«Пинг-понг ханшайымы» белгілі болды

0
106

27-28 тамыз күндері балалар үйінің тәрбиеленуші қыздары арасында үстел теннисінен турнир өткізілді. Жарыс нәтижесінде чемпион атағын 13-16 жас аралығында Рудный қаласынан келген Ольга Ким, ал 9-12 жас аралығында Қарағанды облысы «Таңшолпан» балалар үйінен Евгения Тузова жеңіп алды. Сол арқылы жеңімпаздар Шанхай қаласындағы спорт мектебіне баруға мүмкіндік алды.

Шара ҚР үстел теннисі федерациясының және ҚХР-дың Алматыдағы бас консулдығының қолдауы арқасында «BAURZHAN Foundation» жеке қорының ұйымдастыруымен өткен болатын.

Екі күндік турнир 27 тамызда үстел теннисі федерациясында баспасөз конференциясы және турнирдің салтанатты ашылуымен бастау алды. Мерекеге ҚХР-дың Бас консулдығының өкілі Чжан Сяоцин, үстел теннисі федерациясының атқарушы директоры Малик Бейсалиев пен Нұр Отан партиясының Алматы калалық бөлімшесі төрағасының орынбасары Қайым-Мұнар Табеев қатысты. Олар бірегей әлеуметтік жобаның маңыздылығын айтып өтті.

Сондай-ақ турнир ашылуында кәсіби спортшылардың қатысуымен шеберлік сағаты өтіп, жас спортшы қыздар өздерінің қабілеттерін шыңдай түсуге және жақсылап шынығуға мүмкіндік алды. Қыз балалар турнирге екінші мәрте қатысып отырғандықтан болар олардан еш жасқану, ұялу байқалмады.

Әрі қарай Қазақстанның 14 аймағынынан келген 34 тәрбиеленуші арасында турнирдің 1-кезеңі өтті. Жас спортшы қыздар 9-12 және 13-16 жас аралығында сынға түсті.

«Baurzhan» қорынан  ұйымдастырушысы Динара Қадыр турнирдің маңызы жайында да айтып өтті.

– Біздің «Пинг-понг ханшайымы» турнирін өткізудегі ең маңызды шабыттандырушымыз – балалар үйінің тәрбиеленушілері мен олардың спортқа деген қызығушылығы. Мына шара – оларға деген кішкене сыйымыз. Кім біледі, мүмкін осы турнирдің арқасында біреулері спорт әлемінен өз орнын тауып болашақта чемпион атанар, – деп лебіз білдірді.

28 тамыз күні финал ойындары өтіп, жеңімпаздар анықталды. Чемпион атанған 9 жасар Евгения Тузова жасының кішілігіне қарамастан, қарсыластарынан басып озды. Оның айтуынша, ең бастысы – дәлділік пен жылдамдық.

Чемпион қыздардың екеуі де алдағы Шанхай қаласында болатын сапарды ойлап қобалжуда.

Турнирге Алматы қаласының маслихат депутаты Асылхан Төлепов, Нұр Отан партиясының Алматы калалық бөлімшесі төрағасының орынбасары Қайым-Мұнар Табеев, балуан Ислам Байрамуков, ҚХР-дың Бас консулдығының жауапты атқарушысы Miao Hongbo арнайы ат басын бұрып, қыздарды жеңістерімен құттықтады.

Томирис  Керімқұлова

Жауап қалдыру