«Арманыңа жақында» футбол чемпионаты басталды

0
70

19 маусымда Қазақстанның 9 балалар үйінің мықты командалары жыл сайын өткізілетін «Арманыңа жақында» футбол чемпионатының Жеңімпаз кубогын иелену үшін Алматыға келді. Кубокпен қатар, жеңімпаз команда Франция астанасы Парижде «Парк де Пренс» стадионында «Пари Сен-Жермен» командасымен көзбе-көз танысу мүмкіндігіне ие болады.

Жоба жетекшісі Айнұр Салімбаеваның айтуынша футбол бәсекесіне жыл сайын жетім немесе ата-анасының қамқорлығынан айырылған 300-ге жуық бала қатысады. Бұл балалар мен жасөспірімдер арасында футболдың тек үлкен қалаларда ғана емес, еліміздің барлық аймақтарында дамуына себеп болары анық.

Футболда шекара болмауы тиіс! Бұны 6 жыл қатарынан армандары орындалып келе жатқан турнир қатысушылары дәлелдеп келеді. Әлемдік футбол клубтарының ойыншыларымен кездесу «Арманыңа жақында» чемпионатының жеңімпаздары үшін қазіргі таңда үлкен мүмкіндік болып отыр. 6 жыл уақыттың ішінде 11 мен 15 жас аралығындағы 2000-ға жуық қатысушы спорт әлеміне бір қадам жақындаса, олардың 56-сының армандары шындыққа айналып, өздерінің кумирлері «Барселона», «Милан», «Челси», Бавария», «Атлетико Мадрид» сынды клубтармен кездесуге қол жеткізді, – деді жоба жетекшісі.

Шара барысында «Қайрат» футбол клубының ойыншысы Елдос Ахметов чемпионатқа қонақ болып, жас спортшыларға қолдау көрсетті.

Сіздердің осы алаңда тұрғандарыңыздың өзі еліміздің үздік командаларының қатарында екендіктеріңіздің дәлелі. Талпыныстарыңыз міндетті түрде өз жемісін әкеледі. Бастысы  өз күштеріңізге сеніп, футбол командалық ойын екендігін ұмытпай, әрдайым біріге ойнаңыздар, – деп тілегін білдірді ол.

27 сәуір мен 29 мамыр аралығында өткен республикалық іріктеу ойындарында биыл 10 аймақтан 21 команда бақ сынап, 9 команда финалдық кезеңге жолдама алды. Миллиондардың сүйікті ойынында еліміздің балалар үйінің 300-ге жуық тәрбиеленуші 2 айда өздерінің шеберліктерін, жеңіске деген ұмтылыстарын көрсетті.

Финалға шыққан командалар сапында №1 Алматы облыстық балалар үйінің «Барыс» командасы, Қызылорда облыстық Отбасы үлгісіндегі балалар ауылынан келген «Атамекен», Алға балалар үйінің «АДД», Қарағанды облыстық балалар үйінің  «Таншолпан», Қарағанды облысы Литвин мектеп-интернатынан келген «Факел», Қостанай облысы Рудный балалар үйінің «Беркут», Павлодар облысы Кенжекөл ауылының отбасы үлгісіндегі балалар ауылынан «Кенжеколь», Семейдегі №8 балалар үйінің «Семей», Ақмола облысы Ақкөл қаласы № 1 балалар үйінің «Арыстан» командалары бар.

«Армаңына жақында» чемпионатының 2017 жылғы жеңімпаздары қарағандылық «Таңшолпанның» ойыншысы Егор Конавалов 4 жыл қатарынан чемпионат қатысып келеді. Оның айтуынша, футбол оған жеңіс және кумирлерімен кездесу мүмкіндігімен қатар, өзіне деген сенімділік сыйлады.

Біз екі рет чемпион атандық, қазір де кубокты Қарағандыға алып кетуді жоспарлап отырмыз. Әрине, турнирге тек мықты қоманда қатысатындықтан тартыс қиын болмақ. Дегенмен біз жақсы ойын көрсететінімізге сенімдімін, – дейді жас футболшы.

Сонымен қатар «Цеснабанк» АҚ Алматы қаласы филиалының директоры жас спортшыларға қолдау білдіріп, үлкендердің басты міндеті өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсету екендігін айтты.

Нұр Отан партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы Жұлдыз Омарбекова 6 жылдың ішінде жобаның тек дәстүр ғана емес, әр баланың кәсіби спортқа деген армандарына айналғандын атап өтті.

– Бұл жоба шынымен халықтық сипатқа ие болды. Бұнда еріктілермен қатар кәсіби ойыншыларды есепке ала отыра көптеген адам атсалысады, – деді ол.

Ұйымдастырушылар «Baurzhan Foundation» жеке қоры, «Цеснабанк» АҚ, Қазақстанның футбол федерациясы және «Нұр Отан»партиясының басты мақсаты ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға дарындарын шыңдауға, алдағы уақытқа мақсат қоюға көмек бере отырып, қазақстандық футболдың дамуына үлес қосу.

Алдыңғы қатарлы футбол клубтарымен кездесу балалардың өміріндегі үлкен табыстарға жетелейтін ұмытылмас сәтке айналары сөзсіз.

                                                                                                         Балжан ТҰРСЫН.                                                                                                       Суреттерді түсірген                                                                                                                Павел Михеев

 

Жауап қалдыру