Төрешілер елішілік жарыстардан неге шеттетіледі?

0
62

Түрікменстанның астанасы Ашхабад қаласында өткен  жабық кешендегі және жекпе-жек спорт түрлерінен Азия ойындарында тарихта тұңғыш рет қазақ күресі ойын бағдарламасына кіріп, 3 салмақ бойынша сары құрлықтың мықты палуандары алғашқы жүлделерді сарапқа салды. Жақында ғана әлем барысы атанған Айбек Нұғымаров өзінің мықтылығын тағы да дәлелдеп +90 келіде жеңімпаз атанса, 70 келіде белдескен Қасымхан Төленбай да қарсылас шақ келтірмеді. 90 келіде сынға түскен Әділжан Ыстыбаев қоланы қанжығасына байлады.
Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Ұлттық спортымыз Азия ойындары секілді дүбірлі додаға бірінші рет еніп отырғанына қарамастан қазақ күресінен өткен бәсекеге 11 елден спорт­шы қатысқаны көңілге қуаныш ұялатады. Қазақ күресін әлемге таныту осы қарқынмен жүре берсе келесі Азия ойындарына қатысушылар саны бұдан да көп болары сөзсіз. Әр жағында Жазғы Азия ойындары бағдарламасына енуге де мүмкіндік мол деп ойлаймыз.
Қазақ күресін жабық кешендегі және жекпе-жек спорт түрлерінен өтетін Азия ойындары бағдарламасына енгізу үшін Дүниежүзілік қазақ күрес федерациясы үлкен еңбек сіңіргенін күрестен хабары бар кез келген адам біледі десем артық айтпаған болар едік. Федерация басшысы Ислам Әбішев пен осы федерацияны ұзақ жыл басқарып қазақ күресін қазіргі әлемге танымал дәрежеге жеткізген Серік Төкеев секілді ағаларымыздың еңбегіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
2004 жылы Германияның астанасы Берлин қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында тұсауы кесілген федерацияның басты мақсаты – қазақ күресін Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу болатын. Осы мақсатқа жету жолында қыруар жұмыс атқарылды. Қазақ күресінен 11 рет Азия чемпионаты, 3 рет Еуропа чемпионаты және 6 рет әлем чемпионаты мен 3 рет әлем кубогы өтті. Африка чемпионаты мен жастар және  жасөспірімдер арасында өткізілген әлем чемпионаты тағы бар. Енді, міне ұлттық құндылығымыз жабық кешендегі Азия ойындарында дүркіреп өткенін де көрдік. Келесі жылы Үнденезияда өтетін жазғы Азия ойындарына енсе, 2020 жылы Токио Олимпиадасы да алыс емес. Ислам Әбішев пен Серік Төкеев ағаларымыз келешекке өте ауқымды осындай жоспарлар құрып отыр.
Алайда ел спортының нағыз жанашыры болып табылуға тиісті Мәдениет және спорт министрлігі ел үшін шырылдап жүрген бұл азаматтардың елеулі еңбегін көрмей немесе көрсе де көрмегендей болып отыр. Үй ішінен үй тігіп, дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы тұрғанда тағы бір халықаралық қазақ күресі деген федерация ашып, елімізді әлемге танытқан ЭКСПО аясында өтуі тиісті қазақ күресінен жоспарланып қойылған әлем біріншілігін Астана қаласында өткізбей тастағанын, өткізбегені былай тұрсын «Біріккен күрес әлемі» секілді әлемдік беделді ұйымға хат жазып, 16 жыл бойы еңбек атқарып келе жатқан федерацияны жабуды сұрағанын қалай түсінуге болады? Ұлттық спортымызды насихаттау жолында тер төгіп жүрген қазақтың маңдайалды жігіттерінің біріккенін, сөйтіп бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеулерін өтінген едік.
Алайда, Арыстанбек Мұхаме­диұлы бастаған, Арман Шораев қостаған екінші тарап бітімге келу жағын тіпті ойлап жүрмегенге ұқсайды. Керісінше өздерінікін дұрыс деп санап, белден басуларын тоқтатар емес. Олай деп отырғанымыз Азия ойындары бағдарламасына енген қазақ күресі сайыстарын ойдағыдай өткізу үшін Ашхабадқа таңдап жіберілген еліміздегі ең мықты төрт төрешіні елшілік жарыстарға қатыстырудан шеттетіп тастаға­ны болып тұр. Ол төрт төрешіні сіздерге таныстыра кетейік. Марат Жақыт – КСРО мен Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, профессор, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бас хатшысы – Нұрлыбек Ермағамбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы – Қуанышбек Наханов және қазақ күресінен Азия құрлығы федерациясының бас хатшысы – Рафаэль Хабиров. Бұлардың төртеуі де ха­лықаралық дәрежедегі төреші­лер.
Қазақ күресінің майын ішкен осы төрт төреші Азия ойындары басталмастан бір апта бұрын Ашхабадқа келіп басқа елден келген төрешілер мен жаттықтырушыларға қазақ күресінің ережесін үйретіп, арнайы семинар мен практикалық сабақтар өткізді.  Бұл төрешілер – қазақ күресін әлемге таныту жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар. 21-24 шілде күні Нұрлыбек Ермағамбетов Польшаның Вроцлав қаласында өткен дүниежүзілік ойындарда қазақ күресі туралы семинар өткізіп, ұлттық күресіміздің әдіс-тәсілдерін көрсетіп келген болатын. Ол жердегі мақсат 2021 жылы АҚШ-та өтетін дүниежүзілік ойындар бағдарламасына қазақ күресін енгізу. Сонымен қатар Нұрлыбек Ермағамбетов пен Рафаэль Хабиров 15-20 мамыр күндері Оңтүстік Африканың Кейптаун қаласына барып 2-ші Африка чемпионаты мен семинар өткізіп келгенін де айта кетейік.
Алайда, осындай беделді, өз ісін жетік білетін төрешілер әлемдік сындарда төрешілік еткенмен, елішілік жарыстарға төрешілік етуге жарамайды екен. Неге? Бұл сұраққа құрметті министр қалай жауап береді екен?
Жақында Астанада өткен «Әлем барысы» турнирінде төрешілердің әрекетіне қатысты үлкен шу шыққан болатын. Егер жоғарыда аттары аталған қазақ күресін әлемге танытып жүрген төрешілерді осындай дүбірлі додаларға қосқанда мүмкін қателіктер болмас па еді?
Қазақ күресі Ашхабадтағы жабық кешендегі Азия ойындары бағдарламасына кіріп, алғашқы жеңімпаздар есімі анықталып, ақ түйенің қарыны жарылып жатқанда сіздерге осындай көңілге кірбің түсіретін жәйттерді баяндап отыру бізге де оңай емес. Сол себепті бұл төрешілерді елішілік жарыстардан шеттетуді тоқтатып, оларды қатарға қосу Қазақ елі спортын басқарып отырған Арыстанбек Мұхамедиұлының қолынан келеді деген ойдамыз.

Мұсағали ТАСҚАЛИЕВ,
«Спорт жұлдыздары» республикалық
ғылыми-әдістемелік журналының бас редакторы,
Қазақ журналистикасының қайраткері.

Ақтөбе қаласы

Жауап қалдыру