Тәні саудың, жаны сау

0
70

 «Аса байлық не керек, денсаулығың болмаса» деген бірауыз сөздің зілі қаншалықты ауыр десеңізші. Деннің саулығының бірден-бір кепілі спортпен шұғылдану екендігі әлдеқашан-ақ дәлелденіп қойған. Осы орайда спорт додалары мен шараларын ұйымдастырудың маңызы зор. Сондай шаралардың бірін жуырда «Денсаулық күні» спартакиадасы деген атпен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұйымдастырды.                              Жарыстың  салтанатты ашылуында сөз сөйлеген университет ректоры Тахир Оспанұлы Балықбаев спорттың қоғамда әсіресе студенттер арасында алар орны ерекше екенін айырықша атап өтті. Расымен де, дені сау ұрпақты тәрбиелеу еліміздегі жоғары оқуы орындарының алға қойған негізгі мақсаттарының бірі. Жастар біздің келешегіміз десек, сол жас буынның отан қорғайтын қайраты кемел, саналы азамат болып өсуі үшін біліммен қоса спортты бірге алып жүргені шарт екені белгілі.                                  Шара барысында Спартак стадионының әр бұрышында тартысты спорт бәсекелері ұйымдастырылды. Аталған спартакиада университеттің оқытушы-профессор және қызметкерлерден тұратын құрамалары мен студенттер арасында өрбіді. 50-ден аса ұстаз бен университет қызметкері спорттың шахмат, стол теннисі, волейбол, жеңіл атлетика түрлерінен күш сынаса, 900 студент қазақ күресі, шағын футбол, қол күрестіру, тоғызқұмалақ, стол теннисі және жеңіл атлетикадан жарыс көркін  қыздырды.                                                                                              Республикалық бәсекелерде, ел біріншіліктерінде университет атынан шығатын дарынды жастар осындай ішкі жарыстарда шынығады. Соның арқасында оқу орнындағы Сауықтыру дене мәдениеті кафедарасының меңгерушісі Амантай Қарақовтың қарамағында жаттығатын шәкірттері қаларалық сайыстарда табысты өнер көрсетуде. Сондықтан да студенттердің тәжірбиелерін шыңдай түсетін осындай тартысты ішкі спартакиаданың берері мол.                                                      Сонымен, жарыс қорытындысы бойынша, студенттер арасында 1-орынды Филология және көп тілді білім беру ниституты , 2-орынды Математика информатика және физика иниституты, 3-орынды Өнер мәдениеті және спорт институты жеңіп алды. Ал қызметкерлер мен профессор-оқытушылар құрамалары арасында 1-орынды  Өнер мәдениеті және спорт иниституты, 2-орынды Жаратылыстану және география иниституты және физика институты олжалап, университет әзірлеген құрмет марапаттарына ие болды. Сонымен бірге жарыс соңында әр спорт түрлерінен топжарып көпшілік ризашылығына бөлінген студенттер айырықша аталып өтілді. Осылайша қоңыр күздің шуақты бір күнінде өткен аламан спорт ойындары тамаша көңіл-күймен мәресіне жетті.                                                                                «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» деген екен А.Шопенгауер. Ендеше сол бақытымызды денсаулығымыздан табу үшін, осындай  пайдасы мол спорт шараларына белсене қатыса отырып, салауатты өмір сүруге ерекше мән бергеніміз ләзім.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

 

Жауап қалдыру