Спорттағы ұлттық жеңімпаздық идея

0
342

Еліміз XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарын өз биігінде өткізді. Бұл спорттық шарадан ҚР Мемлекеттік орталық музейі де қалыс қалмай, «Қазақстан спортының тарихы» атты көрме ұйымдастыруда. Аталмыш көрме сәуір айына дейін жалғаспақ.
Ұлттық спорт түрлеріне ар­налған экспозициялардан басталатын бұл көрме саламатты өмір салтын қалыптастыру стратегиясы және жастарға патриоттық тәрбие беруді жақ­сарту секілді өзекті мә­селені көтере отырып, ұлттық мереке – Наурыз мейрамы қарсаңында ұлттық ойындарды өткізу, дәріптеу тарихынан да мағлұмат береді.
Ұлттық спорт түрлерінің ішін­­дегі ерекше дамығаны па­л­уандар бәсекесі екені бел­гілі. Осы орайда есімдері күллі Кеңес үкіметіне мәш­һүр бол­ған Қ.Байдосов пен А.Бұғы­баев­тардың құ­жаттық-заттық кеше­ні көрме төрінен орын алды. Палуандарымыз алғаш рет 1947 жылы КСРО-ның грек-рим күресінен ұйымдастырылған чемпионатқа қатысса, 1955 жылы Қабден Байдосов алғаш еркін күрестен КСРО-ның спорт шебері атанған қазақ атанды.
Көзге ерекше көрінетін экс­понаттардың бірі – 1943 жылы өткен Орта Азия халықтары спартакиадасы туралы Қазақ КСР Халық комиссарлары Ке­ңесі жанындағы Дене тәр­биесі және спорт комитеті арнайы дайындаған фотоальбом. Көрмені тамашалаушылар көп жылдар қор бөлімінде сақталып келе жатқан бұл альбомнан, осы спартакиада барысында ұлттық «Көкпар тарту» сайысында жасы 97-ге шыққанына қарамастан ат үс­тінде жүріп сайысқа төрешілік еткен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың фотосуреті секілді қайталанбас көріністердің куәсі бола алады. Сонымен қатар көрме қонақтарына арнап, 1951 жылы тоғызқұмалақ ойынынан өткен республикалық чемпионатқа қатысты фотоқұжат пен 1959 жылы Алматы ипподро­мында өткізілген – қыз қуу, 7 шақы­рымдық аламан бәйге, жорға жарыс, көкпар, аударыс­пақ се­кілді ұлттық ойындар сайы­сынан түсірілген фото­құжаттар ұсынылған.
Екі бөлімнен тұратын көр­менің мақсаты – музейдің қор бөлімінде сақталған Мәскеу олим­пиадасының чемпионы, әлем чемпионы, КСРО-ға еңбек сіңір­ген спорт шебері, қазақ палуаны – Жақсылық Үшкемпіров, грек-рим күре­сінен олимпиада чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы және Еуропа чемпионы атанған Шәміл Серіков, 4х100 метрлік спринтерлік эстафетада олимпиада ойындарының алтын медальдарын жеңіп алған – В.Муравьев және су добының шебері Сергей Котенко, күміс жүлдегерлер – боксшылар Се­рік Қонақбаев және Виктор Демьяненко тағы да басқа спортшылардың спорттық топ­тамалары мен құжаттары негізінде Қазақстандағы спорт түрлерінің, оның ішінде ұлттық спорттың даму тарихын баяндау. Негізін Алматының «Динамо» командасының мүшелері – Миннеулла Азизов, Фарид Зигангиров, Александр Мясников, Михаил Нечепуренколар құраған көгалдағы хоккейден КСРО құрама командасы туралы музейдің қор бөлімінде сақталған деректер бойынша ұсынылса, ал Қазақстандағы альпинизмнің дамуы – Эльбрусты бағындырушы Қазбек Уәлиевтің кешені негізінде көрсетілген.
Сонымен қатар, көрмеге баскетболдан КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ок­тябрь Жарылқаповтың, 1949-1959 жылдар аралығында Қа­зақ КСР-і Министрлер Ке­ңе­сі жүлдесінің, Республика бі­рін­шіліктерінің жеңімпаз­да­ры, конькимен жүгірушілер Е.Ма­кеенко, Г.Романовалардың, жұл­қа көтеруден Мәскеу олимпиадасында рекордтық (290 кг) нәтиже көрсеткен ауыр атлет В. Мазин туралы фотоқұжаттық деректер көптеп қойылған. Музей қорынан алынған Қазақ­стан спорты тарихынан мағлұмат беретін басқа да құжаттар, фотосуреттер, зат­тық экспонаттар, арнайы спорт киімдері, эмблемалар, кәдесый бұйымдар, спорттық ақпа­раттар хро­но­логиялық түрде ұсы­ныл­ған.
Еліміздің спорт саласында жеткен жетістіктерін өскелең ұрпаққа таныстыру, жастар арасында саламатты өмір салтын кеңінен насихаттауда, жас­тардың белсенділігін арттыру отансүйгіштік қасиеттерін қалып­тастыруда мұндай спорт тақырыбына арналған шара­лардың маңызы зор.

Марван ХАМИТОВА,
ҚР Мемлекеттік орталық музейінің жетекші ғылыми қызметкері

Жауап қалдыру