Таэквондошылар турнирі абыроймен өтті

0
50

Алматыда таэквондодан халықаралық турнир мәресіне жетті. Республикалық спорт колледжінің алаңына төселген үш даянға 1443 спортшы шықты.                                  «Барыс» таэквондо клубының кубогы үшін өткен халықаралық сайыс ең алғаш рет 2009 жылы ұйымдастырылған еді. Оған 500-ге тарта спортшы қатысса, екінші жылдан бастап  қатысушылардың саны күрт артқан. Ал биылғы додаға 99 команда қатысып, Ресей, Моңғолия, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина, Әзірбайжан сынды елдердің тегеурінді таэквондошылары қатысты. 5 жастан  жоғары балалар арасындағы   «А» санатындағы халықаралық турнир үш  күнге жалғасты.                               Жалпыкомандалық есепте Алматы қаласының таэквондошылары топ басына шықты. Олар 30 алтын, 20 күміс, 38 қола медаль олжалады.  Командалық есеп бойынша екінші сатыға Өзбекстан спортшылары жайғасты. Даңқты бапкер Зайнаб Назаралиев өзі бастап 250 спортшыны  Алматыдағы турнирге қатыстырды. Олар 11 алтын, 12 күміс, 18 қола медальға қол жеткізді.                                                                                          – Біз бұл турнирге жыл сайын қатысамыз, жыл озған сайын қатысушы командалардың саны артып келеді. «Барыс»  клубының кубогы үшін өтетін халықаралық турнирдің беделі жоғары. ТМД елдерінен өте талантты балалар келеді.  Осынау жарысқа қатысу арқылы шәкірттеріміз шыңдала түсуде, – дейді Зайнаб Назаралиев.                      Жалпы командалық есепте үздік үштікке Алматы облысының таэквондошылар жайғасты. Олар халықаралық турнирден 31 медаль иеленді.                                          Қырғыз елінің таэквондошылары да бұл турнирден медаль алды. Бұл ел таэквондо спортын дамыту үшін Кореядан бапкер алдырған-ды. Ин Юншу бапкердің жаттықтыруымен қырғызстандық спортшылар төрт медаль олжалады.                            Турнирді тамашалаған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев республикалық спорт колледжінің залында осындай бәсі жоғары халықаралық турниді жыл сайын ұйымдастырып, биылдан бастап «А» санатындағы турнирлердің қатарына қосқан республикалық спорт колледжінің директоры Амалбек Тшановқа алғысын жеткізді.                                                                                                              Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов бұл турнирді жыл сайын арнайы келіп тамашалайтынын айтты. «Таланты жас спортшылардың талабына қарап қуанамын. Еліміздің спорты алға жылжуына  осындай маңызды сайыстардың өтуі септігін тигізері сөзсіз» – деді М.Жұрынов.                                                                    ҚР Мәдениет және спорт вице-президенті Сәкен Мұсайбеков, Мәдениет және спорт министрілігінің жауапты хатшысы  Қуатжан Уәлиев  те арнайы қонақ ретінде шақырылып, бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің тартысына ризашылықтарын білдірді.  Тоғыз жыл бұрын Алматы қаласында таэквондодан «Барыс» клубы құрылды. Осы игілікті іске бастамашы болған мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген  бапкері, педагогика ғылымдарының докторы Амалбек Қозыбақұлының еңбегі зая кеткен жоқ. «Барыс»  клубында шыңдаудан өткен жастар әлемдік сайыстарда ел намысын қорғап жүр.  Арыға тереңдемей-ақ күні кеше Мысырда кадеттер арасында әлем чемпионы атанған Әлихасан Бақытжанның жетістігін айтсақ та жетеді. Еліміздің тарихында кадеттер арасында алғаш болып әлем  чемпионы атанған Әлихасанның арманы – Олимпиада алтыны.                                                                             «Барыс»  спорт клубының кубогы үшін «А» санатындағы халықаралық турнирді ұйымдастырушылардың да көздеген межесі – Қазақ елінің таэквондошыларын Олимп шыңына шығару.

                                                                                                            Қ. ЖОМАРТ,    Алматы

Жауап қалдыру