Шапан киген Чемпион

0
52

«Ұланы бәйгеге шапса, шешесі үйінде отырып тақымын қысады» деген бар ғой. Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Канаданың “сен тұр, мен атайыны” Давид Лемьемен жекпе-жегі бәрімізге де тап осындай әсер етті.
Иә, ардақты ағайын, қазағым­ның көк байрағы тағы бір мәрте биікте желбіреді, абыройы ас­қақтады, мерейі үстем болды. Өткен аптаның жексенбісінде, яғни, қазанның 18-ші жұлдызына қараған таңсәріде бүкіл жанкүйерлердің назары Нью-Йорктегі Мэдисон Сквер Гарден кешеніне ауды. Даңқты былғары қолғап шебері, WBA, WBC, IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы Геннадий Голов­кин IBF нұсқасындағы 26 жастағы әлем чемпионы, кана­далық Давид Лемьемен шаршы алаңда күш сынасты.
Бұл жекпе-жек басқа бақталас­тарға қарағанда ерекше және өте қызықты өтті. Себебі, қос қарсылас та шаршы алаңды өз ырғағына бағындырып жүрген шеберлердің бірі емес бірегейі десек еш қателеспейміз. Бұған дейін Г.Головкин 2015 жылдың 16-мамырында Вилли Монромен кездесіп, қатарынан үш рет нокдаунға жіберіп сан соқтыра есеңгіреткен болатын. Әрине, жекпе-жектің тағдыры шаршы алаңда бәріңіз куә болғандай біздің пайдамызға шешілді. Бұ­ған дейін қарсыластарын есең­гірете жыққан, бірде-бір рет осал тұсын көрсетпеген Геннадий бұл жолыда әлжуаздық көрсете қойған жоқ. Жекпе-жек басталарда жанкүйер жүрегінде сәл де болса үрей болғаны рас. Бұлай себеп – қарсылас Давид Лемьенің осы жекпе-жек­ке дейінгі көрсеткіштері және жойқын соққылары болатын. Давид кәсіпқой бокста қарсыластарынан 34 рет басым түсіп, тек 2 мәрте ғана жеңіліс тапқан еді. Бокс әлемінде «пан­чер» атты ұғым бар, яғни жаппай соққыға жығу және есең­гірету. Міне, Геннадий де, Давид те осындай боксшылар сапы­ның алдын орап тұр.
Осыдан бірнеше ай бұрынғы өткен баспасөз мәслихатында Геннадий өзінің «Менде бұл жолы алғаш рет қорқыныш пай­да болды. Бірақ тек 1 пайыз­ға. Ал қалғанын жепе-жек көр­се­теді. Бұл жолы да менің асы­ғым алшысынан түсіп, Қазақс­тан және барша әлемдегі жанкүйер­леріме кезекті рет қуаныш сый­лап, қазағымның мерейін үстем, абыройын асқақ етуге бар кү­шім­ді саламын», – деген болатын.
Оған жауап ретінде Давид те құр қалмады: «GGG өте мықты боксшы әрі қарсылас. Г.Головкин қазіргі таңда қалып­ты жағдайда және шеберлік шыңында. Алайда, мен «Андердогпын». Және де дәл осы сәтті көптен күткем. Қарсыласымның мықтылығына қарамастан оның осал жерін тауып алып, соқ­қыға жығып, жеңіс туын көте­ретініме сенімдімін!», – деп кесіп айтқаны бар. Біздің қуаны­шымызға қарай оның өзіне деген сенімі ақталмады. Спорт болған соң, асауға тұсау табылатыны анық.
Жекпе-жек басталғаннан-ақ Геннадий өзінің қарымды соққы­лары­мен Лемьенің мысын басып тастады. Дегенмен, қарсылас оңай беріле қойған жоқ. 3-4 раундтан кейін боксшы Давид отандасымызға бірнеше соқ­қы жіберіп рухтанғандай болды. Алайда бұдан кейінгі раундтарда жерлесіміз «Балқаш жолбарысының» соққылары қандай болатынын Лемьенің тұмсығына біраз иіскетті. 5-раунд­та Головкиннің іштен ұр­ған соққысы оны нокдаунға түсірді. Одан кейінгі раундтарда канадалық қазақ боксшысына еш қайран жасай алмады. Сегізінші раундтың ортасында соққыдан соққы жеген Лемьенің шарасыз күйін көрген төреші жекпе-жекті тоқтатты. Сонымен, Геннадий қатарынан төрт бірдей белбеудің иегері әрі супер чемпион атанды.
Жекпе-жектен кейінгі дәл ри­нг үстіндегі сұқбат соңында, Головкин күллі жанкүйерлеріне арнап ана тілімізде «Бәріңізге үлкен рақмет!» дегені оған деген алғысымызды еселеп ұлғайта түсті. Жеңімпаздың мұндай сөзі­не қалай рухтанбассың, жүре­гің қалай елжіремес. Геннадийге алдағы уақытта да тек қана жеңіс төрінен көрінгейсің дегіміз келеді.
Мамандардың пікіріне қара­ғанда Головкиннің ендігі қар­сы­ласы Сауль Альварес неме­се Мигель Котто болатын сияқ­ты. Сол күні де GGG-дың қор­жынындағы жеңістер саны то­лы­ға түседі деп үміттенеміз. Шын шеберге шаршы алаңда тұ­сау жоқ.
Бердікей МҰҚАШ.

Жауап қалдыру