Қазақ күресінің бағындырған кезекті белесі

0
60

Бразилия десе футбол  еске түседі. XX ғасырдың үздік аяқдоп шебері, футбол королі Пелені дүниеге әкелген Бразилия футболдан ғана емес, өзге спорт түрлерінен де әлемдегі көшбасшы мемлекеттердің бірі. Бұл орайда күрес пен бидің синтезі – капоэйраны, бразилиялық джиу-джитсуды, ММА-де толағай табыстарға ие Грэйси әулетінің жетістіктерін айтсақ та жетіп қалар. Жекпе-жек өнеріне қызығушылығы ерекше бразилиялықтардың біздің қазақ күресінен де құралақан еместігіне жуырда өткен Панамерикалық біріншілікте көз жеткіздік.                                        Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы мен UWW Біріккен күрес Одағы бірлесіп Бразилияның Сан-Паулу мен Рио-де-Жанейро қалаларында  төл күресімізден ересектер арасында 80 келі және одан жоғары салмақ дәрежелерінде өткізген Панамерикалық чемпионат ерекше есте қалатын оқиға болды. Бұл қазақ күресінің тағы бір үлкен асуды бағындыруы.                                                                                                            Бұл жарыс ата күресімізден Пеле отанынында өткен екінші дода. 2012 жылы Сан-Паулу қаласында тұңғыш рет жасөспірімдер арасында І әлем чемпионаты ұйымдастырылған болатын. Міне, араға 5 жыл салып төл күресіміз 8 мемлекеттің (Бразилия, Чили, Мексика, Перу, Уругвай, Парагвай, Аргентина және Колумбия) кіл мықтыларының басын қосып, қызуқанды бразилиялықтардың ризашылығына бөленді. Панамерика елдері ұлттық күресімізге ерекше сүйіспеншілікпен қарапты. Жарысты қызыға тамашалаған  олар  көпшілігі  қазақ күресінің болашағы зор екендігін айтып, олимпиада ойындарының бағдарламасынан лайықты орнын алатын тамаша жекпе-жек түрі екендігін жеткізіпті.                                                                                      Жарыс басталмастан бұрын қатысушы төрешілерге қазақ күресінің ережелері мен тарихын таныстырған семинар-кеңес өткізілді. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті, профессор, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Серік Түкеев, қазақ күресінің күртешесін киіп, шетелдіктерге қазақ күресінің әдіс-айлаларын көрсетті. Сондай-ақ қазақ күресінен Дүниежүзілік федерацияның бас хатшысы Нұрлыбек Ермағанбетов та өз біліктілігін паш етіп, төл күресіміздің басты ерекшеліктерін төрешілерге  кең көлемде насихаттап, оқу-жаттығу жұмыстарын өткізді. Осылайша ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиетті өнерімізді әлемде кеңінен дамытып, олимпиада ойындарының бағдарламасына қосу мақсаты біртіндеп, осындай біріншіліктер арқылы жүзеге асып келеді.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

Жауап қалдыру