Армандарды орындайтын доп додасы өтпек

0
78

 19-22 маусым күндері Алматыдағы «Хан-Тенгри» стадионында «Baurzhan Foundation» қоры, «Нұр Отан» партиясы, Қазақстанның футбол федерациясы, ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ұйымдастыруымен Балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында футболдан «Арманыңа жақында» жарысы өтпек.

Доп додасында Қазақстанның 8 өңірінен келген 9 команда Жеңімпаз кубогы үшін таласқа түседі. Жеңімпаз команда кубокпен қатар Франция астанасы Париждегі «Парк де Пренс» стадионында «Пари Сен-Жермен» командасымен көзбе-көз танысу мүмкіндігіне ие болады. Ол үшін арнайы жолдама ойнатылмақ.

Аталмыш шараның арқасында балалар үйінің тәрбиеленушілеріне осымен 6 жыл қатарынан әлемдік үздік футбол клубтарымен кездесіп, танысу мүмкіндігі бұйырып отыр. Бұған дейін 56 бала Еуропаның «Барселона», «Милан», «Бавария»,«Атлетико Мадрид», «Челси» футбол клубтарының Месси, Робен, Хави, Роналдо сынды үздік футболшыларымен жеке кездесіп, танысқан болатын.

«Арманыңа жақында» жарысы – балаларға өздерін шыңдауға, сонымен қатар командалық рухты қалыптастыруға керемет мүмкіндік. Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға дарындарын шыңдауға, алдағы уақытқа мақсат қоюға көмек бере отырып, қазақстандық футболдың дамуына үлес қосу.

Айнура САЛИМБАЕВА

Жауап қалдыру