Көкпар дауы ширықтырады

0
25

Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынында көкпардан азулы саналатын Қазақстан құрамасының Өзбекстаннан жеңіліп қалуы қоғамда қызу талқылануда. Әлеуметтік желілерде мәселеге қатысты түрлі видеолар да таралып кетті. Ол видеолардың бірінде қырғыздар қазақ көкпаршыларын өзбек құрамасынан әдейі жеңілді деп айыптаса, екіншісінде біздің көкпаршылар жарысқа дайындықсыз барғанын, басшылардың алдағы жарыс туралы ештеңе айтпастан «ұйықтап жатқан жерлерінен» алып кеткенін, тіпті аттарының, көкпарға жаратылмағанын айтқан. Көкпар дауын өршіткен де осы сөздер еді.
Алайда бұны Ұлттық спорт қауымдас­ты­ғының президенті әрі мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойынының қорытындысына орай өткізген бас­пасөз мәслихатында жоққа шығарды. Көк­паршылардың өздерінің аттарын емес, қыр­ғыздардың атын мінгенін былайша түсіндірді.
– Көкпар ойындарына Франциядан, Америкадан атпен келе ме? Біз бәрібір қырғыздар сияқты атты баптай алмаймыз, біздің жігіттердің көңіліне келсе келер, айып етпеңдер, бірақ қырғыз сияқты ат дайындай алмайсыздар, сондықтан қырғыздың ат дайындауы төмен дей алмаймыз. Дайындықсыз барды дейді, жаттығу болды ғой, әлемде көкпар ойыны жолға қойылған бірден-бір ел – біз, – деді ол.
Мәжіліс депутаты өз атына айтылып жатқан сынға қатысты да пікір білдірді.
– Facebook деген жазасы жоқ алаң болды ғой, әркім ойына келгенді жаза береді. Көкпарға біздің ересектер құрамасы барған жоқ. Алдыңғы жылы ересектер құрамасы барған кезде біздің көкпаршылар екінші орын алып қалған. Сондықтан жалпы көкпаршылармен, осы саладағы мамандармен кеңесіп, бұл Азия немесе Әлем чемпионаты емес, бар болғаны фестиваль ғой деп, бұл додаға жастарды салдық. Жастар да додаға түсіп, сол сыннан өтуі керек. Мақсатымыз орындалды. Барды, ойнады, өте жақсы дәрежеде өнер көрсетті деп ойлаймын. Осы жерде бір-ақ адамның айтқанын мойындаймын, иә, ащы жазды, ол – Серік Абас-Шах, өйткені ол көкпардың ойынын келіп көрді. Келіп көрген соң қате айтса да құқы бар, дейді қауымдастық президенті.
Бекболат Тілеухан айтып отырған Серік Абас-Шахтың әлеуметтік желідегі көлдей жазбасының қысқаша мазмұны былай еді:
«Сөзден қақалмайтын дүлділ шешен болсаңыз да шулы тақырыпқа қатысы жоқ адамдай үнсіз отыруды жөн көрдіңіз ау деймін, Беке. Жақсы түсінемін сізді. «Ит үре береді, керуен көше береді». Оның үстіне, спорттың аты спорт. Бірде олай, бірде бұлай. Бірақ мәселе жеңілісте ғана болып тұрған жоқ қой, Беке. Ішіңіз сезіп тұрған шығар оны?
Соңғы екі жыл ішінде жігіттігіңізге, қайрат­кер­леріңізге, азаматтығыңызға қаншама рет сынақ туды. Соның бәрінен абыроймен өттім деп ойламайтын да шығарсыз?
Әлгі автобус ішінде түсірілген атышулы бейнекөріністен кейін қалай шыдап отырғаныңызды (жатқаныңызды) білмеймін. Кіретін тесік болса кірсеңізші. Да сколько можно?! Ұят қой енді… Болмаса страус құсап басыңызды құмға тығыңыз. Бірақ қашанғы тығасыз? Ерте ме, кеш пе, бәрібір көтересің бас құрғырды. «Ауруын жасырған өледі» дейді. Масқара болғанымызды мойындайық. Сақал сипалап отыра бергенен ештеңе өзгермейді. Жіберген кемшілікті айтыңыз. Істей алмағаныңызды айтыңыз (ішіңізден). Ананы-мынаны сылтаурата бермей Ельцин құсап еркек тірлік жасаңызшы (үлгі болсын басқаларға). Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының тізгінін қолынан іс келетін (жігерлі, намысты, «екіаяқты») жігіттердің біреуіне тапсырыңыз (тек Дима Медведевті президентсымақ қылған Вова Путин сияқты болмай ақ қойыңыз. Күлкілі)».
Мәселе әлі де түсініксіз. Белгілі журналист айтып отырған автобус ішінде түсірілген бейнекөрініске сенсек, қазақ көкпаршылары финалда қырғыздарға қарсылас атанбау үшін өзбектерге әдейі жеңілген. Финалға шықса қамшының астына қалып, сабалуы әбден мүмкін екен. Өйткені былтыр ЭКСПО көрмесі аясында өткен додада біздің спортшылардың қамшысына сабалып кеткен қырғыздар, өшімізді көшпенділер ойынында аламыз деп уәде беріп кетіпті. Осыдан қорыққан қазақ көкпаршыларының финалға шығуға жүректері дауаламаған. Бұл қырғыз тараптың айтуы.
Ал біздің көкпаршылар жеңіліс себебін дайындықтың жоқтығынан, ақшаның бөлінбегенінен көруде. Жауапты орган – ұлттық спорт қауымдастығының жауабын жоғарыда келтірдік. Үлкен додаларға бой үйретіп, тәжірибе жинау үшін жарысқа жастар барған. Бұғанасы қатпағандықтан, тәжірибенің аздығынан әбден ысылған сақа қарсыластарына жол берген.
Мәселенің мән-жайын білу қиын. Өкініштісі ұлттық спортта да шикіліктің «иісі» шығып тұр. Оның анық-қанығын уақыт еншісіне қалдыралық. Бірақ біз назарды басқаға – осы даудың айналасындағы кейбір әңгімелерге аударғымыз келеді.
Көкпар дауында Бекболат Тілеухан айт­пақ­шы «үзеңгі мен құйысқанды, тай мен жабағыны айыра алмайтындар» да сөз­ден сойылды соқты келіп. Әлеуметтік желі қолданушыларының бір тобы құрғақ сөз, бос айқайдан аса алмады. Олардың әңгіме­сінен жалған намысшылдық анық аңғарылып тұрды. Пікірімізді «есек мінген өзбектерден жеңіліп қалдық» деген сарындағы эмоцияға толы жазбалар нықтай түсті. Олардың айтқандарынан жанбағыс қамымен құрылыста жүрген өзбек халқынан біз әлдеқайда алдамыз, биікпіз дегенге саятын менсінбеушілікті байқадық. Бұны жуырда өткен жазғы Азия ойындарында да байқағанбыз. Медаль жиынтығы жөнінен өзбектер бізден озып кетті деп «санын сабалағандар» көп болды.
Сонда өзбек кімнен кем? Өзбек ешкімнен кем емес. Соңғы жылдары еңбек пен табандылықтың арқасында өзбектер спортта талайды шаң қаптырып келеді. Азия ойындарында үміт күткен боксшыларымыздың жолын қиған да осы өзбек елінің спортшылары. Сол ойындарда өзбектер арасынан 9 бозкілемші чемпион шықты. Айымыз оңынан туып тұрған ауыр атлетикада да өзбек спортшылар жақын келешекте жасындай жарқылдаса таңғалмаймыз. Байқауымызша олардың нәтижелерінде тұрақтылық бар. Демек, өзбек спорты біртіндеп бірақ сенімді түрде дамып келеді.
Бүгінде Өзбекстан – 32 млн халқы өзінің ана тілінде ғана сөйлейтін, ұлттық мемлекетке қарай ұмтылған, орнықты даму жолына түскен мемлекет. Ұлттық дейтініміз жеңіс тұғырында тұрған спортшылардың арасынан бірде-бір легионерді көрмейсің. Өйткені өзіндік спорт мектептерінің жұмысы жақсы жолға қойылған. Сабақтастық дамыған. Бүгінгі спортшылар егде тартқанда орнын басар жастар даяр тұр. Біздегідей сырттан келген спортшыға азаматтық әперіп, қолдан чемпион жасамайды. Ондай чемпиондар допингпен ұсталып, елді масқаралағаны әлі есте.
Ақыры айтқан екенбіз Өзбекстанда спорттың ғана емес, өзге салалардың да даңғыл жолға түсіп келе жатқанын атап кеткен жөн болар. Салыстыру үшін айтайық, жуырда Алматы әкімі президентке Тимирязев көшесіндегі қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақты таныстырды. Жеңіл рельсті трамвайдың іске қосылуы, метроның жаңа стансаларының пайдалануға берілуі жуырдағы 3-4 жылдың әңгімесі екенін де мәлім етті. Ал осы оқиғамен қатар ақпарат айдынында «Өзбекстан Ташкент, Самарқан қалаларында аспалы поездар жүргізеді» деген жаңалық тарады. Сондай-ақ бес жылдан бері аталған қалалар арасында күн сайын жоғары жылдамдықты электропоездардың жүйіткіп жатқанын да біле жүргейсіздер. Сонда кім алда, кім артты?
Әрине, мемлекеттерді бір-екі көрсеткішпен салыстыру дұрыс емес. Бірақ қоғамның барлық саласын жайлаған жемқорлық, шикізат өндірісіне байланған экономиканың дағдарысты жағдайы елді қайда апарып соғары белгісіз. Бұлай жалғаса берсе «өз ағамнан» әлі талай жерде қаларымыз анық.
Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«P&H»

Жауап қалдыру