Головкин 37-ші жеңісіне қол жеткізді

0
34

Өткен жексенбіде қазақ­стан­дық боксшы Геннадий Головкин Нью-Йорктегі атақты Madison Square Garden аренасында АҚШ боксшысы Дэниель Джейкобспен өткен 12 раундтық тартысты кездесуде жеңіске жетті.
Жарты жылдай шаршы алаңға шықпаған жерлесімізді жанкүйерлер сағынып қалған екен. Оны аренаға жиылған жұрт­тың ыстық ықыласы анық байқатты. Кездесуді көруге келген 20 мыңнан астам адам­ның басым көпшілігі Нью-Йоркте дүниеге келген Джейкобстан гөрі біздің отандасымызға ерекше қолдау білдірді. Олардың құлақ тындырарлық шуынан Дэниель емес, Головкин өз үйінде рингқа шыққандай әсер қалдырды.
Кездесудің алғашқы раунд­тарынан-ақ отандасымыз бірінші номермен өнер көрсетіп, алға ұмтылды. Джейкобс өз кезегінде сауатты қорғанып, қарымта соққыларға иек артты. Головкиннің сәл басымдығымен уақыт сырғи берді. Жерлесіміз­ден нокауд күткен жанкүйерлер тілегі 4-раундта орындала жаздады. Отандасымыз кезекті шабуыл­дарының бірінде сол қолмен қарсыласын алдаусыратып тұрып, оң қолымен құлаштай ұрғанда бруклиндік боксшы бірер сәтке есін жоғал­тып, шаршы алаңда отырып қалды. Дегенмен, бірден есін жиып, Головкиннің үсті-үстіне жұмсаған соққыларын өзіне дарытпай, орайы келгенде өзі де әлсін-әлсін сәтті шабуылдар ұйымдастырды. Джейкобстың физикалық, психологиялық даяр­лығы, қарсыласынан қо­рық­пай, лайықты жұдырық­тасуы жанкүйерлерді тәнті етті. Жойқын соққыны көтере алмайтынын өзі де осыдан 7 жыл бұрынғы алғашқы жеңілісінен кейін жақсы түйген оның Головкинмен қашықтан бокстасуды ұйғарғаны анық байқалды. Оған бойшаңдығы мен қолының ұзын­дығының арқасында мүм­кіндік алды. Тіпті кейбір раундтарда ұпай саны бойынша алға да шықты. Бірақ жерлесіміз уысында тұрған жеңісті жіберген жоқ. 12 раундқа созылған кездесу аяқталғанда үш қазы да бір ауыздан жеңісті Головкинге берді.
Өзінің аса қиын кездесу­лерінің бірін өткізген Головкин, жекпе-жектен кейінгі сұқбатта қарсыласын жоғары бағалай отырып, есе қайтаруға мүмкіндік беретінін айтты. Джейкобс болса, өзінің жеңгенін айтқанымен, қазылар шешімімен дауласпайтынын да тілге тиек етті.
Сонымен 37-кездесуіндегі жеңіс үшін жерлесіміз 2,5 млн доллар алса, Джейкобс кәсіпқой бокстағы 32 жекпе-жегінде өзі үшін рекордтық сома 1,75 млн долларға ие болды. Бұл ақылы телевизиялық таратымның есебінен өсе түсуі де мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, жекпе-жектен кейін Геннадий келесі кездесуін Қазақстанда 17-маусымда өткізетіні, әзірге қарсыласының анықталмағаны хабарланды.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру