GGG-дың алғашқы тең ойыны

0
35

Өткен жексенбіде таң азаннан қазақ­стандықтардың барлығы дерлік теледидарға телмірді. Өйткені атағы алты құрлыққа танылған отандасымыз Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) кәсіпқой бокстағы ең маңызды әрі аса қиын кездесуін өткізді. Оның бұл жолғы қарсыласы мексикалық Сауль «Канело» Альварес (49-1-2, 34 КО) болды. Орта салмақтың мықтысы анықталуға тиіс жекпе-жек 12 раундқа созылып, қазылар тең ойын тіркеді. Осылайша жерлесіміз кәсіпқой бокс мәнсабында кездесуді алғаш рет  тең нәтижемен аяқтады.
АҚШ-тағы құмар ойынның отаны, шоу, сауық-сайран біткеннің ошағы саналатын Лас-Вегаста өткен жекпе-жек көрген жанның айызын қандырды. Бокссүйер қауым мұндай кездесулерге сусап қалған екен. Оған себеп те жоқ емес. Кәсіпқой бокс соңғы жылдары әсіре коммерцияланып, беделі түсе бастаған. Жеңісті қолдан жұлып алу, әділетсіз төрелік спорттың сәнін де, мәнін де қашырды. Қазылар артында қалталы адамдар тұрған танымалдылығы жоғары, көп көрермен жинап жүрген боксшыға бүйрегі бұрады да тұрады. Бұндай жағдай GGG мен Канело жекпе-жегінде орын алуы бек мүмкін екендігін сарапшылар алдын ала айтты. Мексикалықты Лас-Вегаста жеңу мүмкін еместігін, жеңсе тек нокдаунмен ғана жеңу мүмкін екендігін тілге тиек еткендер көп болды. Осы айтылған ой шындыққа жанасатындай.
Жекпе-жекте боксшылардың бірі сұлап түсіп, болмаса рингтің бесінші бұрышын іздеп кетпегеніне қарамастан басымдық Головкин жағында болды. Өйткені ол үнемі шабуылдап, бірінші номерде жұмыс жасады. Иә, «Канело қанша мықты болғанымен, Головкиннің жой­қын соққыларына төтеп бере алмайды» дегендер мексикалықтың шеберлігіне таңдай қаққаны рас. Дегенмен де жерлесіміздің физикалық тұрғыда әбден дайындалып, жараған аттай болып келгенін барлығы көрді. Әдетінше шегінуді білмейтін Геннадий тек алға ұмтылды. Соңғы раундтарда Сауль ашық шабуыл жасады. Осылайша темір гүрзідей ауыр соққылар алма-кезек ауысып, кездесу де аяқталды. Елдің бәрі демін ішіне тартып, ринг-анонсердің төрешілер шешімін жариялауын күтті. Бір төреші жеңісті Канелоға (118-110), екіншісі Головкинге (115-113) берсе, үшіншісі тең (114-114) ойын тіркеді. Сөйтіп, жерлесіміз алғаш рет шаршы алаңнан тең ойынмен шықты, Канело екінші мәрте тең нәтижеге қол жеткізді.
Жекпе-жек аяқталысымен айқасты көрген кәсіпқой боксшылардың дені төреліктің әділетсіздігіне наразылықтарын білдірді. Тіпті Невада штатының спорт комиссиясының басшысы Боб Беннеттің өзі кездесуге төрелік еткен үш төрешінің бірі Аделейд Бердт атты әйел қазының тым әсірелеп жібергенін (118-110) мойындады. Енді ол үлкен жекпе-жектерге қазылық етуден шеттетілуі мүмкін.
Кездесуден кейін жарияланған соққылар статистикасы да Геннадийдің  әлдеқайда көп әрі дәл соққылар жұмсағанын көрсетті. Және де айқас өткен 16 қыркүйек Мексиканың басты мерекелерінің бірі – Тәуелсіздік күнімен сәйкес келіпті. Бұған қатысты «бүтіндей бір мемлекеттің бас спортшысы дәл осы күні жеңілуі мүмкін емес», – дейді мамандар. Қисынға келеді.
Бастысы, отандасымыз же­ңіл­ген жоқ. Өзінің барлық чем­пиондық атақтарын сақтап қалды. Біз үшін бұл жеңіске бергісіз тең жекпе-жек.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру