Қанаттың жиырма бесінші жеңісі

0
25

9 қыркүйек күні Астанада өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде отандасымыз Қанат Ислам (25-0, 20-КО) канадалық Брэндон Кукты (19-1, 11КО) жеңіп, қазақ елінің абыройын аспандатты. Бұл кеште шаршы алаңға көтерілген өзге отандастарымыз да жеңіс тойын тойлады.
ЭКСПО көрмесі аясында ұйымдастырылған кездесу аса тартысты өтті. Бірінші раудтан басталған ашық айқас қос боксшының да жеңілуді жөн көрмегенін анық аңғартты. Өйткені екі боксшы да бұл күнге дейін жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген-ді.
Қанат алғашқы минуттардан қарсыласына қысым жасап, бірінші номермен өнер көрсетті. Бүйірден ұрғылап, тік соққыларын сәтті дарытты. Қарсыласы да қарап қалмай, орайы келгенде шойын соққыларын дәл тигізуге тырысты. Екінші раунд та осы қарқынмен өрбіді. Кездесудің үшінші раундында жерлесіміздің ауыр соққыларынан Кук есеңгіреп, зорға есін жиса, рауд соңына таман алғашқы нокдаунға түсті. Гонг үні болмаса, жекпе-жек уақытынан бұрын аяқтауы әбден мүмкін еді.
Кәсіпқой боксшылардың әлсізі болмайды. Дегенмен канадалық боксшының техникалық даярлығы жоғары бағаға лайық. Кездесу өткен велотректегі психологиялық қысым, өзге елде алғаш жұдырықтасуы жігерін жасыта қоймады. Сондықтан да болар, 5-раундта алған нокдауннан есін тез жиды. Тіптен, 6-раундта ширақ қимылдап, әлі де жеңістен үмітті екендігін айқын көрсетті. Алайда, осыған дейін рейтингте Қанаттан жоғары тұрған Кук отандасымызды састыра алмады. Керісінше, Қанат шабуылын үдетіп, 8-раундта қарсыласын екі мәрте нокдаунға түсірді. Гонг болмаса, кездесу тағдыры осы раундта-ақ шешілер еді. Сәл тыныстап алған бокс­шылар 9-раунд басталысымен жан-алыс, жан-беріс ұрысқа кірісті. Барлық көрермен күткен Қанаттың жеңісі осы үшминуттықта орын алды. Жерлесіміздің серия­лық соққыларына Кук­тың қарсылық көрсетуге қауқары қалмай, шаршы алаңда тең­селіп жүргендіктен, төреші жекпе-жекті тоқтатуға шешім қабылдады.
Осылайша Қанат Ислам кәсіпқой бокстағы 25-жеңісіне қол жеткізіп, рейтингін біршама жақсартып алды. Қазақ баласы осы қарқынынан қайт­паса, әлем чемпионы  атағына таласатын күн де алыс емес.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру