Параатлеттер қоржынымызға қос медаль салды!

0
144

Рио-де-Жанейрода өтіп жат­қан Паралимпиада ойын­дарын­да Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетуде. Бүгінде қоржында қос медаль. Осыған дейін Қазақстан спортшылары Паралимпиадада олжа салып көрмеген.
11 күнге созылатын Паралимпиада ойындарына 161 мемлекеттен 4 мыңнан астам параатлеттер қатысуда.
Жарыс бастала салысымен алғашқы күні-ақ құрама қор­жыны алғашқы медальмен май­ланды. Қазақстандық 50 жастағы спортшы Зүлфия Ғабидул­лина 100 метрге еркін әдіспен жүзуден алтыннан алқа тағынды. Ол бұл қашықтықты 1:30.07 минутта жүзіп өтіп, әлем рекордын орнатты. Күміс медаль қытайлық Пенг Куи­пинг (1:34.71), қоланы украина­лық Ольга Свидерска (1:34.86) иеленді. Ғабидуллина паралимпиадаға бір аяғы не бір қолы жұмыс істемейтін спортшыларға арналған S3 категориясы бойынша қатысқан болатын. Ол алты жасында жол апатына ұшырап, бір аяғы сал болып қалған. Жүзгіш 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында да алтын алған.
12-қыркүйек күнгі жарыста жерлесіміз Раушан Қойшыбаева пауэрлифтингтен әйелдер арас­ында 67 килограмм салмақ дәре­жесінде күміс медаль иеленді. Ол 113 килограмды бағындырған болатын. Алтын жүл­дені 135 килограмм көтеріп, әлем рекордын орнатқан қытай­лық Тан Юяо жеңіп алды. Ал қола медальды 108 келі көтер­ген египеттік Махмуд Амал еншіледі.
Паралимпиада 18-қыркүйекте аяқталады.

Жауап қалдыру