.
– Құрметті спортшылар, жер жәннаты – Жетісу же­ріне қош келдіңіздер! Бильярд – физикалық күш-қуатты ғана емес, логикалық шебер­лікті талап ететін интеллек­туалдық ойын. Сондықтан мұнда осал ойыншы болмайды. Әуесқойлар арасындағы Алматы облысы әкімінің жүлдесіне арналған «Жетісу кубогы» республикалық турнирі Талдықорғанда тұңғыш рет өткізіліп отыр. Алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады деп ойлаймын. Жарысқа қатысушы ардагерлер арасында тартысты ойын болатынына сенімдімін, – дей келе, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Одан кейін сөз алған рес­публикалық бильярд қауым­дастығының төрағасы, танымал журналист Нұртілеу Иманғалиұлы дүбірлі жарысты ұйымдастыруға зор қолдау білдірген Алматы облысы әкімдігіне алғыс білдіре отырып, додаға қатысушыларға табыс тіледі.
Ресми шарадан кейін спорт­шылар кешеннің арнайы жабдықталған бильярд залында бас қосты. Бұл жерде жарыстың бас төрешісі ойынның ережесімен таныстырды. Сайыс бильярдтың «Мәскеу пирамидасы» түрінен өткізілетіндігін жеткізді. Сонымен жарыс басталды.
Алғашқы айналымнан-ақ ақсақалдар тастаяқ ойынының хас шебері екендігін көрсетіп, тәжірибелерін дәлелдеді. «Кілең сен тұр, мен атайын» деген мықтылар арасында есімін естігенде ат үркер, бильярд ойынының жілігін шағып, майын ішкен, майталмандар да бар. Олардың ойыны тіптен ерек. Соққан шарлары ұяға дәл даритынына шүбә келтірмейсің. Тастаяқ спортының қыр-сырын жетік меңгерген ардагерлердің ойыны жиналған жұртшылықты тәнті етті.
Сөйтіп, Жетісу жерінде өткен облыс әкімдігі мен облыс­тық бильярд федерациясы ұйымдастырған жарыс үш күнге созылды.
Жарыстың қорытындысы бойынша 50-60 жастағы ардагерлер арасында 1-орынды облыс ардагерлерінен құралған «Жетісу» командасы қанжығасына байласа, 2-орынды Шымкенттен келген «17 регион» командасы иемденді. Ал, алматылық «НАП» командасы үздік үштіктің қатарынан көрінді.
63 жастан жоғары ардагерлер арасында жалпыко­мандалық есепте бас бәйгені Астанадан келген «Астана қырандары» командасы еншіледі. 2-орынды алматылық «Бірлік» командасы иеленіп, 3-орын Шығыс Қазақстан облы­сының «Асау Ертіс» командасына бұйырды.
50-63 жастағы ардагерлер арасындағы жекелей сында 1-орынды Данияр Юнусов (Шымкент), 2-орынды Илья Галкин (Астана), 3-орынды Марат Карбаев (Алматы облысы) жеңіп алды. 63 жастан жоғары ардагерлер арасында 1-орынды Георгий Пак еншілесе, 2-орынды Марат Садықов (екеуі де Шымкент) қанжығасына байлады. 3-орын Михаил Ларецкийдің үлесіне тиді.
Жарыстың жоғары дәре­жеде ұйымдастырылуы мен өткізілуіне ұйытқы болған жетісу­лықтарға риза болған ар­дагер спортшылар осындай жарыс жиі ұйымдас­ты­рылып тұрса деген ниетпен тарқасты.
Айдар ҚАЛИЕВ
Талдықорған қаласы

Жауап қалдыру